Азияның жүрегі соғып тұр!
Азияның жүрегі соғып тұр!
480
оқылды

«Әдебиет – ардың ісі». Солай болған, солай болады да. Қазақ әдебиетінің кешегісі, бүгіні туралы әңгіме көп. Ал ертеңі туралы бірнәрсе айта аламыз ба? Нұр-Сұлтанда басталған Азия елдері қа­лам­герлерінің І форумы осыны көздеп отыр. Форумның ашылу салтанатына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Азия әдебиетін одан ары дамытудағы негізгі басым­дақтарды атауының сыры – осында.

Мемлекет басшысы Азия қалам­гер­лері форумы шығармашыл қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керегін ашып айтты. «Бұл – маңызды шара Азия елдерінде тұрақты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осын­дай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіләлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау – басты міндеттердің бірі», – деді Президент.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы алдағы уақытта Азия қалам­герлері туындыларының біртұтас электрон­ды әдебиетін құру қажет екені туралы да ұсыныс айтты. «Бұл Азияның тең­дессіз дү­ние­танымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін», – деді Қ.Тоқаев.

Ұлы даланың сан алуан мәде­ниет пен өркениеттің куәсі екенін айтқан Президент өз сөзінде: «Еліміз алып құрлықтың батысы мен шығысын, күнгейі пен теріскейін жалғаған тоғыз жол­дың торабында орналасқан. Біз – бір кездері Ұлы түрік қағанатынан мирас болған түркілік тегімізді сақтай білген халықпыз. Бүгінгі түркі жұртының теңдессіз жетістіктері сол дәуірлерден қалған ұлы мұралармен тығыз байланысты. Азия – ұлы өркениеттердің дү­ниеге келуіне, өркен жаюына, кейін тарих қат­парына сіңіп қалып­та­суына куә болған көне құрлық. Әрі араб, парсы, үнді. Қытай өрке­ниет­тері – адамзат тарихының ажырамас бөлігі. «Шығыс мәде­ниеттері сан алуан сипаттарына қарамастан өзара астасып жатыр. Азия халықтары өркениеттер қақ­ты­ғысына ұшырамай, етене үндестікте дамуының басты сыры да – осында», – деді.

Адамзатты толғандырған мәсе­лелер қаламгерлердің басқосуын­да айтылуы тиіс. Дәл осындай алаңдарда айтылмаса, мәселе ше­ші­мін таба ма? «Осы мақсатта Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайын­даған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Әдебиет алыптары үшін «Азия алы­бы» сыйлығы қажет-ақ. Бі­рақ оған лайық шығарма бар ма? Қа­лам­герді осы сауал мазаласа керек-ті.



Батыс деген – батыс, шығыс деген – шығыс

Азия қаламгерлері жиыл­ған форумға Азияның бір­қа­тар елдерінен арнайы деле­гат­­тар да келді. Олардың ара­­­сында кореялық жазушы Ко Ын да бар. Қаламгер Азия әдебиетін жаһандық әдебиетке айналдыру үрдісі туралы сөз қозғады. «Азияның әр бөлігі – ол ел, мәдениет болсын, оның шынайы кескіні қалыптасса деген ойым бар. Азия әдебиеті жал­ғыз ғана планетарлық әде­­биет емес, ол жаһандық әде­биет­ке айналуы тиіс» деді. Ко Ынның айтуынша, қазіргі әдебиет Азия төңірегінде даму үстінде. Ол «Азия әдебиеті – бүгінгі күннің әдебиеті ғана емес, ертеңнің де, яғни жаһанның әдебиетіне ай­налады» деген сенім білдірді.

Сахна төріне шыққан моңғол ақыны Г.Мэнд-Ооеоның сөзі жиылған қауымның көңілінен шықты. «Дүниежүзіне есімі мәшһүр, дана, жиһангер, ұлы суреткер, азиятанушы Нико­лай Рерихтың бұдан 100 жыл бұрын жазған «Азия жүрегі» деп аталатын ғылыми-танымдық мақаласының әлқиссасында «Азияның жан тамыры тірі ме?» деген сауалы бар. Ұлы ғұ­ла­ма бұл сауалды өзіне ғана қоюмен шектелмей, қазіргі Азия кіндігіндегі бізге арнаған өсиеті ме дерлік. Ол расында да Азия құрлығындағы күл­лі адамзатқа рухани азық бо­лар­лық сана мен пайымның теңдессіз құндылығы бір мүйіс­те жасырын сақталып жатуы мүмкін деп із кесті. Рухани ілім эстетикалық сабақтастық батыс пен шығыста ерекше ете­нелікпен шүйіркелесуі тиіс деп сенді. Өзара түсіну­шілік, береке-бірлік, жалпыадамзаттық есен­тү­гел өмір, жалпығаламдық бей­біт­шілікті пір тұту мағынасы бо­йынша «Шамбала» ұғымын күл­лі адамзаттық таңданысқа қарай біршама икемдесе ке­рек» де­ген ақын ары қарай «Шам­­бала» сөзінің төркінін түсін­ді­ріп берді.

