Қытай елшісі ереуілшілердің пікіріне қынжылыс білдірді
Қытай елшісі ереуілшілердің пікіріне қынжылыс білдірді
156
оқылды

Қытайдың Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяо Қазақстанда Қытай зауыттарының салынуына бұқараның танытқан қарсылығына пікір білдірді. Елші Қытай жерді басып алып, онда халықты көшіріп алып келмек деген ереуілге шығушылардың ықтимал болжамын негізсіз деді.

Чжан Сяо мұндай ереуілдердің Қазақстан басшысы Қ.Тоқаевтың Қытайға жасайтын сапары қарсаңында болғанын алға тартып, «бұл алдағы екіжақты қарым-қатынасқа тосқауыл болу мақсатында жасалып отырғанына сенімдімін», – деді. «Митингке шығушылардың артында халықты Қытайға қарсы қойып, екіжақты қатынасқа сызат түсіргелі отырғандар болуы мүмкін», – деді елші. Дегенмен, Қытай өкілінің сөзінше, мұндайлардың ұмтылысы мен әрекеттері «сәтсіз» аяқталды, «қанша дегенмен, бұл пасық геосаяси ниеттерден туындап отыр».

«Ресми дерек бойынша Қытай Қазақстан экономикасына инвестиция құйған алдыңғы қатарлы үштіктің де қатарына кірмейді. Ақпарат бар. Енді Қытайдың қазақ жерін басып алып, оған халықты көшіріп алып келмек дегеннің қандай негізі бар? Бұл жай ғана далбаса», - деді Қытай елшісі.

Сондай-ақ Чжан Сяо 55 қытайлық жоба туралы да сөз қозғады. Аталған 55 жобаның бірі ретінде Шымкенттегі мұнай өндіру зауытын алға тартты.

«Зауыт кеңес заманында салынғандықтан, ескі. Жаңғыртып, қайта өңдеуден өткенге дейін заманауи технологиялар талабына сай келмеген еді. Шығаратын өнім сапасы бойынша да тым ескі еді. Атмосфераны да ластайтын. Біздің ортақ ынтымақтастығымыз бен күш-жігеріміздің арқасында зауыт жаңарып, тыныс ашты. Толық қарқынды күшіне енді», - деді Қытай елшісі.

2 қыркүйекте Жаңаөзенде жүзге жуық ер азамат әкімдік ғимаратының алдына жиналып, Қазақстанда қытай зауыттарының салынуына қарсылық танытып, әкіммен кездесуді талап еткен еді. Тұрғындар журналистерге «ҚазМұнайгаз» АҚ акциясын жүзеге асыру бойынша қытай зауыттарының елде бой көтеруіне және шетелдіктерге жердің жалға берілуіне қарсы екендерін» жеткізген. Сондай-ақ, олар мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың келер аптада Қытайға жасайтын сапарына да қарсылық танытты. Ал 4 қыркүйекте жаңаөзендіктерге қолдау білдіріп Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Ақтау, Ақтөбе, Шымкент қалаларының тұрғындары да шеруге шықты.