Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары коронавирус пандемиясы кезінде халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және гуманитарлық көмекті бөліп, тарату мәселесі бойынша денсаулық сақтау, сыртқы істер, қаржы министрліктерінің және тағы басқа мүдделі ведомстволардың басшыларымен ведио-конференция форматында кездесу өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдеде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында індеттің Қазақстанға тигізген зардабының себептеріне тоқталып, оның алдын алудың нақты шараларын анықтап берген болатын. Соған орай бүгінгі кездесуге қатысушылар алда тұрған міндеттерді бірлесіп іске асыру жөнінде пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой және бірінші қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов осы бағытта атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Іс-шараға қатысқан Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров қазіргі таңда депутаттар жұмыстарын өңірлерде жалғастырып жатқанын, бұл өз кезегінде елімізде қалыптасқан ахуалды нақты бағалауға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті. [caption id="attachment_64714" align="alignnone" > Фото ашық дереккөзден алынды[/caption] Кездесу барысында Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығына қаратып басқа ведомстволармен және өңірлермен тығыз байланыста жұмыс істеу керектігі айтылды. Өйткені әлі күнге дейін дәрі-дәрмекті жөнелтуде, әсіресе, шалғай аудандарға жеткізуде кешігу жайттары және олардың бағасына қатысты мәселелер тіркелуде. Бұл халықтың наразылығын тудыратын жағдай. Осыған орай «СК-Фармация» ЖШС-ның бастамасымен құрылатын тиісті жұмыс тобына Парламент депутаттарын қосу ұсынылды. Сондай-ақ, аталған топқа азаматтық қоғамның білікті өкілдерін қосу мәселесі де сөз болды. Сенаторлардың сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар барынша ашық әрі бақылауда болуға тиіс. Сонымен қатар Сенат депутаттары Денсаулық сақтау министрлігі өңірлерді қажетті препараттармен қамтамасыз ету мәселесі бойынша нақты мәліметтерді біліп қана қоймай, бұл үдерісті тыңғылықты және күнделікті мониторинг жүргізу арқылы үйлестіру керектігіне де назар аударды. Дәріханалардың көтерме-бөлшек желілерінің жұмысын жолға қоюға, оның ішінде баға мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар кездесуде шет мемлекеттерден келген гуманитарлық көмекті қабылдау, бөлу және қажеттілікке қарай олардың құрамы кеңінен талқыланды. Бұл мәселе бойынша еліміздің сыртқы істер министрлігімен үйлесімді жұмыс істеу ұсынылды. Одан бөлек, іс-шараға қатысушылар пандемиямен күрес кезінде халыққа көрсетілетін волонтерлік көмектің аясын кеңейту және соған байланысты қазіргі нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелерін талқылады. Сенат депутаттары дерті асқынған жандарға (созылмалы, онкологиялық, жүрек аурулары және т.б.) көрсетілетін медициналық көмекті қалпына келтірудің де маңызды міндет екенін назардан тыс қалдырмады. Мұндай көмектің деңгейі індетке байланысты соңғы айларда айтарлықтай төмендегені белгілі. «Сенат депутаттары денсаулық сақтауға қатысты мәселелерді бақылауда ұстап отыр және әрдайым қажетті көмек көрсетуге дайын. Азаматтардың өміріне қауіп төндірген ауыр жағдайдан кейін де бір ай уақыт өтті. Енді қайтып ондай олқылықтарға жол беруге болмайды», – деді Жоғарғы Палатаның вице-спикері Асқар Шәкіров. Кездесу нәтижесінде, депутаттардың өңірлердегі сапарлары жалғасып жатқаны ескеріліп, қатысушылар алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеу жөнінде ортақ мәмілеге келді. Аталған іс-шараға сенаторлар Қайрат Қожамжаров, Дана Нұржігітова және Нұржан Нұрсипатов қатысты.