Автопарктен шу шықты

Автопарктен шу шықты

Қаладағы автобус парктерінің бірінде жыл көлемінде қордаланған мәселе барын қала билігі де, авто­парк иесі де жоққа шығармады. Бір қызығы, қалыптасқан жағдайға аталған кәсіпорын басшылығы жергілікті әкімдікті кінәлайтын се­кілді. Жауапкершілікті өзі­нен барынша сырғытқан оның түсіндіруінше, жергілікті билік қажетті субсидияны бермегендік­тен, осындай мәселе туын­даған. – Бізде қазір әлеуметтік маңыз­дағы маршруттарға субсидия тө­лен­бей отыр. Олардың саны бізде – 23. Сондықтан бұл мәселеге әкімдік араласуы қажет. Әкімдік болғанда қа­ла­лық емес, облысты айтып отыр­мын. Себебі Семей билігі бұл бағыттарды әлеуметтік маңызды ба­ғыт­тар деп шешім шығарған. Тиіс­ті есеп-қисаптың бәрі биылғы ақ­панда әкімдікке тапсырылған, – дейді  Semey Bus  ЖШС-і ди­рек­торы Болат Қылышбеков өз уә­жін айтып. Дегенмен кәсіпкер жауапкер­шілікпен тендерді ұтып ал­ған соң тек  субсидияға қарап отыр­май, өз тарапынан да әрекет етуі, қосымша қаржы көздерін қарас­тырып, кәсіпорын қызметін тиім­ді үйлестіруі қажет емес пе де­ген ой санамызда жаңғырып қала берді.  

Жүргізушілер «жұмыссыз қаламыз» деп қорқады

Болат Қылышбековтың бұ­лай деуіне мұның алдында ғана жұмысқа шығудан бас тартқан 80 жүргізушінің ереуілі себеп болғаны белгілі. Алайда ол болған жағдайды арандатушылық деп санайды. Айтуынша, қазіргі жұмыскерлер экс-басшымен жеке кикілжіңдері бар бұрынғы әріптестерінің айт­қандарына еріп, жұмыс орнын тас­тап кеткен. – Жүргізушілердің барлығы «жұ­мыссыз қаламыз ба?» деп қор­қады. Сол үшін прокуратураға да арыз жазбақ болды. Алайда авто­паркте жұмыс берушімен, әкім­дік қызметкерлерімен болған кездесуден соң ол райынан қайт­ты. Себебі оларға олай етсе, про­куратура арқылы өздері жұмыс­тан кететіндері айтылды, сондықтан жүргізушілер үрейленіп, үйлеріне қайтып кетті, – дейді автопарктің бұрынғы қызметкері Наталья Борисе­вич. Дегенмен де автопарк иесі жұ­мысшыларға сағаттық төлем жүр­гізу заң аясында есептеліп отыр­ғанын дәлелдеп бағуда. Ал қыз­меткерлеріне әлеуметтік төлем­дерді аудару мәселесін шешуді облыс­тық мәслихат сессиясында суб­сидияға берген ұсыным құп­талса ғана қарастыратынын мәлім­деді. Бұл жерде облыстан сұралып отырған қаржы көлемі 1,5 мил­лиард теңге екенін айта кетейік. Әзір­ге тараптар айтысып, тар­тысып жүргенде, парктің 10 жүргі­зушісі арыз жазып, өз еркі­мен жұмыстан кетіп қалған. Қалған­дары да жұмысқа шығуға еш құлық­сыз. Қазір жұмысшылардың мүд­десін қорғауға бұрынғы кондуктор Наталья Борисевич кіріскен. Ол сотқа жүгініп, әріптестерінің құ­қығын қорғау үшін республика­лық көлік құралдары кәсіп­одағы­нан көмек сұрамақ.  

