«Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында «Жастарды қолдау» бағыты бойынша басқосу өтті. Мәжіліс депутаты, партиялық куратор Генадий Шиповских жетекшілік еткен жиында пандемия кезеңіндегі волонтерлік қызмет пен «Jas Otan» Жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы талқыланды. Өз кезегінде «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев жасотандық волонтерлердің атқарған жұмысы туралы баяндады. – Пандемия кезінде BizBirgemiz акциясына 5 мыңнан астам волонтерлер мен мейірімді қазақстандықтар қатысып, 250 мың мұқтаж жандарға азық-түлік себетін және гигиеналық құралдарды және 5 миллионға жуық медициналық маска үлестірді. Сонымен қатар ТЖ режимі уақытында 3 мыңға тарта зейнеткерлер күнделікті ыстық тағаммен қамтамасыз етілді. Бұдан басқа, дәрігерлерді қолдау мақсатында «Дәрігерлерге мың алғыс» республикалық акциясы ұйымдастырылды, – деген «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы жалпы осынау іс-шара кезінде 6 900-ден астам медицина қызметкерлері мен 100-ден астам аурухана қамтылғанын тілге тиек етті. Отырысқа қатысушылар волонтерлік қызмет туралы заң жобасының кейбір кемшін тұстарын талқылап, бірқатар өзекті мәселелер бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды. Сондай-ақ кездесуде «Жастар – Отанға!» бағдарламасының жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Аталмыш бағдарлама жобасында әр қазақстандық жастың өміріне қатысты жұмыспен қамту, қолжетімді баспана, сапалы білім, азаматтық белсенділік және тұлғалық даму сынды негізгі мәселелер көрініс тапты. – Бағдарламаны іске асыру мақсатында қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін шаралар кешені мен нақты индикаторлары бар өңірлік жол карталары қабылданады. Сондай-ақ, бағдарламаны іске асыру мақсатында партияның жас өкілдерін Парламент Мәжілісінде және барлық деңгейдегі мәслихаттарда нақты тетіктермен қамтамасыз ету үшін жастарға бөлінген 20% квота негізінде партияішілік праймеризде іріктеу арқылы белсенді және талантты жас қазақстандықтардың пулы құрылады, – деді Елнұр Бейсенбаев. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов «Волонтер жылы» және короновирус пандемиясы кезіндегі волонтерлік жобаларды іске асыру мен қаражатты пайдаланудың артықшылығы туралы баяндама жасап, жастар тарапынан айтылған сын-ескертпелерді назарға алатынын айтты.
Әбілмансұр ЖАСАН