Дамбыда оқ атылып, адам өлімі болғаны туралы хабар тез жеткенімен, оқиғаның анық-қанығы жұртшылыққа жете қоймаған болатын. Талантты жас спортшы, грепплинг, қоян-қолтық ұрыс және джиу-джитсу күрестерінен Атырау облысы құрама командасының мүшесі, жасөспірімдер арасында әлем және Азия чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы Есенбек Сиғуатовтың мезгілсіз көз жұмуына байланысты Атырау облысы спорт қоғамының марқұмның отбасына көңіл айтқаны туралы жазба әлеуметтік желіге жүктелгеннен соң облыс халқы болашағынан үміт күткен жас спортшының қазасы туралы естіді. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, түнгі сағат 3.00-де болған Атырау қаласы Дамбы ауылының екі тұрғыны арасындағы келіспеушіліктің ақыры қару қолдануға барған. Оқ атылып, 2002 жылы туған азамат дене жарақатын алып, ауруханада қайтыс болған. Полиция қызметкерлері ізін суытпай күдіктіні анықтап, 1994 жылы туған азамат уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Іс бойынша қажетті сараптамалар тағайындалған. Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша жүргізілуде. Жалпы, биыл атыраулық спортшылардың көлденең оқиғалардан қайтыс болу дерегі облыс халқының қайғысын еселетіп тұр. Бұған дейін Атырау облысы құрамасының үш боксшысы жол көлік апатынан қайтыс болған еді.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы