– Өздеріңізге мәлім, партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Nur Otan» праймеризі еліміздің партиялық-саяси даму тарихында тұңғыш рет республикалық ауқымда өтеді. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» партия жұмысын «қайта жандандыру» бағдарламасының қорытынды кезеңдерінің бірі. Кандидаттар праймеризге бастауыш партия ұйымының атынан немесе өзін-өзі ұсыну жолымен де қатысуы мүмкін. Бұл ретте партияның құндылықтарын ұстанатын және сайлау құқығы бар кез келген азамат үміткер бола алады. Ол үшін праймеризге қатысушыларды тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін «Nur Otan» партиясының қатарына қосылу керек. Бүгін Орталық ұйымдастыру комитетінің бірінші отырысы өтті. Жиын барысында партияішілік сайлаудың республикалық күнтізбелік жоспары бекітілді, – деп жазды Бауыржан Байбек. Ол сондай-ақ кандидаттарды ұсыну және тіркеу 17 тамыздан басталып 28 тамызға дейін жалғасатынын, үміткерлерге үгіт-насихат жұмыстарына дайындалу үшін 31 тамыздан 6 қыркүйекке дейін 7 күн берілетінін жеткізді. – 7 қыркүйектен 3 қазанға дейінгі аралықта кандидаттардың үгіт жұмыстарын, оның ішінде 14-30 қыркүйек аралығында жария пікірсайыстар өткізу қарастырылған. Пікірсайыстар партияның ресми аккаунттарында таратылатын «Праймериз» ақпараттық жүйесі арқылы өтеді. Осыған байланысты партия Төрағасының тапсырмасымен онлайн-форматта дауыс беру үшін платформа әзірленді. «Праймериз» жүйесі тұрғындармен кері байланысты күшейтуді, жұртшылықтың пікірін ескере отырып, түрлі бастама мен заң жобасын онлайн-талқылау мүмкіндігін көздейді, – деп атап өтті ол. 1 қазан мен 3 қазан аралығында мобильді қосымша және арнайы веб-портал арқылы электронды дауыс беруді өткізу жоспарланып отыр. Дауыс берудің соңғы күні (3 қазан) бастауыш партия ұйымдарының базасында сайлау учаскелері ашылады. Интернет жоқ елді мекендерде осындай сайлау учаскелеріне келіп, қағаз бюллетеньдер арқылы дауыс беруге болады. Кандидаттардың рейтингі көрсетілген праймериз нәтижесі 5 қазанда жарияланады. Бауыржан Байбек сондай-ақ Халықаралық жастар күні қарсаңында Елбасы мен Мемлекет басшысы бастамашы болған #BizBirgemiz республикалық акциясының белсенділері мен волонтерлерге алғысын білдірді. – Осынау күрделі кезеңде біз жастарымыздың жанкешті қайсарлығы мен үлкен жүректі патриоттығына куә болдық. 5 мыңнан астам жасотандықтар мен еріктілер бүкіл ел көлемінде мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін, бетперделер мен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізіп берді. «Jas Otan» волонтерлері Мақтарааралдағы су басудан зардап шеккен тұрғындарға да алғашқылардың бірі болып көмекке келді. Біздің жастар қанатымыз жуырда «Дәрігерлерге мың алғыс!» атты тағы бір акцияға бастамашы болды. Осы шара аясында бүкіл ел бойынша медицина қызметкерлеріне қымыз, шұбат және иммунитетті күшейтетін басқа да өнімдерден тұратын «Алғыс пакеттерін» жеткізіп берді. ЫНТЫМАҚШЫЛДЫҚ – партиямыздың басты құндылықтарының бірі. Ол рухы күштілердің әлсіз жандарға, бақуатты кісілердің тұрмысы төмендерге, денсаулығы жақсы адамдардың науқастарға, жасы үлкендердің өзінен кішілерге жанашыр болуынан танылады. Елімізде өздерін және айналасын жақсы жаққа қарай өзгертуге құштар ұрпақтың өсіп келе жатқаны сүйсіндіреді. Бұл – жасампаздыққа ден қойған, жауапкершілік ала алатын, ынтымақшылдық танытып, өзара қол ұшын беруге дайын буын. #BizBirgemiz идеясының да мәні, осы, – деп атап ол. «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы партияішілік праймериз жастардың өзін көрсетуіне, бәсекелік саяси күресте лидерлік қабілеттерін айқындауына мүмкіндік беретінін айтты. – Біздің мақсатымыз – Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттарға алда болатын сайлауларға айқын партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін жаңа лидерлерді анықтауда барынша ашық іріктеу өткізу. Бұл үшін Елбасының шешімімен 35 жасқа дейінгі жастарға «Nur Otan»-ның партиялық тізімдерінде арнайы 20 пайыздық квота көзделген. Праймериз барысында өз ауданы, қаласы, облысы үшін ең лайықты өкілдер таңдалып алынатынына сенімдімін. Олар белсенді түрде жастардың мүддесін қорғайтын болады, – деді Бауыржан Байбек. Ол сонымен қатар «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес партияның жас жақтастары бесжылдық «Жастар – Отанға!» Жастар бағдарламасының жобасын әзірлегенін, әлемдік озық тәжірибелерді және еліміздің бүкіл өңірінен жастардан түскен 3 мыңнан астам ұсынысты ескере отырып дайындалған бұл құжат «Jas Otan» сайтында жарияланғанын тілге тиек етті. – Бағдарламада жастардың негізгі 5 мәселесі қамтылып, оларды шешу жолдары ұсынылған. Біздің күш-жігеріміз қолжетімді баспана және жас отбасыларға қолдау көрсету, жұмыспен қамту, сапалы білім, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу секілді негізгі мәселелерге жұмылдырылатын болады. Әрбір бағыт бойынша кешенді шаралар әзірленіп, нақты индикаторлар белгіленген, – дей келе Бауыржан Байбек бағдарламаның түпкілікті нұсқасы «Jas Otan» алаңында қыркүйекте талқыланатынын, сол уақытқа дейін әркім өз ескертулері мен ұсыныстарын енгізе алатынын жеткізді.
Абылайхан ЖҰМАШ