«Сөзбен тәпсірлеп сездіре­тін рухани сана немесе поэ­зия­лық сілкіністің күшті түре­ні тықсырып жеткен кезде өзің­нен кейінгі барлық уақыт ар­насында ой толқындарын өте көп уақыт бойы өзіне сақ­тап, мәңгі қалатындықтан, мыңдаған жыл бұрынғы өлең-жырлармен біз бірге жаса­сып, өткендердің жүрегінің соқ­қа­н­ын да тыңдап жүрміз.

Біздің долбарымыздан да алыс аулақта жазылған бағзы Ведалардың үн әуендері тәңір текті рухани санадан, шуақты сүлдерлер арқылы өзге әлемнен түсірілген деген көзқарасты құптаймын. Орыстың әйгілі ақыны М.Лермонтов бірде: «Гомерден бұрын кім болды?» деп түрен көтерген деседі. Ұлы шығарма туар алғышарт, басты тұғырнама қалайда болуы хақ деген оймен Лермонтовтың сауалы туындаса керек. Солай болған. Азияда бар ондай гәп. Біздің эрамыздан бұрынғы екін­ші мыңжылдықта пайда болған Ведалардың ілімі, яғни поэтикалық жыр-дастандары соңыра «Махабкарата», «Раһа­мая­на» секілді ұлы эпостар арнасымен бізге жетті. Сондай-ақ б.з.б. ХІІ-ІХ ғасырлар ара­лық нанхнадтардың халық жыр­­ларын жинақтаған Күң­зі­н­ің «Жырнамасы» – әлем ха­лықтарының тұңғыш анто­ло­гия­сы болуы да мүмкін.

Ұлы түземдік көне көш­пе­лі­лердің ұзын әуен үні – бүгінгі моңғолдың «ұзына әуен» делі­не­тін әуезді өлеңдері немесе Азия­ның кейбір елдеріндегі, әсіресе, көне Алтай жұртының ерлік эпостары бағзы бұрынғы Гомердің заманында, тіпті одан да бұрын болғаны анық. Соны­мен бірге, Парсының ру­бай­лары, қазақтың халықтық толғау жырлары, моңғолдардың қос әуезі, әлемдік үш бәйіті, Жа­понияның хайкуі, Орта Азия­ның ғазалы, Қытайдың цзы секілді поэзиялық көптеген әуезді құбылысты тек Азия ғана адамзатқа ұсына алды.

Үнділердің Галидасаны, Қы­тайдың Ли Бай, Ду Фүін, пар­сының Фердоуси, Омар Хайя­мын, моңғолдың Цоғт тәйкісі, Данзанравжаасы, Жапонияның Мацуо Баше, Такбоку, Тибеттің Цанянжамын, түркіменнің Мақ­тұм­құлы, қазақтың Абай Құнан­байұлы, Үндістанның Ра­бин­дант Тагүрі секілді көп­теген ақын даналарды адамзаттың құдіретті бау-бақшасына Азия ғана сыйлай алды» дейді ақын.


Қазір – ХХІ ғасыр. Бұл ғасыр­дағы Азия поэзиясының ық­палы қандай? Азия қаламгерлерін осы сауал мазалауы тиіс. «ХХ, ХХІ ғасырдағы Азия поэ­зия­сының әлем әде­бие­тін­де­гі осы замандық ор­ны ең әуелі аударманың сапасы мен баспаханалардың бизнестік мүддесіне байланысты болмақ. Өте баяу, тасбақаның аяңымен мимырттап келе­міз» дейді ақын. Расында, Азия қа­лам­герлерінің әлем әде­бие­­тінің жауһарына айналар шы­­­ғармалары туралы сөз қоз­­ғайтын уақыт жетті. Ал мына­дай мимырт аяңмен біз ол биік­ке жете аламыз ба? Мәселе – осында.

«Парсының данышпан ақы­ны Омар Хайямның бастапқы аздаған рубайлары осыдан 160 жыл бұрын Лондонда ағыл­шын тіліне тұңғыш рет сәтті тәржімаланғанымен оқырманға жету жолында ұзақ уақытты сарп еткені бар. Осыған қара­ған­да шалғай алыстағы ұлт­тың тілі мен мәдениеті, сана­лық сарындағы поэзиясы бас­­­қаның назарына ілігуіне, тәр­жімалануына, сараптама жасалуына, оқулықтар мен антологияларға қамтылуына, сол арқылы өзгені мойындатуға де­йінгі аралықтарда кедер­гі­лерге ұшырап жүр. Азияның көптеген елдерінің ақындары осы жолмен келе жатыр» деген пікірді алға тартты моңғол ақыны.

Технология қарыштап дамы­ған заман. Өндірістену, қалаға үдере көшу, жаһандану секілді дүниелердің ығына қарай жығылып бара жатқан қоғамда әдебиет, мәдениет дейтін құн­дылықтар екінші кезеңге ысырылып қалып қоймай ма деген қауіп басым. Адамзаттың төл табиғилығы, тілі мен мәде­ниеті, жүрек қалауы дейтін ең нәзік шешімдері жойылып, адам компьютер-роботқа ай­нал­ды. Поэзия құнсызданды. Проза әлсіреді. Құндылықтар құлдырады. Осындай қым-қуыт, қым-қиғаш заманда әде­биет­ті бойға сіңіріп өсіретін құдірет бар ма? Жоғалған тіл­дер. Жоғалған ұлт туралы жиі дабыл қағатын болдық. Әрине, мұның әдебиетке де әсері болмай тұрмайды. Қоғам нені қажет етсе, соны беруге дайын болу керек деген ұғыммен өмір сүретін болдық.

«Осынау қиын сәтте азия­лықтар өз қолындағы бар мүм­­­кіндігі бойынша әлемге бей­­таныс поэзиясының құн­ды­лықтарын қалай ұлықтаудың жол­­дарын қарастыру ке­рек секілді. Поэзияға орны­ға бастаған кедергілер Азия­ның поэзиясына жаңа жағ­­­­даяттарды ашуға игілігін бе­­реді. Бізді түпкілікті жаңа жі­­герлі талпыныстар күтіп тұр. Діни қасіреттер, көзқарас ал­­уандығына қарамастан, азия­лық руханиятты біртұтас бі­тімдеуге қатысты күш-жігер сіз бен біздің поэзиямызда түгел баршылық» деген ойын білдірді ақын. Әлем әдебиетіндегі Азия қаламгерлерінің алатын орнын, салмағын дұрыстап, бағамдап алмасақ, тағы болмайды. Адам­зат өркениетінің «Антология» мәдениетіне Азияның да ұсы­нар жауһары көп.


«Батыс деген – батыс, шы­ғыс деген – шығыс. Бір-бірі­не еш қарамайтын тұс...» деп Р.Киплинг емеурін біл­дір­ген уақыт тағы да сол бая­ғы Н.Рерих «Батыс пен шы­ғыс­тың арасындағы қорған құ­латылсын» деген-ді. Р.Кип­линг­тің лепесін «өзара айыр­­машылық ерекшелігіне қа­рай сақтап қалу» деп жай­маш­уақтап, Н.Рерихтің ойын «бө­лініп жарылмай, әлем әде­бие­тінің ұлы арнасындағы әсіре батысшыл үстемдікті өзгерту мағынасында түсінулеріңізді сұ­раймын. Азия әдебиетін қол­­дауға қатысты тиімді тә­сіл­дер табу, айталық бір бел­­­деулік қор құру арқылы тәр­­жіма және таңдаулы шы­ғар­маларды насихаттау осы құрлықтағы елдердің өкі­мет­терінің міндеті болмақ. Қа­зақ елінің халықаралық әдеби қарым-қатынасын дамы­ту, қол­дау жолындағы игі­лік­­ті істеріне бек ризамыз! Азия­ның мәдени, рухани, текті бі­лікті таңғажайып әлемін ке­мелдендіруші поэзиялық жаңа толқынды бастауға ша­қы­рамын. Сөзімді бастар алдын­дағы «Азияның жан тамыры тірі ме?» деген Рерихтің сауалына: «Иә, солай. Азияның жүрегі со­ғып тұр! Азияны жаңғыртып, да­мытудағы рухани жаңа сапарымыз Азияның әдебиет әлеміне қарай шеру тартатын болады» деп сөзін аяқтады моңғол ақыны.

