Негізі құтқарушылардың қызметі оңай емес. Өз өмірін бәске тігіп, өзгені құтқарып қаруға жан салады. Сондай-ақ құтқарушыларға тәулік ішінде қызық та шақыртулар түсіп жататыны бар. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің «112» телефон нөміріне түскен шақыртуларды естіп, еріксіз езу тарттық. Мәселен кеше сағат 12.27-де Тараз қаласының тұрғыны талдан мысығын түсіру үшін құтқарушылар шақырған. Оқиға орнына 4 құтқарушы жетіп, мысықты талдан алу үшін тер төккен. Ал кешкі сағат 18.20-да Тараз қаласындағы тұрғын үйдің бірінде қақпа астында қысылып қалған күшіктерді сала мамандары құтқарған. Сағат 13.55-те болса, Байзақ ауданын 16 жасар қыздың саусағындағы сақинаны шешіп беру туралы шақырту түскен. Құтқарушылар өз кезегінде слесарлық құралдың көмегімен қыздың саусағындағы сақинаны кесіп, құтқару жұмыстарын жүргізген. Дәл сондай кешкілік сағат 21.04-те енді Тараз қаласының 18 жасар тұрғыны қолындағы сақинасын шеше алмай, құтқарушылардың көмегіне жүгінген. Міне, осылайша облыстық құтқарушыларды өңір тұрғындары жұмыссыз жатқызбауда. Бірі мысығын талдан алып беруге шақырса, енді екіншілері қолындағы сақинасын шеше алмай мамандарды мазалаған. Десе де, қырағы құтқарушылар қай шақыртуға болмасын жедел жетіп, қызметтерін адал атқаруда.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы