Бұл туралы айтқан марқұмның туыстары кінәлілердің кейбірі бостандықта жүргенін жеткізді. Күзетшілердің соты бүгін онлайн-форматта қайта жалғасты. Айта кетейік, жаға ұстататар қанды оқиға былтыр желтоқсанда болған еді. Жаңажылдық корпоративтік кештен «көңілді» шыққан жігітті полиция наркологиялық диспансерге жеткізген. Ол жабық мекемеде бүлік шығарған соң, көмекке шақыртылған күзетшілер жігітті өлімші етіп, тепкінің астына алады. Видеода бес жігіт бір адамға жабылып жатқаны анық көрінеді.
Марқұмның туысы Бақыт Ахметова: «Күзетшілер інімнің екі қолын қайырып, тепкінің астына алды. Жағын сындырып, көзін ағызып жіберіпті. Біз оны мәйітханаға барғанда танымай қиналдық. Сот кезінде күзет агенттігінің қызметкерлері лицензияны сатып алғандарын, жұмыс кезінде мас болғандарын мойындады», – дейді.Бақыт Ахметова інісінің жанталасып сыртқа қашып шыққанын айтады. Темір қоршаудан секіріп өте алмай жатқан жігітті қуғыншылар аяғынан ұстап, кері тартқан. Сол кезде қолтығын қаңылтыр кесіп өтіпті. Марқұм осыдан кейін қансырап өлді дейді апасы.
Марқұмның туысы Бақыт Ахметова: «Інімнің өліміне кінәлілердің бәрі жауапқа тартылуы тиіс. Бұл істе полицияның да айыбы бар. Олар, інімнің ақшасын тартып алып, өзін диспансерге тастап кетіпті. Інім сыртқа қашып шығып, жанармай құю бекетінен көмек сұрағанда да, ондағылар да қол ұшын бермеген. Кейін жедел жәрдемді шақырған кезде бәрі де кеш болды. Сот осы жәйттерді ескерсе екен», – деп отыр.Айта кетейік, «адам өлтірді» деп айыпталғандардың бірі – осыдан екі жыл бұрын шымкенттік бейтаныс қызға бүйрегін тегін берген Абзал Әділов. Ол осы отадан кейін күзет агенттігіне жұмысқа орналасқан екен. Ал марқұмның туыстары «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» дейді. Себебі, жігітті соққыға жыққан 6 күзетшінің 2-уі ғана айыпталып, қалғандары «куәгер» ретінде көрсетілген. https://youtu.be/9CJxVd6XJeY