Ауыр қылмыстарға жаза қатайтылады
Ауыр қылмыстарға жаза қатайтылады
205
оқылды

Мәжіліс ел Президентінің Жолдауында қойылған міндеттермен үндес жаңа заң жобалары бойынша жұмысқа кірісті. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның жаңа V парламенттік сессиядағы алғашқы жалпы отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылар алдында сөз алған Мәжіліс төрағасы Мемлекет басшысының сессия ашылуы рәсімінде жария еткен Жолдауындағы негізгі бағыттарға депутаттар назарын аудартты.

– Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың Жолдауында белгі­ленген нақты міндеттер заң шы­ғарушылық өрістегі жұмыс­тардың да негізгі ба­сымдық­тарын айқындайды. Мәжіліс депутаттары Жол­дау­ды сапалы заңнамалық қам­тамасыз ету үшін өз жұмысын күшейтуі қажет. Жаңа сессия­да халыққа қажетті заңдар қабылдайтын боламыз. Осы­ның барлығы, сөзсіз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған даму стратегиясын ары қарай іске асыру үшін тиімді ұстынға ай­налады, – деді палата спикері.

Осы жауапты міндетті абы­роймен атқару үшін бүгіннен бастап белсене іске кірісу қа­жетін еске салған Н.Нығма­тулин, әсіресе, экономиканы жаңғыртуға, әлеуметтік ахуалды жақсартуға, бюджет және салық жүйелерін жетіл­діруге, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын қорғауға, шағын және орта бизнесті қолдауға, экология­лық мәселелерге ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Бұған қоса, Мәжіліс Үкі­метпен және Есеп комитетімен тізе қоса отырып, бюджет қар­жыларының өз орнына ұтым­ды жұмсалуына қол жеткізуі керек.

Палата басшысының бай­ла­мынша, депутаттық корпус сондай-ақ мемлекеттік сатып алу үдерісін ретке келтіруге баса мән береді. Сот және құ­қық қорғау жүйелерін рефор­малауға заңнамалық қолдау көрсетеді. Парламентшілер адам зорлау, педофилия, есірт­кі тарату, адам саудасы және басқа да ауыр қылмыстар, сонымен қатар браконьерлік үшін жазаны заң жүзінде қатайтатын болады.

– Президент бізге Үкімет­пен бірлесіп, жер ресурстарын тиімді пайдалану тетігін әзірлеу міндетін қойды. Бұдан бөлек, цифрлы экономиканы, отандық ақпараттық-комму­никациялық инфрақұры­лымды дамытуға бағытталған заң қабылдауға тиіспіз. Бізді Экологиялық кодекстің жаңа редакциясын даярлау жұмы­сы күтіп тұр, – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Сонымен бірге, ол Мә­жі­ліс­тің бүкіл заң шығарушы жұ­мысы одан ары да жариялылық режимде, азаматтық қоғам мен ақпарат құралдары өкіл­де­рі­мен өзара ынтымақ­тас­тық­та жүргізілетінін мәлімдеді.

Н.Нығматулин осы сессия­дан бастап Мәжілістің ресми сайтында бұрынғыдай тек палатаның жалпы отырысы ғана емес, сондай-ақ жұмыс топтарының, комитеттердің отырыстары да, қоғамдық маңызды жаңа заң жобала­ры­ның тұсаукесерлері де онлайн режимде, тікелей тараты­латынын хабарлады.

– Алдымызда үлкен, сал­мақты міндеттер тұр. Біз олар­мен жедел түрде айналысуға тиіспіз! – деп нықтады палата спикері.

Күн тәртібіне сәйкес, жал­пы отырыста Мәжіліс депутат­тары Үкімет әзірлеп, енгізген 18 жаңа заң жобасын жұмысқа қабылдап алды. Олардың кө­теретін мәселелері негізінен Президенттің жаңа басым­дықтарымен үндес келеді. Олардың қатарында «Астана» халықаралық қаржы орта­лығы туралы» конститу­ция­лық заңға түзетулер, Ұлттық қордан алдағы үш жылдағы ке­пілдендірілген транс­ферт­тер, өңірлік бюджеттерге жал­пы сипаттағы трансферт­тер­дің көлемі және 2020-2022 жыл­дарға арналған рес­публика­лық бюджет туралы заң жоба­лары бар. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» және оған ілеспе заң жобасы, еңбек, ту­ристік қызмет мәселелеріне қатысты түзетулер және қыл­мыстық жолмен алынған кі­рістерді заңдастыруға, тер­ро­ризмді қаржыландыруға қар­сы іс-қимыл мәселелері бо­йынша түзетулерге қатысты қорытынды әзірлеу мерзімі белгіленді.

Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттары Бақтияр Мәкен­нің, Гүлнар Иқсанованың өкі­леттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабыл­данды. Ал партиялық тізіммен Nur Otan атынан жаңадан сай­ланған депутаттар Г.Әбді­қалықова, Н.Әшімбетов және Ж.Омарбекова ант берді. Бұл ретте Гүлшара Наушақызы Мә­жіліс төрағасының ұсыны­сымен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы болып сайланды.