– Бүгінде партияішілік сайлауға қатысуға ниет танытып отырғандар легі айтарлықтай көп. Маңызды науқанға қатысу ережелері туралы білгісі келетін азаматтарға айтар кеңесіңіз. Алдымен нені ескеру керек? – Праймеризге қатысудың нақты бір қатаң шарттары жоқ. Мәслихат және Мәжіліс депутаттығына сайлауға түскен кандидаттарға қойылатын талаптар осында да қойылады. Осы ретте айта кетейін, праймеризге «Nur Otan»-ның мүшелігінде жоқ азаматтар да қатыса алады. Бірақ тіркеу кезеңі аяқталғанға дейін партияның қатарына қабылдануы керек. – Праймериздің мақсатына қысқаша тоқталып өтсеңіз. – Әрине, бірінші кезекте мықты көшбасшыларды анықтау. Өз ортасында зор беделге ие болып, қоғамдық өмірде де әр кез белсенділік танытып, халықтың сенімінен шығып жүрген азаматтарды біз өз қатарымыздан көргіміз келеді. – Праймеризге қатысушының сайлауалды бағдарламасына нақты қандай талаптар қойылады? – Науқан кезінде кандидаттар өздерінің кәсіби қызметіне сәйкес нақты көрсетілген елді мекендердің мәселелерін шешу туралы өздерінің ұсыныстарын білдіруі керек. – Елдің қай аймағында партиялық тізімге енуге бәсекелестік жоғары болады деп ойлайсыз? – Менің ойымша, барлық жерде бәсекелестік жоғары болады. Бастауыш партия ұйымдары кандидаттарды ұсынады. Сонымен қатар өзін-өзі ұсынған кандидаттар да болады. Жалпы, аталмыш науқанға қатысуға ниет танытып отырған адамдар қатары көп. – Оппозицияның не популистердің «Nur Otan» партиясының партияішілік тізіміне енуіне мүмкіндігі бар ма? – Біз барлығына ашықпыз. Келсін, партияға қосылсын, праймеризге қатыссын. Идеяларымыз бен мақсаттарымызды қолдайтын азаматтарға ешқандай шектеу қойылмайды. Қатысушылар бастапқы нәтижелер бойынша алдымен партия мүшелерінің сеніміне ие болады, жеткілікті дауыс санын алады, содан кейін ғана кандидаттардың тізіміне қосылады. – Праймеризге қатысушылар тағы қандай қағидаттарды ескеруі керек? – Праймеризге қатысушылар пікірсайыста өзін жақсы қырынан танытуы керек. Өйткені ережеге сәйкес, олар пікірсайысқа қатысуға міндетті. Кандидаттар көшбасшылық қасиеттерімен қатар, өзінің артықшылықтарын көпшілік алдында көрсетуі тиіс. Ал ол дегеніміз – праймеризге қатысушылар арасында өзіңді лайықты кандидат екеніңе сендіру деген сөз. Сондықтан бұл науқанда үздіктердің қатарынан көріну үлкен жетістік болып саналады.
Абылайхан ЖҰМАШ