Шығыс Қазақстан облысында «Үздік әлеуметтік жобалар – 2019» байқауының жеңімпаздары анықталды. Құрамына әр саланың мамандары кіретін аумақтық және өңірлік комиссиялар байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға ниет танытқан 13 өтінімді қарап, соның ішінде 4 бағыт бойынша төмендегі жобалар үздік деп танылды.
Шарада сөз сөйлеген Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов Қазақстанда әлеуметтік жобаларды жүзеге асырудың көмегімен өмірдің қиындықтарына тап болған азаматтарға, көмекке зәру жандарға көмек пен қолдау көрсетіліп жатқанын айтты.
– «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауы 2014 жылдан бері Nur Otan партиясының қолдауымен жүзеге асырылып келеді. 2018 жылдан бастап байқау аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жобалар ұйымдастыруға баса назар аударыла бастады. Байқаудың негізгі мақсаты –азаматтардың өздеріне деген сенімділігін және табысқа жетуге деген ұстанымдарын қалыптастыру, – деді Ә.Мұхтарханұлы.
Байқау қорытындысы бойынша «Өмірлік қиын жағдайларды жеңуге көмек көрсету» бағытында «Ғажайыптар елі» оңалту және дамыту орталығының жетекшісі Лилия Мамбурова жеңімпаз атанды. «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» бағыты бойынша «Дәрмен» әлеуметтік-оңалту орталығы «Зайсан жастары» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жансая Мұстабекова үздік деп танылды. «Әлеуметтік саладағы волонтерлік қозғалысты дамыту» бағыты бойынша «Өскемен – Асар» автоволонтерлері жобасының авторы Анна Мазаева жеңіске жетті. «Тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету» бағыты бойынша «Барлығына қолжетімді мектеп» жобасының жетекшісі Ирина Ляховская марапатталды.
– «Мүмкіндігі шектеулі адамдарды қоса алғанда, азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу» бағыты бойынша жобамызды ұйымдастырушы тарап жоғары бағалап, жеңімпаз деп танығаны үшін қуаныштымыз. Осындай байқаулар біздің жұмысымызға тың серпін береді, – дейді «Дәрмен» әлеуметтік-оңалту орталығы «Зайсан жастары» қоғамдық бірлестігі жобасының авторы Жансая Мұстабекова.
Жеңімпаздарға Nur Otan партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атынан алғысхаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.