Жамбыл облысындағы жаппай тәртіпсіздікте ауыл әкімі таяқ жеген, - деп жазады ktk.kz. Талас ауданына қарасты Қасқабұлақ ауылына бірнеше күн бұрын бір топ адам түн жарымда төбелес шығарған еді. Осы оқиғадан кейін облыс әкімінің өзі де елдімекенге арнайы барып, жұртты сабырға шақырды.
"Осының бәрі осымен қалу керек. Қайталанбау керек. Онсыз болмайды. Бірінші – жауапкершілік, міндет, ол – ата-ананың міндеті. Қазақ айтады: «Ұяда не көрсең, ұшқандай соны ілесің». Барлық тәрбие ананың сүтімен келеді. Ең негізгі міндетіміз – өсіп келе жатқан жастарға дұрыс тәрбие беріп, соны сақтауымыз керек", - деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.Бес-алты көлікке мінген жастар ауылға баса-көктеп кіріп, үйлерді таспен атқылыпты. Бес үй мен клубтың терзесі сынған. Ал оларды тоқтатуға ауыл әкімі шыққанымен, соққыға жығылып тынған. Абырой болғанда, жарақаты жеңіл. Өзге жапа шеккендер жоқ. Полицейлер елдің үрейін алған 14 адамды ізін суыпай ұстап, қамауға алды. Олардың неліктен мұндай қадамға барғаны тексерілуде. Қазір бұзақылық бабымен іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Ауылдағы ахуал қазір тұрақты.
"14 адамды ізін суытпай ұстады. Ұсталғандар Талас аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 293-бабымен бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды", - деді Талас аудандық ПБ бастығы Тимур Жаңабаев.