Өзбекстан интернет қызметтерін ұсынатын технологиялық компанияларға салық салмақ. Осы орайда елде жаңа салық кодексі жобасы жасақталды.
Нормативтік-құқықтық актілерді талқылау үшін порталда жарияланған салық кодексінің жобасында жеке тұлғаларға жарнама қызметтерін ұсынатын, іздеу жүйелеріне, статистикалық мәліметтерге, онлайн-сауда сайттарына, ағынды сервистерді қолдануға мүмкіндік беретін компанияларға салық қарастырылған.
Өзбекстанның интернет сегментінде мұндай жобаларды Google, Яндекс, Alibaba, Netflix сынды компаниялар ұсынады.
Салық кодексінің жобасына сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап аталған компаниялар салық органдарында есепке тұрып, салық төлеушінің жеке кабинеті арқылы әр ай сайын есеп беріп тұруға, қосымша құн салығын есептеп, төлеуі тиіс. Салық салу нысаны - Өзбекстан аумағында электрондық нысанда қызметтерді сатудан түскен ақша айналымы. Салық мөлшерлемесі 20 % құрайды.
2017 жылы Ресей шетелдік интернет-компанияларға салық салған еді. Google, Apple сынды компаниялар Ресейге 18 % қосымша құн салығын төлейді.