Қалалық әкімдік те кәсіпкерлерді қолдап отыр

Мәселенің мән-жайын біл­мек ниетпен осы жұмыстарға ті­келей жауапты Семей қалалық жо­лаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне шықтық. Өкі­н­ішке қарай, олардан тек қалада былтырғы тендерді жеңіп алған үш автопарк бар екенін, жол жүру тарифі қанша екенін, саланы дамы­туда әкімдік тарапынан қан­дай оңды шаруалар атқарылып жатқанын, қалада 2017 жылдың 5 тамызынан бері жол жүру құны 80 теңге, жеңілдігі барлар үшін қырық теңге екенін естіп, білдік. Ескертейік, бұл тариф тек Avtobys мобильді қосымшасы ар­қылы қолма-қол ақшасыз есеп айырысатындар үшін ғана қол­жетімді. Ал қолында картасы жоқ­тар – 140 теңге, жеңілдігі барлар  70 теңгені қолма-қол төлеуге мін­детті. Бұл – Семей әкімдігінің қау­лысымен шығарылған шешім. Бөлім басшылары да автопарк басшысы Болат Қылышбековтің айтқанын қайталап, аталған бағыт­тарды субсидиялау туралы қала әкі­мі орынбасарының қолы қо­йылған хат бірнеше рет облыс­тық жолаушылар көлігі және авто­кө­лік жолдары басқармасына жол­данғанын жеткізді. Ол жақ­тан жауап болмағандықтан, тасы­малдаушылар тарифті көтеру ту­ралы ұсыныспен жергілікті қала билігіне шыққан. Қазір мұның есеп-қисабы тексеріліп, мәселе қаралып жатқан көрінеді. Бірақ бізді ойлантқаны бұл емес еді. «Осы айтқандарыңызды өз аттарыңыздан берейік» деген­імізде, әлгі бөлімнің басшысы Нұр­лан Серғазинов та, оның қара­мағындағы көлік секторының мең­герушісі Гүлнәр Теңізова да ат-тонын ала қашты. «Аты-жөнімізді көр­сетпеңіздер, бөлім атынан дей беріңіздер» деп бір-біріне сілтеп жіберді. Жалпы, осы мәселені сарап­тау барысында көзіміздің жет­кені, Семейдің жолаушылар та­сымалдау мәселесінде талайдан бері шешілмей келе жатқан қор­даланған мәселенің барлығы. Оны Болат Қылышбековтің өзге әріптестері де жасырмайды. Мәселен, «Таксомотор парк» ЖШС директорының орынбасары Бейбіт Қалиолланың айтуынша, қазіргі тариф автобустарды жөн­деуге, жанар-жағармай мен жүр­гізушілердің жалақысын өтеуге толық жетпейді. Мұнымен қоса, мемлекеттен бөлінетін тиісті суб­сидияны алуға да кедергі көп. Сон­дықтан олар  жолақысын 140 теңгеге көтеруді талап етуде. – Қиындықтарға қарамастан қызметкерлердің жалақысын төлеп отырмыз. Кәсіпорын басшылығы ең алдымен өз ауысымында жұ­мысын адал атқарған қызметкер­лерге  тиісті ақшасын беруге баса назар аударады. Бірақ қаражаттың жетіспеушілігі мен мемлекеттен бөлінетін субсидияның болмауы­нан кәсіпорын үлкен шығынға батып отыр. Жанар-жағармайдың бағасы да көтерілді. Сонымен қатар автобустың қосымша бөлшектерін біз көршілес мемлекеттерден тап­сырыспен алдырамыз. Мұның бәрі кәсіпорынға ауыр тиіп отыр. Себебі  карантин кезін­де жолаушылар да аз, – дей­ді «Таксо­мотор парк» ЖШС директоры­ның орынбасары Бейбіт Қали­олла.        

Автопарк басшысы айыппұл арқалады

Жағдайдың ушығып бара жат­қанын байқаған облыс әкімдігі бұл мәселеге өзі араласты. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің 2020 жылғы 20 шілдедегі № 88-r «Жос­пардан тыс тексеру жүргізу ту­ралы» өкімі негізінде облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы бас­қармасы Семейдегі Semey Bus ЖШС-нің жұмысына жос­пардан тыс тексеру жүргізіп шық­ты. Нәтижесінде кәсіпорын қыз­метінде жетпістен астам заң­бұзушылық анық­талды. Бұл жөнінде кеше өңірлік ком­муникациялар қызметінде өт­кен брифинг барысында жоғарыда аталған басқарма басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жос­пардан тыс тексерудің тағайын­далуына Семей өңіріндегі құзыр­лы органдар өкілдері С.Жақия­новадан, И.Яковенкодан және А.Тоғаевадан, сонымен қатар Semey Bus ЖШС ұжымынан (барлығы 40 адам) келіп түскен арыз негіз болған. Соның негізінде ағымдағы шілде айының 23-29 күндері аралығында мемлекеттік еңбек инспекциясы ЖШС-інде тексеру жүргізген. Тексеру барысында Еңбек заң­намасының 72 бұзылу фактісі анық­талған. Атап айтқанда, қыз­мет­керлерге жалақы мен өсімпұл­дарды төлеуде, пайдаланыл­маған демалыстардың өтемақысын беру­де, демалыс және мереке күн­деріндегі жұмыс үшін ақы тө­леу­де заңбұзушылықтарға жол берілген. Сонымен бірге үстемеақыны, сағаттық тарифтік мөлшерлемені толық көлемде төлемеу салдарынан жалақының дұрыс төленбеуі тір­кел­ген. – Еңбек заңнамасын бұзу­шылық­тарға байланысты Semey Bus ЖШС әр кешіктірілген күн үшін қызметкерлерге 4 522 887 теңге көлемінде өсімпұл, еңбек­ке уақытша жарамсыздық бо­йын­ша 41 760 теңге жәрдем­ақы, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін 830 841 теңге өтем­ақы, сонымен бірге 2019 жыл­дың қазанынан 2020 жылдың маусымына дейінгі кезеңдегі жала­қы берешегі – 878 651 теңгені (43 қыз­меткерге) төлеуге және үс­теме жұмыс, мереке және демалыс күн­деріне ақы есептеп төлеуге міндетті. Semey Bus ЖШС-нің қыз­меткерлер алдындағы жал­пы қарызы – 6 274 139 теңге, – де­ді брифингте Қайрат Қадырманапұлы. Тексерудің қорытындысында мемлекеттік еңбек инспекторлары тарапынан Semey Bus ЖШС бас­шы­лығына анықталған заңбұзу­шылықтарды ағымдағы жылдың 31 тамызына дейін жою туралы ұй­ғарым жіберіліп, заңды тұлға 120 АЕК (333 360 тенге) мөлшеріндегі әкімшілік жауапкершілікке тар­тылды.   P.S.  

Сонымен қоғамда және әлеу­меттік желіде үлкен резонанс тудырған мәселенің мән-жайы осылай болып шықты. Субсидияға сеніп, сазға отырған Семейдегі Semey Bus-тың ендігі тағдыры қалай болатыны белгісіз. Ең бас­тысы, облыстық әкімдік дұрыс шешім қабылдап, әлем назары шығысқа, Абай еліне ауып тұрған мерей­тойлы жылда ел алдында ұятқа қалмасақ болғаны...

 

 Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы