Мемлекет басшысы – мұнайлы астанада
Мемлекет басшысы – мұнайлы астанада
266
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау аймағына жұмыс сапарында мұнай-газ саласы өндірісіндегі жұмыстарды көріп, сала дамуына қатысты жиын өткізді. Президент атадан кәсіп болып, ел игілігіне айналған қара алтынды аймақтың ерен еңбеккерлерін мұнайдың 120 жыл­дық мерекесімен құттықтап, марапаттар табыс етті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ өндірісмен танылған Атырау облысына жасаған жұмыс сапарын «Жігермұнайсервис» ЖШС-нен бастады. Мұнай-газ саласының дамуына қатысты кеңейтілген жиын өткізіп, қазақ мұнайының 120 жыл­дығына арналған салтанатты шараға қатысты.

Президент роботты дәнекерлеу әдісін пайдалана отырып, мұнай мен металл құрастырылымдарын шы­ғаратын мұнай сервисі кәсіпорнының жұмысымен танысты.

Мұнай-газ саласы өндірісінде бұр­ғылау және мұнай кәсіпорнының құрал-жабдықтарын дайындау, мұнай-газ кен орындарын орналас­тыру жұмыстары секілді қызмет көр­сететін компания бүгінде елімізге кеңінен танымал. Мемлекет басшысы мұнай-газ саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзін­де отын-энергетика кешенінің Қа­зақстан экономикасында үлкен рөл атқаратынын айтты. Президент мұнай-газ саласын дамытудың маңызына тоқталып, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың алдына нақты міндеттер қойды.

Мемлекет басшысы қара алтын өнімін беруші Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты кен орындарына қатысты ауқымды жобаларды одан ары жүзеге асыру қажетіне тоқталды. Президент Қашағандағы мұнай өндіру көлемін арттыру мақсатында Үкіметке Консорциумның мердігер компанияларымен бірлесіп, Қашаған кен орнын молынан игерудің Жол картасын жасақтап келісуді тапсырды.

Айтарлығы Президент еліміздің батысындағы кен орындарынан рес­публиканың өзге аймақтарына мұнай тасымалдау мәселесіне де маңыз берді. Ол «Кеңқияқ-Құм­көл» мұнай құбырын салу жұмыс­тарын жыл соңына дейін сапалы аяқтауды тапсырды. Мемлекет бас­шысы отандық нарыққа жеткізі­ле­тін мұнай көлемінің азаю мүмкіндігіне байланысты алаңдау­шылық білдірді.

– Ішкі нарықты мұнаймен қамта­масыз ету, негізінен, Ақтөбе және Қы­зылорда облыстарының кен орында­ры есебінен жүзеге асырылып отыр. Бұл жағдайды ескерсек, еліміздің мұ­най өңдеу зауыттарында өңделетін мұнай көлемінің төмендеу қаупі бар. Ресурстарымызды тиімді және ұтымды пайдалану мақсатында Үкімет осы мәселені зерделеп, нақты ұсыныстар енгізуі қажет, – деді Президент.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ химия саласының дамуы эконо­ми­каны жаңғыртудың маңызды бағыты екенін атады.

– Мұнай-газ химия саласы эко­но­­миканың басқа салаларына мульти­пли­кативті ықпал етеді. Әлемде мұнай-газ химия саласындағы көмір­сутек шикізатының қолданылу үлесі – 34 пайыз. Елімізде оның көрсеткіш көлемі аз. Полиэтилен мен полипропилен өндіру жобаларының іске асырылуы жалпы ішкі өнімнің жылдық өсімін орташа есеппен 1,5 пайызға жеткізуге ықпал етер еді, – деген Мемлекет басшысы газ саласын дамытудың басымдығын арнайы атап өтіп, газ құбыры жүйесін дамыту ісінде жақсы нәтижелер барын айтты.

Сондай-ақ Президент Үкіметтің назарын халықты газбен қамтамасыз ету қажетіне аударды.

– Елімізді газбен қамту дең­гейі 50 пайызды құрайды. Бұл – 9 миллион халық деген сөз. «Сары­арқа» магистральды газ құбыры құрылысының жобасын іске асыру нәтижесінде еліміздің қосымша 2,7 миллион халқы газбен қамтамасыз етіледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол мұнай сервисінің индустрия­сы экономиканы әртараптандыру және өсу драйверлерінің бірі болатынына да тоқталып өтті. Мемлекет басшысы мұнай сер­вис­терінен түсетін табыстың көмірсу­тегі экспорты табысынан асып түсетін Норвегияның тәжірибесін басшы­лыққа алып жұмыс істеуді тапсырды. Өркениетті елдер қатарына қадам жасап отырған елімізде заманауи мұнай сервисі кластерін құру отандық шағын және орта бизнесті дамытуға, өнімді жұмыс орындарын ашуға, қосымша құны жоғары өндірістерді оқшаулауға айтарлықтай серпін береді.

Биыл қазақстанның қара алтынын игерген салаға 120 жыл болды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтулы күнге арнал­ған салтанатты жиынға қатысуы, мұ­най­лы аймақ тұрғындары үшін қуаныш сыйлады. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында еліміздегі мұнай-газ кешенінің барша еңбек­керін кәсіби мерекелерімен құт­тық­тады.

Президент Қазақстан мұ­най өнеркәсібінің ерен еңбекті парақ­таған тарихына тоқталды. Өт­кен ғасырдың 90-жылдарында елі­міздің тәуелсіз мұнай-газ ин­дустрия­сын қалыптастыру үдерісінде қиын­дықтарға тап болғанын еске салды. Елдегі қиын кезеңде осы сала­ны дамыту үшін шетелден капи­тал тарту ісіндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қажырлы еңбегін атап өтті.

Салтанатты шарада Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы мұнай өнеркәсібінің жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Соның ішінде, Президент мұнай саласында заманауи технология мен озық тәжірибені меңгерген отандық мамандардың қатары көбейгенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы Chevron, ExxonMobil, Shell, Лукойл, Eni, Total, CNPC сияқты корпорациялармен және басқа да компаниялармен ірі жобаларды табысты жүзеге асырып келеді.

Президент отандық мұнай­шы­лар­дың ұрпақ сабақтастығына арнайы тоқталды. Ол Қазақстан мұнай өнеркәсібінің негізін қалаушы, Атырау мұнай-газ университетіне аты берілген Сафи Өтебаевтың осы саланың қалыптасуына зор үлес қосқанын атап өтті. Президент мұнай-газ саласындағы қызметкерлердің жинаған тәжірибесі мен білімі азаматтарымыздың тұрмысын одан ары гүлдендіруге және жақсартуға септігін тигізетін маңызды салалық жаңғырту жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ­станның дайын мұнай өнімдерін сату ісіндегі көшбасшылардың бірі болуы тиіс деген пікір білдірді. Үкіметтің алдағы жылдардағы атқаратын бас­ты міндеттерінің бірі осы салаға инно­вацияларды енгізу, шикізат өндіріп оны қайта өңдеуге басымдық беру.

Салтанатты шара аясында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұнай-газ өнеркәсібінің үздік 41 қызметкерін марапаттады. Мұнайлы аймақта өткен айтулы шара еліміздің дара дарындарының өнер көрсетуімен жалғасты.


Атырау облысы