Жемқорларды жазалау үкіміне көңіліңіз тола ма?
Жемқорларды жазалау үкіміне көңіліңіз тола ма?
Елімізде сыбайлас жемқорлық қылмысының әрбір екіншісі − пара алу екені белгілі. Заңсыз сыйақы алған шенеуніктердің саны жыл сайын артпаса кеміген емес. Жемқор инфографика 350 қап тезек үшін 6 202 500 теңге айыппұл ҚР Қылмыстық кодексінде пара алу ісіне байланысты пара алу (366-бап) және пара беру (367-бап) баптары бар. Тағылған айыптың ауыр я болмаса жеңілдігіне байланысты мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырады. Сонымен қатар, параның белгілі бір мөлшерінде айыппұл салуға немесе белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары қолданылады. Кезінде М.Əуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының бұрынғы директоры Ерлан Біләл мемлекеттік сатып алуды орындау барысында 1000000 (бір миллион) теңге пара алып ұсталды. Мемлекеттік айыптаушы Ерлан Біләлге жаза ретінде 90 миллион теңге өндіруді сұрады. Соңында сот 52 500 000 теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарады. Антикоррупция қызметі Қарағанды облысындағы аудан әкімінің орынбасарын әшкереледі. Ведомстводағылар экс-шенеуніктің 200 мың теңге пара алғанын анықтады. Осылайша, ол кінәлі деп танылып, 6 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. «Қазақстан инжиниринг» басқарма төрағасының экс-орынбасары Қанат Сұлтанбеков 2017 жылдың желтоқсанында 1 миллиард теңгеден аса қаражат көлемінде пара алу ісінде айыпты деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Сондай-ақ, Сұлтанбековке өмір бойына мемлекеттік қызметке тұруға тыйым салынған. Судья Баязид Дәрібаев Сұлтанбековті «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс жасағаны да есте. Алайда, 2 ай өткенде, яғни 2018 жылдың ақпанында Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы сотталушының апелляциялық шағымын қарап, оның 10 жыл жазасын 2 миллиард теңгеден аса айыппұлға ауыстыруға шешім қабылдаған. 2017 жылы Семей қаласы білім бөлімі басшысының бұрынғы орынбасары Сара Елеусізова сиыр етін аламын деп, миллиондаған айыппұл арқалап кеткені есімізде. 2017 жылы Атырау облысы Ақсай ауылының әкімі жер учаскесін алғысы келген жеке кәсіпкерден 350 қап тезек сұратқан. Бұл пара құны 206 750 теңгеге бағаланған. Соңында экс-әкім «Пара алу» бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 6 202 500 теңге айыппұл салынған. Жемқор инфографика Түрмеде отырған адам мемлекетке ешқандай пайда әкелмейді Осындай мысалдарды тізбектей беруге болады. Осы ретте, жасаған қылмысы мен жазасы бір болғанымен шыққан үкімнің біріне аз мөлшерде, біріне көп мөлшерде болу себебін сот ісі сарапшысынан сұрап көрдік. «Шыққан үкімдердің әртүрлі болуы қылмыстың қаншалықты дәлелденгеніне байланысты. Сот барлық дәлелдерді назарға алады. Кейбір істерде айыптаушы жақтан дәлелдер жеткіліксіз болып жатады. Тергеу кезінде бастапқы ұсталған бап бойынша емес дәлелдер негізінде жазаның жеңілдетілген түрі қарастырылуы мүмкін. Яғни, қылмыстық іс переквалификациядан өтеді. Бұл жерде ескеретін бірнеше мәселе бар. Мысалы, пара алып ұсталған жағдайда 10 емес емес, 2 есе көлемінде айыппұл төлеген жағдайда адвокат пен айыптаушы тарап арасында заңды мәміле орнауы мүмкін. Яғни, екі тарап белгілі бір нормаға келіседі. Көп жағдайда қылмыстық іс қайта қаралған кезде соңғы қабылданар шешім, бастапқыға қарағанда анағұрлым жеңілдейтінін байқауға болады. Ал жемқорлық фактісімен ұсталып, алған параны еселеп төлеу арқылы айыпталушыны босату заң аясында қарастырылған. Яғни