Тойханалар қарапайым заттар шығаратын кәсіпорынға айналады
Тойханалар қарапайым заттар шығаратын кәсіпорынға айналады
Фото: Интернеттен алынды
170
оқылды
Қармақшы ауданындағы 3 тойхана иесі бизнестегі бағытын өзгертті, – деп жазады «Қазақпарат». Аудандағы Дүр Оңғар ауылында темірбетон өнімдерін шығаратын цех ашылды. Құрылыс материалдары өндіріледі.
«Ауылда суға салатын кіші және үлкен «лотоктарға» сұраныс зор. Сондай-ақ біз қабырға тақтасын да шығарып жатырмыз», – деді серіктестік директорының орынбасары Оралбай Машарапов.
Ауыл тұрғыны Ерсін Өтеев те өз кәсібін әртараптандыруды көздеп отыр. Ол шеге, тор, тікенек сым сияқты ауыл шаруашылығына қажетті өнім түрлерін шығаратын құрылғы сатып алған. Ол үшін мемлекеттік қолдау аясында жеңілдетілген несие алған. Жалпы, Қармақшы ауданында құны 28 миллион теңгені құрайтын 4 жоба «Қарапайым заттар экономикасы» аясында жүзеге асқан.
«Жыл басынан бері 54 кәсіпкер 296 миллион теңге көлемінде несие алып, өз кәсібін дөңгеленте түсті. Қазір ауданда 27 кіші цех ашылды», – деді Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков.
Карантин кезінде бұрын тойхана бизнесімен айналысқан кәсіпкерлер қатарында ісін жаңа бағытқа бұрған кәсіпкерлер саны артты. Олардың бірі түшпара әзірлейтін цех ашуға ниет білдірсе, енді бірі құс шаруашылығын ашу үшін арнайы жоба дайындауда. Қармақшы аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы
Еркебұлан Әбдікеров: «Тағы бір тойхана иесі желілік дүкен ашуға ниет білдірді. Оған қоса, кенттегі тойхана қонақ үй есебінде пайдаланылуда», – деді.