«Шығысым – батыс, батысым – шығыс боп кетті» дейді хакім Абай. Бүгінгі әдебиет батыстың да, шығыстың да рухани ғажа­йып­тарын бойға сіңіріп, өз тамы­рыңнан алыстамау керек екенін бойға сіңірсе керек-ті.


Түркіге ортақ Қорқыт

Әзірбайжандық жазушы Анар Расул оглы Рзаевтың мін­бер­дегі сөзі де орнықты шықты. Ол өз сөзінде: «Әзірбайжан мен Қа­зақстанның байланысы анау көне тарихтан басталады. Өйт­кені қазақпен дініміз де, тіліміз де ортақ. Бүгінгі за­ма­науи заманда да өзара экономикалық байланысымыз нығайып жатыр. Міне, осындай үлкен шараның арқасында екі елдің достастығын одан әрі жақындата түседі деп ой­лай­­мын. Біздің рухани бай­ла­нысымызды ХІІ ғасырдан көруге болады. Мысалы, Низа­ми деген ұлы ақынымыз қып­шақтың Афат аруына үй­ленген. Қалай ол арудан айы­рылды, ақынымыз «Сенсіз» деген үлкен повесть жазған. Еліміздің классик музыканты, кейін романс жазып, оны елі­міз­ге белгілі, танымал ән­ші Мүсілім Могамаев орындады. Тіпті ата-бабамыз Қорқыт та ортақ. Қорқытты тек Қазақстан емес, Башқұрт та, Аш­ха­бад та, Түркия да еске алу­да. Бұл – бәріміздің ортақ игі­лі­гіміз. Бұл – Әзірбайжанның, Түр­кі­менстанның, Какавуз­дар­дың ата-тегі. Географиялық жағынан да жақындығымыз барын көр­сет­кен. Түркі әлемі елге біраз таны­мал тұлғаларды әкелді. Мыса­лы, түрікте – Юнес Эмре, өзбекте – Науаи, әзірбайжанда – Физули, түркіменде – Бахтон­ғали, қазақта – Абай бар. Бірақ түркі әлемінде Шекспирге тең келетін драматург жоқ. Әрине, Еуропаның Шекспир секілді белгілі тұлғалары жазған шы­ғар­малары үздік. Бірақ Манас пен Қорқыт жырына тең келе­тіні некен-саяқ. Сонымен бірге, Қорқыт шығармаларында көр­­сетілетін кейбір образдар Шек­спирдікімен ұқсас. Оның оқиғалар желісі кинотуындыға сұранып тұрады.


Оған қоса, Қорқыттың бір жырының өзінде бір халықтың тағ­дыры жатыр. «Қорқыт ата кі­табы» шығармасының өзі – жаз­ба әдебиеттің ең құнды ес­керт­кіші. Сондықтан эпостың көне жазушысы – Қорқыт. Өмір­де менің бір ғана арманым бар. Бүкіл түркі жұрты бірігіп, Қорқыт ата жайында кино түсіргенін қалаймын», – дейді Анар Расул оглы Рзаев.

Катар жазушысы Моза әл-Ма­лики «Әлем әдебиетіндегі Азия адамының образы» та­қы­рыбын қозғауы керек еді. Жазушы әдебиеттегі әйел бейнесі туралы өткір-өткір мәселелерді айта алған жоқ. Бір жағынан бұған уақыттың тығыздығы да әсер еткен шығар.

Армения Ғылым акаде­мия­сының Әдебиет институты директоры Вахтан Деврикян да әдебиет төңірегіндегі ойымен бөлісті. Оқырман дағдарысы бұл елді де айналып өтпепті. «КСРО заманындағыдай таралымдар бізде де жоқ. Оқырман азай­ған. Соған қарамастан әдеби үр­діс жалғасып жатыр. Бас­ты мәселе, оқырманның сұранысын қанағаттандыратын шығарма жазу», – дейді Дев­рикян мырза. Вахтан Дев­­рикян­ның айтуынша, Қазақстан мен Армения елінің арасындағы әдеби-мәдени байланысы еш уақытта үзілген емес. Ел­ге белгілі тұлға Олжас Сү­лей­­меновтен бастап, жас ақын-жазушылармен тығыз бай­­ланыста екен.


Соңғы он жылда елді елең еткізерлік шығарма жазылды ма?