белгілі бір соманы төлеу арқылы жазадан босатылады. Бірақ айып тағылған күйі қалады. Жазаның бұндай баламалы түрі өзге елдерде де қолданыста бар. Меніңше, бұл тиімді. Неге десеңіз, түрмеде отырған адам мемлекетке ешқандай пайда әкелмейді. Ескеретіні, елімізде екінші рет парамен ұсталып, ақша төлеп құтылып кете алмайды. Алған ақшасын бірнеше мәрте еселеп қайтарумен қоса, түрмеде жазасын өтейтін болады», − деді сарапшы Дмитрий Котляр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің былтырғы жылғы есебінде жемқорлық фактілері мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және жер учаскелерін беру кезінде лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және бюджет қаражатын ұрлау, сондай-ақ заңсыз шешімдер қабылдау жергілікті атқарушы органдарда жиі орын алатыны анықталып отыр. Квазимемлекеттік секторда да сыбайлас жемқорлық фактілері жиі көрініс алады. Былтыр 324 қылмыс анықталып, 106 адам сотталған. Мемлекеттік органдардың кәсіпкерлікке заңсыз араласуы бойынша сыбайлас жемқорлықтың 358 фактісі анықталып, 400 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Жемқор инфографика Сыбайлас жемқорлық үшін жаза тағайындау практикасы қандай? Бақытжан Есенов - жемқор қарсы Нұр-Cұлтан қаласы №2 Есіл аудындық сотының төрағасы Бақытжан Есеновтың айтуынша, заңда көзделген жазаның түрі мен мөлшері көбіне әділ болып көрінбеуі мүмкін. Бұған әсер ететін фактордың бірі мемлекет дамуынан қоғамның құқық бұзушылыққа деген көзқарасының өзгеруі, тіпті кезінде қылмыстық заңда құқық бұзушылық әрекеттерінің қазіргі кезде күшін жоюын (декриминализация) мысалға алуға болады. «Көбіне жаза тағайындау кезінде туындайтын сұрақтың бірі, егер Құқықтық Кодекстің тиісті бабының санкциясында, айталық, 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда судья оған осы бапта көзделген жаза мөлшерінен де төмен 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады делік. Бұл жерде судья тарапынан әділетсіздік туындады ма? ҚК-тің тиiстi баптарының жалпы және арнайы нормаларының арасында қақтығыс болса, арнайы норманың талаптары басым болады. Жалпы норма бойынша ҚК-тің тиісті бабының санкциясында 5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделсе, алайда қылмыстық іс қысқартылған немесе келісімдік іс жүргізу тәртібінде қаралған кезде судья жазаның негізгі түрiнiң ең жоғары мерзiм немесе мөлшерiнiң жартысынан асырып жаза тағайындай алмайды, яғни судья кінәліге 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындайды», − дейді Есіл аудындық сотының төрағасы. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлық ісі бойынша кінәлі адамға (мысалы: 366, 367-баптары) параның еселеген сомасы мөлшерінде айыппұл салынады. Кінәліге тағайындалатын айыппұлдың мөлшері оның алған (берген) парасының соммасына байлынысты болады. Мысалы: ҚҚ-тің 366-бабы 1-бөлігінде кінәлінің мүлкі тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның 20 еселенгеннен 50 еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалау санкциясы көзделген. «Қазіргі уақытта елімізде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жаза тағайындау практикасына сүйенсек, аталған құқық бұзушылық үшін айыппұл жазасын тағайындау практикасы басым болып келеді. Сол сияқты, ТМД елдерінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жаза тағайындау практикасында да бас бостандығынан айыру жазасына қарағанда, айыппұл  колданылатынын көруге болады. Мұны заман талабы деп қабылдауға болады. Сонымен қатар көбіне жемқорлық фактісі бойынша кінәлілердің, құқық бұзушылық үстінде ұсталғанын, жасаған әрекеттерінің аяғына дейін жеткізілмеуін ескерген жөн (мысалы: муляж ақша). Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық бойынша жазаның түрі мен мөлшерінің әр түрлі болуы осыдан», − дейді Бақытжан Есенов. [caption id="attachment_64229" align="alignnone" width="1200"]Жемқор © Айқынұлы Жұмабек[/caption] Шетелдік тәжірбие Сыбайлас жемқорлық әрекеттері Сомалиден бастап Жаңа Зеландияға дейін кездесетін әлемді жайлаған қоғамның «қара құрты». Әлемнің 127 елінде кәсіпкерлер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде әрбір жетінші мәміледе пара берілгені анықталған. Сыбайлас жемқорлықты толығымен жою мүмкін емес, бұл тарихпен дәлелденген факт. Бірақ кез келген ел жемқорлықтың деңгейін едәуір төмендетуге тырысып бағуда. Испанияда да сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары. Бұл бағыттағы тиімді испан тәжірибесінің бірі мынандай: бұл елде саяси партияларды заңсыз қаржыландыру фактілері жиі орын алады екен. Бұл бейберекет әрекетке шектеу қою үшін сол кездегі қолданыстағы Үкіметке импичмент жарияланып, барлық билік өкілдері қызметінен кетуге мәжбүр болды. Сингапурда мемлекеттік қызметшілердің жалақысы өзге елдерге қарағанда анағұрлым жоғары, сонымен қатар, парақорлық дерегі үшін айыпталған қызметшінің кінәсі дәлелденсе, оған 100 мың сингапур доллары көлемінде айыппұл салынып, дүние-мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырады. Сингапурде құрылған Сыбайлес жемқорлықты тергеу бюросы дербес мемлекеттік орган ретінде тек Премьер-министрге ғана бағынады. Жарты ғасырлық жұмысы барысында Бюроның құрығына жоғары лауазымды тұлғалар да іліккен. Олардың бірі – Сингапурдың Қоршаған ортаны қорғау министрі Ви Тун Бун. Ол мердігер компанияның есебінен отбасымен Индонезияға курортқа барып, өзіне жеке сарай салдырып алған. Жемқорлық фактісі бойынша істі болған бұрынғы министр барлық мүлкінен айрылып, түрмеге жабылды. Дәл осындай айып тағылған Ұлттық даму министрі Те Цзиван жазадан құтылмасын білген соң, өмірмен қош айтысты. Тергеу бюросының басшысы болған Эдвин Йео құмар ойындарға әуес болғаны үшін тұтқындалып, бюджетке келтірген шығынды толтырғанына қарамастан 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Қытайда сыбайлас жемқорлықпен күрес жоғары саяси деңгейде жүргізіледі. Мысалы, Шанхай қалалық партия комитетінің төрағасы Чэнь Лянъюй 18 жылға бас бостандығынан айырылса, Пекин мэрінің бұрынғы орынбасары Лю Чжихуа кейін өмір бойы түрмеде отыратын болды. Сарапшылардың айтуынша, Қытайдағы жемқорлыққа қарсы күрес шараларының нәтижесінде жыл сайын 45 мың шенеунік пен 20 мың құқық қорғаушы органдардың қызметкерлері бостандығынан айырылады. Америка Құрама Штаттарында парамен ұсталған кез келген тұлғаны атақ-даңқына, лауазымына, әлеуметтік жағдайына қарамастан ауыр жаза күтеді. Мысалы, АҚШ тарихындағы ең үлкен қаржылық пирамида – Nasdaq фонд биржасын құрған Бернард Мейдофф инвесторлардың 50 миллиард долларын жымқырғаны үшін екі бірдей өмір бойғы абақты мерзіміне бас бостандығынан айырылды. Ол темір тордың ар жағында 150 жыл өткізуі тиіс. Жапонияда жоғары лауазымды шенеуніктер өткен жылғы табысы туралы есеп беруге міндетті және бұл ақпарат қоғам үшін ашық болуы керек. Іс жүзінде барлық өркениетті елдерде сыбайлас жемқорлыққа байланысты барлық материалдар, егер олар ұлттық қауіпсіздік жүйесіне әсер етпесе, жұртшылық үшін қолжетімді болады.

Ақпарт ашық дереккөзден алынды. Еркежан АЙТҚАЗЫ.