Мамания мектебі қайта жаңарды
Мамания мектебі қайта жаңарды
291
оқылды

Еліміздің әр аймағындағы ауылдарда тозығы жетіп қаңырап қалған нысандар жетерлік. Содан ба кезінде тіршіліктің қыз-қыз қайнаған ордасына айналған өлкелер бұл күнде сұрқай тартып, суықтанып бара жатыр. Әрине, оны қайта тірілту, өңі қашқан өлкенің шырайын кіргізу – біз бен сіздің, ел азаматтарының міндеті.

«Елім маған не береді емес, мен еліме не беремін» де­­ген ұстаным, осы жолы да ал­дан шығады. Мемлекет қам­­қорлығы жетпей жатқан шал­ғай ауылдарға сол жерден шық­қан, бүгінде кәсібі мен нәсібі тасыған азаматтар кө­мек қолын созып жатса, бұл әл­бетте, құптарлық іс. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында «қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған. Пат­рио­тизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен баста­ла­ды. Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын» деген еді. Елбасының осынау ұсынысын ту еткен кәсіпкер Молдияр Нұр­баев Ақсу ауданы Ақсу ауы­лындағы 55 жылдан бері жөндеу көрмеген мектепті күрделі жөндеуден өткізіп берді. Әрі қарай мектеп жанынан спорт кешенін салу да жоспарында бар. Оқушылар да биыл жаңа оқу жылын азып-тозған ескі ғи­ма­ратта емес, еңсесі биік жа­ңа мектепте қарсы алып жа­ды­рап қалды.

– Осы жерде туып-өстім. Ата-бабаларым да осында жер­лен­ген. Өзім осы мектепте оқып, 1967 жылы бітіріп шық­тым. Біздің кезде мыңға жуық бала оқитын. Кейін уа­қыт өте келе ауылдан адам­дар көшіп, жағдай тіпті мүш­­­кілденген. Бірде аудан әкі­­мі­мен сөйлесіп қалып, мек­­теп жағдайының нашар еке­­нін естідім. Содан ойлана келе туған ауылыма, өзіміз оқы­ған мектепке аз да болса кө­мек берейік деген байламға кел­дік. Ең бірінші балаларға жағ­дай жасалуы керек. Олар­ға көмектесу, солардың келе­ше­гі үшін қызмет ету – біздің азаматтық міндет. Жолдың нашарлығына қарамай, құ­ры­­­лыс материалдарын Алма­ты­дан тасыдық. Жалпы ал­ған­да, мектептің қасбеті то­лық өз­геріп, шатыры, едені, тере­зе­лері, жылу құбырлары түгел­дей жаңартылды. Мұнда шү­кір, ауызсу бар. Бірақ ауызсу мәсе­лесі қиындау екен. Соны да реттестіріп, су тарттық. Атқа­ры­латын шаруа әлі де көп, – дейді Молдияр Қылшықұлы.

WhatsApp Image 2019-09-03 at 12.12.30.jpeg

Кәсіпкер мектепке арнап жаңа көлік те сатып алып бе­ріп­ті. Одан бөлек оқушыларға он компьютер, интерактивті тақ­та, түрлі оқу құралдары да сыйға тартылған. Мұндай сый-сияпаттан ұстаздар да кен­де қалған жоқ. Оларға да бір­­неше ноутбук беріліп, әкім­ші­лік кабинеттері заманға сай жасақталды.

– Төрт балам да осы Мамания мектебінде оқиды. Үлкен екі ба­лам оқушы болса, кішілері ба­лабақшаға барып жүр. Мек­теп суық болғандықтан ба­ла­лардың денсаулығын ой­лап сабаққа жиі жібермей қа­латынбыз. Мен ғана емес, көбі солай істейтін. Сабаққа бара қалса, киімдерін шешпей, баскиімдерін киіп отыратын. Жаңбыр жауса, төбеден су аға ма деп қорқатын едік. Қазір соның бәрінен ада болдық. Ағамыз мектепті толықтай жаңалап, балалардың еш алаңсыз білім алуына жағдай жасап отыр. Алғысымыз зор, – дейді ата-ана Арай Серікқызы.

Аудан басшылығының ай­­туынша, туған жеріне ке­ліп дәл мұндай жақсылық жа­­сау – үлкен мәрттік, дара дег­­дарлықтың көрінісі. Жер­лес­терінің жақсылығына риза болған ауылдықтар өз кезегінде Молдияр Нұрбаевтың кеудесіне арнайы төсбелгі тағып, алғысын жеткізді.

Мамания мектебін Жетісудің атақты байы Маманның балалары Тұрысбек, Сейітбаттал және Есенқұл қажылар XX ғасырдың басында салдырған. Оның архитектурасы мен оқу жүйесі Уфадағы «Ғалия медресесіне» ұқсатылған екен. Алаш қайраткері, ақын Ілияс Жансүгіров те – осы Мамания мектебінің түлегі. 1940 жылдардың бас кезінен мектепке Ыбырай Алтынсарин есімі берілді. 


– Молдияр ағамыз мектепке жаңа көлік сыйлады. Бау-бақ­ша жайқалсын деп су тарт­қы­зып берді. Келесі жылы спорт кешенін ашсам деп жос­пар­лап отыр. Осының бәрі, әрине, игілікті шаруа. Көмек қолын созған азаматтардың арқа­сын­да жаңа оқу жылына 100 пайыз дайын болдық, – деді мектеп директоры Алпамыс Қазбанбетов.

Кәсіпкердің өзі «ауыл көр­кей­се, ел-жұрт қайта оралар, суы-нуы жайқалған баяғы дәу­ре­ні қайта келер» деп үміт етеді. Бір айдан соң өзінің тікелей бастамасымен Ақсу ауданында әйгілі ақын Ілияс Жансүгіровтің ескерткіші бой көтермек.

WhatsApp Image 2019-09-03 at 12.12.29 (1).jpeg

Аудан әкімдігінің дерегіне сүйенсек, қазір аудандағы 41 мектептің 11-і әбден ескірген. Бір сөзбен айтқанда, дәл осын­дай жомарт жандардың кө­ме­гіне мұқтаж деген сөз. Ал демеуші қолын тілеп тұрған оқу ордалары еліміз бойынша қаншама десеңізші?! «Туған жер­ге туыңды тік» ұстанымын серік еткен азаматтар өз ауылдарына кө­мек­тессе, еліміз жайқалып-ақ кетер еді. Ал Мамания мек­­тебінің оқушылары мен ұс­таз­да­ры жаңа оқу жылына тың сер­пінмен кірісері сөзсіз.