Шалғайдағы мектептерге рұқсат берілмек
Шалғайдағы мектептерге рұқсат берілмек
Енді жақын күндері мектеп оқушылары үшін жаңа оқу жылы басталады. Алайда елдегі коронавирус пандемиясына қарсы күрес бағытында жа­рияланған карантин  режиміне қатысты күн тәртібінде оқу­шылар сабақты қалай оқиды деген үлкен мәселе туып тұр. Осыған орай, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы  онлайн режимде брифинг өткізіп, жаңа оқу жылының дайындық барысы туралы мәлім етті. Жаңа оқу жылын оқу­шылардың 92 пайызы қа­шықтан оқыту форматында оқитыны айтылды. Сондай-ақ облыстағы эпидемиялық жағдай тұрақтанып, об­лыстың  бас санитар дәрігері рұқсат берсе, балалаp саны 180-нен аспайтын шалғайда орналасқан шағын-жинақы мектептерге дәстүрлі түрде оқуға рұқсат беріледі деп жоспарланып отыр. «Түркістан облысында мұндай шағын мектептер саны – 139, ондағы оқушы саны  12 мыңнан асады. Осы орайда, жергілікті аудан, қала әкімдері мен Білім басқармасы бірлесіп, барлық тиісті қауіпсіздік шараларын қабылдауы қажет. Ең алдымен мектепте медициналық қызметкер күні бойы оқушыларды бақылауы қажет. Санитайзерлер орнатылып, әр партаға тек бір оқушыдан отыруы тиіс»  деген облыс басшысы шалғай ауылдарға ғаламтор же­лісін тарту, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына компьютер беру, оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету мәселесіне тоқ­талды. «Бүгінгі таңда аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан оқушылардың ком­пьютері жоқ. Ол үшін Үкімет тарапынан 57 мыңнан астам компьютер әперу процесі жүруде. Аталған техникалық жабдықтар I тоқсанның аяғына дейін жеткізіледі. Компьютерлік техника аз қамтамасыз етілген отбасынан шыққан білім алушыларға және ұстаздарға қашықтан оқыту кезінде пайдалану үшін уақытша берілетін болады», – деп атап өтті. Ал облыстағы 838 елді ­мекеннің 707-де интернет және ұялы байланыс жүйелері бар, ал 131 елді мекенде интернет желісі жоқ. Бұл мәселені оңтайлы шешу бойынша Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, ұялы операторлар «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе отырып, 2 жылдық дамыту бағдарламасын даярлауда. Сондай-ақ оқу жылына дайындық ба­рысында облыстағы барлық білім ме­кемелеріне қажет оқулықтардың 100% қаржысы төленіп, тасымалдау жұмыстары ұйымдастырылды. 25 тамызға дейін барлық оқушыға қажетті оқулықтар жеткізілетін бо­лады. Бұдан бөлек, биыл облыста 18 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.  

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы