Химиялық сұйықтық ішіп қойған үш жасар бала сегізінші тамыз күні ауыр халде Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жедел жәрдеммен жеткізілген. Марганцовка ішіп қойған бүлдіршіннің ауыз қуысы толықтай күйіп қалыпты. Химиялық күйік шалған баланың өмірін аман алып қалу үшін дәрігерлер шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызып, реанимациялық көмек көрсеткен. Анасының айтуынша, балақай үйде ойнап жүріп бір құтыдағы марганцовканы ішіп қойған. Дәрігерлер улы сұйықтық ішіп қойған бала ауыр дәрежедегі токсикалық әсер алғанын айтады. Жансақтау бөлімінде көрсетілген үздіксіз емнің арқасында бүлдіршіннің денсаулық жағдайы жақсарып, палатаға ауыстырылды. Қазір үш жасар бала токсикалогиялық бөлімде ем алуда. Мамандар он жыл бұрын ішкі құрылысы күйген балалардың 80 пайызын өлім аузынан аман алып қалу қиынның қиыны еді дейді. Бүгінде медицинаның қарыштап дамуына байланысты ондай жағдайға тап болған бүлдіршіндердің өмірін сақтау қалуға мүмкіндік бар. Десе де бұл ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін төмендетпеуі тиіс дейді мамандар.