Бұл дегеніміз – күніне 3 мыңнан аса адам пайдаланады деген сөз. Яғни, қоғамдық көліктің уақытша тоқтатылуы велосипедке отырушылар санының артуына әсер етті. «Жалпы, биыл астаналықтар арасында велосипедке деген сұраныс жоғары. Оның үстіне, қоғамдық көлік тоқтап тұрған кезде көп адам екі дөңгелекті көлік құралына көшті. Осы орайда, айта кетсек, тұтынушылар велосипед стансасы мен велосипедке қатысты мәліметтермен velobike.kz сайтынан таныса алады. Алдағы уақытта мобильдік қосымша қызметін қосу мәселесін де қарастырып жатырмыз», – деді City Transportation Systems ЖШС-нің қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі Оксана Лоскутова. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында велошеринг қызметі алғаш 2014 жылы қолға алынған. Биыл велосипедтерді жалға беру қызметі жұмысын 13 мамырдан бастады. Мамыр айында қала бойынша 50 станса және онда 200 велосипед болса, қазір 155 стансада 833 велосипед бар. Алдағы уақытта тағы торлықтыру көзделген.
«Қауіпсіз көліктің» қаупі неден?
Дегенмен елордада велосипед тұтынушыларын мазалайтынын мәселелер де жетерлік. Оның алғашқысы – велосипедке арналған жолдар. Қала веложолдармен толық қамтылмаған. Биыл Нұр-Сұлтанда 45 шақырым веложол салынса, алдағы 3 жыл ішінде 130 шақырымға арттыру жоспарланған. Сондықтан велосипедшілерді көбейтеміз десек, алдымен елорданы тиісті жолмен қамту мәселесін толық шешіп алған жөн болар. Себебі біріншіден, арнайы жолы жоқ жерлерде автокөлікпен қатарласып жүру адам өміріне қауіпті. Екіншіден, тротуарға шықса жаяу жүргіншіге қауіп төндіреді. Бұл көлік түрінің инфрақұрылымына қатысты арнайы қағида-ережелер қажет секілді. Өйткені жол қозғалысына қатысты ережеде ол бірде көлік құралы, бірде жаяу жүргіншімен теңестіріледі. Сонымен бірге велосипедті жалдап алған азаматтардың көбі оны тұраққа қоя алмай, бөгеліп қалатыны бар. Ал оны дұрыс қоймаған жағдайда берешек болып қалады. Осы жылдан бастап қаладағы қоғамдық велосипед қызметі City Transportation Systems компаниясының қарамағына көшкен. Компания өкілдері кейбір стансаларды ауыстыру қажеттігін де мойындайды. Елордада велосипедті жалға алуда студенттер, зейнеткерлер мен ерекше қажеттілігі бар адамдарға 50 пайыз жеңілдік бар. Ал шілдеден бастап, бірқатар санаттар осы жеңілдікке ие болады. Олар: Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандар және соларға теңестiрiлген адамдар, Ауған соғысы ардагерлері, көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балалар, барлық топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бұл тек Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген және тұрақты тұратын азаматтарға ғана қатысты. Жеңілдік санаттарын әлі де арттыра түскен жөн болар. Себебі соғыс ардагерлері мен мүмкіндігі шектеулі жандардың велосипед тепкені былай тұрсын, жүріп-тұруы екіталай. Бұл тек жеңілдік алушылар тізімін арттырудағы қажетті тәсіл ғана секілді. Жастар мен жасөспірімдер, жұмысқа қабілетті азаматтарды ескере отырып түрлі деңгейде жеңілдіктер қарастырылса, велосипед тебетін тұрғындар саны арта түсетіні анық. Елорданың ауа райы онсыз да жыл бойы велосипед тебуге келмейді, ары кетсе – 4-5 ай. Мәселен, Данияда веломәдениет айрықша дамыған. Аталған мемлекеттің тұрғындары қос дөңгелекті көлікті қыста да мініп жүреді. Олар шынжырсыз велосипед те ойлап тапқан. Біз жаңа велосипед ойлап таппасақ та, жаз айларында онымен емін-еркін жүріп-тұруды қамтамасыз ету арқылы қоршаған ортаның жағдайын бір қалыпты ұстауға септігін тигізері сөзсіз.Белсенділік тек карантинде ғана ма?
Біз сөз етіп отырған қала ішіндегі велосипедті жалға алу жайы еді. Ал табиғат аясында демалатын орындардың бірі қала сыртындағы жасыл белдеуде салынған. Қорғалжын тасжолы мен Қосшы кентіне қарай өтетін жолды жалғайтын 23 шақырымдық велотрасса бар. Ені екі метрлік велотрассаның екі жағына түрлі ағаштар егілген. Жол бойында демалатын орындар мен қоқыс тастайтын жәшіктер орнатылған. Веложол тақтайдай, таза ауасы, салқын саясы бар. Велосипед теуіп үйренушілерге, серуендеуші жандарға таптырмас орын. Аталған орын 2016 жылы пайдалануға берілген. Десе де, елордалықтардың бірі білсе, бірі біле бермейді. «Мен босындай тамаша ағаштардың арасында демалатын орынның және велосипед жолының бар екенін естігенмін. Өзім екінші мәрте келіп тұрмын. Бұрын жұмыстан қол тие бермейтін. Оның үстіне, демалу үшін басқа аймақтарға барушы едік, велосипедті де сол жақта тебетінбіз. Қазір отбасымызбен келдік. Жалпы, карантин бітсе де, қолымыз тигенде келіп тұратын боламыз» дейді елорда тұрғыны Ербол Тілеубек. Өзге кезде санаулы ғана адам жүретін велотрассаға да барушылар саны артқан. Демалыс күндері тіптен көп. Онда барушылардың басты мақсаты – велосипед тебу болғандықтан, жалға берілетін көліктің саны өте аз екені байқалады. Есесіне жеке велосипедімен келетін балалар мен жастарды көп көруге болады. Веложол қала сыртындағы елді мекендерге жақын орналасқандықтан елді мекендерден баратындардың саны да артқан. Велосипед арзан көлік дейміз. Жеке велосипед болғаны жақсы, дегенмен қазіргі карантин кезінде жұмысынан айырылып, кірісі азайған отбасыларға жеңіл соқпасы анық. Мәселен, елордада балаларға арналғандары 25-60 мың теңге аралығында, ал ересектердікі 50 мыңнан бастылып 200 мың теңгеге дейін жетеді. Велосипед тебушілер санының артуы тек карантинмен байланысты болса, тек қажеттіліктен туған, болмаса бос жатып іш пысқандықтан, ал егер шынымен осы бағытқа бет бұра бастаса, веломәдениетке жасалған қадам болмақ. Велосипедті әлі де көлік сатып алуға жағдайы келмейтіндер мінетін техника деп қана білетіндер баршылық. Бұл экологиялық жағын былай қойғанда, қауіпсіз көлік түрі. Қауіптілігі тек тиісті инфрақұрылымының болмауында. Сондықтан велосипед мәдениетін дамытуға мемлекет те мүдделі болуы тиіс қой деп ойлаймыз.Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