Қазақ вальсінің королі атанған даңқты композитор Шәмші Қалдаяқовтың музейі өзінің туған жері – Отырар ауданында ашылды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі. Айтулы оқиға сазгердің 90 жылдық мерейтойына орайластырылған. Айта кету керек, осы күнге дейін не оңтүстік өңірінде, не республика аумағында Шәмші Қалдаяқовқа арналған бірде-бір музей болмаған.
«Бүгін – айтулы мереке. Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл толып отыр. Алайда, осы облысқа келгелі Шәмшінің кіндік қаны тамған жерде оған арналған музейдің жоқ екенін білдім. Тіпті, бүкіл республикада «Қазақ вальсінің короліне» арналған бірде-бір музей жоқ. Аз уақыт ішінде кеткен кемшіліктің орнын толтыру үшін тапсырма беріп, демеушілер есебінен Шәмші музейінің ашылуын қолға алдық. Шәмші музейі – Жидебайдағы Абай музейі секілді жас композиторлар мен жас әншілер тәу ететін зиярат орнына айналуы тиіс», - деді нысанның салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.