Түнгі төбелесте чемпион қайтыс болды
Түнгі төбелесте чемпион қайтыс болды
126
оқылды
Дамбыда оқ атылып, адам өлімі болғаны туралы хабар тез жеткенімен, оқиғаның анық-қанығы жұртшылыққа жете қоймаған болатын. Талантты жас спортшы, грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсу күрестерінен Аты­рау облысы құрама командасының мүшесі, жас­өспірімдер арасында әлем және Азия чем­пионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Есенбек  Сиғуатовтың мезгілсіз көз жұмуына бай­ланысты Атырау облысы спорт  қоғамының  марқұмның отбасына көңіл айтқаны туралы жазба әлеуметтік желіге жүктелгеннен соң облыс халқы бола­шағынан үміт күткен жас спортшының қазасы туралы естіді. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, түнгі сағат 3.00-де болған  Атырау қаласы Дамбы ауылының екі тұрғыны арасындағы келіспеушіліктің ақыры  қару қолдануға барған. Оқ атылып,  2002 жылы туған азамат  дене жарақатын алып, ауруханада   қайтыс болған. Полиция қызметкерлері ізін суытпай күдіктіні анықтап, 1994 жылы туған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Іс бойынша қажетті сараптамалар тағайын­далған. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің  99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша жүр­гізілуде. Жалпы, биыл атыраулық спортшылардың көлденең оқиғалардан қайтыс болу дерегі облыс халқының қайғысын еселетіп тұр. Бұған дейін Атырау облысы құрамасының үш боксшысы жол көлік апатынан қайтыс болған еді.  

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы