«Осы уақытқа дейін қызметіне тыйым салынбаған нысандар дүйсенбіден әрі жұмысын жалғастыра береді. Осы нысандардан бөлек, сауда және ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің жұмысы қайта жанданады. Егер бұған дейін сауда орталықтарында дәріханалар мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істесе, дүйсенбіден бастап сауда орталықтары да жұмыс істей алады», – дейді Айжан Есмағамбетова. Сондай-ақ, сауда желілері мен ашық базарлар жұмыс істей бастайды.
«Сұлулық салондары, шаштараз, SPA-орталықтарының жұмысына рұқсат етіледі. Бұл нысандардың барлығына қатаң талаптар қойылады. Бизнес нысандары осы талаптарға сай болуы керек. Талаптар ең алдымен, карантинді жеңілдетудің алғашқы кезеңдерінде нысанда адамдардың көп жиналмауына, әлеуметтік қашықтықтың қамтамасыз етілуіне бағытталған», – деді ол.Оның айтуынша, ересектер мен балаларға арналған білім беру орталықтары да ашылады. «Бірақ біз осы орталықтардың қызметін шектейміз, яғни бір топта 5 адамнан аспауы керек. Ал сабақтар алдын ала жазылу, күшейтілген дезинфекция және әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы жүргізілуі керек. Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына да рұқсат етіледі. Бірінші кезеңде олар кезекші топтар түрінде жұмыс істейді. Әр жасқа 15 баладан аспайтын кезекші топтар құрылады», – деді Айжан Есмағамбетова.