Мәліметінше, Талғар ауданының полицейлері аса ірі көлемде материалдық шығын келтірді деген күдікпен 46 жастағы жергілікті тұрғынды қамаққа алды. Алаяқ 3 адамды алдап, 11 млн теңге сыпырып әкеткен.
Талғар ауданының полициясына жергілікті тұрғындардан Б. есімді азаматтың сенімге кіріп, ірі соманы алып әкеткені туралы арыз түскен. Тергеу барысында зардап шегушілер жиған-терген қаржысын «қымбат көліктерді арзан бағада алып беремін» деген уәдесіне сеніп қалған."Сотқа дейінгі тергеу барысында арыз берушілер мен күдікті азаматтың өзара туыстығы анықталды. Күдікті қымбат көліктерді нарықтан төмен бағада әкелемін деген уәде беріп, 3 туысынан 11 миллион теңге алғаны белгілі болды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды", - деді Талғар ауданы ПБ Тергеу бөлімі бастығының орынбасары полиция капитаны Азамат Слямов.
Полиция өкілінің айтуынша, күдіктінің осыған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Алаяқтық дерегі бойынша қозғалған сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің кінәсін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жинақталып, іс материалдары жақын арада сотқа жолданатын болады.