Шалқар аудандық партиялық бақылау комиссиясы дәрі-дәрмек тапшылығын жою және медициналық препараттардың құнын негізсіз өсіруге жол бермеу мақсатында 2 дәріханаға бақылау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, дәрілерге сұраныс азайғанына көз жеткізді.
Шалқар қаласындағы №9 дәріханада ацикловир-акос, ампицилин дәрілері шектік бағадан төмен бағамен сатылуда, ал цефтазидим, циклоферон дәрілеріне сұраныс жоқ. Дәріхана меңгерушісі Ғалия Мукбайдың айтуынша, дәрілердің барлығы Ақтөбе қаласындағы «Ақниет», «Зерде», «Аманат» қоймасынан алынады. Дәріхана бағаны негізсіз көтермеу туралы аудандық кәсіпкерлік бөлімімен екі жақты меморандум жасасқан.
– Дәрі-дәрмектерді уақытында жеткізуге ешқандай кедергі жоқ, тасымал ретінде теміржол көлігін пайдаланамыз. Бағасы сатып алуымызға байланысты қойылады, дегенмен шекті мөлшерден асырмаймыз. Қазіргі кезде медициналық қолғап, бетперде мен антисептиктің 1 айға жететін қоры бар, – деді ол.
–Дәрілердің бағасына көңілім толады, бәрі қолжетімді. Осыдан екі-үш апта бұрын табылмаған дәрілер қазір сөрелерде толып тұр. Дәріге байланысты еш шағымым жоқ, – дейді зейнеткер.Рейд барысында аудандық партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Әлия Әбдіғапарова тұрғындарды ауруды өз бетінше емдеймін деп, жалған жарнамаларға алданып қалмауға шақырды. Дәрілерді тек медицина қызметкерінің рецепті бойынша дәріханалардан алуға кеңес берді. Карантин режимі мен санитарлық-эпидемиялық талаптардың қатаң сақталуын қадағалау партияның аудандық филиалының тікелей бақылауында болып, мониторинг жүргізу жұмыстары жалғаса бермек.