67 ағашты бүлдірген мердігер
67 ағашты бүлдірген мердігер
145
оқылды
Шаһардың ең көрікті, кісі көп жиналатын саябағының бұрын­ғыдан да ажарлана түскені, әрине көпшілікке ұнайды. Дегенмен осы жөндеу жұмыстары басталғалы құрылыс жұмыстарының жүргі­зілуіне қала тұрғындарының көңілі толмай-ақ қойды. Алматылықтар өткен айда саябақ аумағындағы қазылған үлкен шұңқырға шүйлі­гіп, әкімдіктің Жайлы қалалық ор­та басқармасы оған түсінік бер­ген. Құзырлы мекеме қызмет­кер­лері шұңқыр қосымша резер­вуар ұстау үшін қазылғанын айтқан болатын. Сол кезде басқарма өкіл­дері «Саябақтың суару жүйесін үздіксіз сумен қамтамасыз ету үшін абаттандыру жобасында қосымша резервуар орнату қарастырылған. Қазіргі таңда ауданы –12/9/4,85 метр, көлемі  300 текше метр бо­ла­тын резервуар орнату бастал­ды» деп жауап берген еді. Дегенмен саябақтағы абат­тандыру жұмыстарына тұрғындар әлі де алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені мердігер компания жаңарту жұмыстарын жүргізген кезде тал-теректердің тамырына зиянын тигізіп жатыр. Алматы­лық белсенділер мен экологтар сая­баққа арнайы барып рейд жүр­гізді. – Бұл жерге өткен айда да рейд жүргізіліп, мердігер компа­нияға айыппұл салынған. Мер­дігер компания 505 және 386-бап бойынша заң бұзып отыр. Тал­дардың тамырына зақым келген. Бұл 45 жыл бұрын егілген ескі ағаштар. Кез келген сәтте құлап кетуі әбден мүмкін. Жа­қын­да қа­ла­да осындай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Абырой бол­ған­да, көшеде ешкім болмады. Ал бұл жерде қарт кісілер, баласын ерткен аналар жүреді, – деді эколог Тимур Елеусізов. Өт­кен рейдте де саябақ аума­ғы құрылыс алаңына айналып, жа­сыл желектің үстіне цемент төгі­ліп, жұмыс істеп жатқан тех­никалар ағаш­тарды сырып, бүл­ді­ріп жатқаны айтылған. Бұл ол­қылық қазір де көзге ұрып тұр. Ти­мур Елеусізовтің айтуынша, көптеген ағаш зақымданған. Енді ол жер­лерге зиянкестер үйір бо­лып, өсіп тұрған ағаштарға бұрын­ғыдан бетер залалын тигізуі мүм­кін. Сон­дай-ақ ол жаңадан тарты­лып жатқан электр жүйесі сым­дарын жүр­гізгенде экска­ваторлар аға­штардың кейбір бұтақтарын жұлып кететінін, бұл саябақта серуендеп жүрген адамдарға қауіп төндіретінін айтады. – Өткен рейдте жасалған ес­кер­­тулерді мердігер компания назарына алмаған. Ағаштар бұрынғыдан да көбірек зақым­дан­ған. Саябақ қаланың қақ орта­сында орналас­қанын ескерсек, демалыс орны қалалық әкімдіктің назарында болуы керек. Біздің ойымызша, айыппұл көлемі өте төмен, сол себепті заңбұзу­шы­лық­тар қайталанып жатыр. Ны­санды қа­был­дамай және жұ­мыс­тан шет­тетуге дейін жазаны қатаңдату ке­рек, – деді Тимур Елеусізов. Оқиға орнына келген табиғат қор­ғау полиция қызметкерлері заң бұзушылықты тіркеп, мердігер «Высотник» компаниясына №505 бап бойынша (30 АЕК) және №386 бап бойынша (15 АЕК) жалпы көлемі 125 мың теңге айыппұл са­лынды. Мамандар барлығы 67 ағаш­қа зақым келтірілгенін анық­тады. Жайлы қалалық орта басқар­масы басшысы Сапар Нұрашев саябақты жаңарту жұмыстарына алғашында 960 миллион теңге бөлінгенін, дегенмен қала тұрғын­дары мен белсенділерінің ара­ласуы­мен абаттандыру жұмыстары біраз қысқарғанын, сол себепті бөлінген қаржы да 560 миллион теңгеге дейін төмен­дегенін айтты. Тапсырыс берушілер балалар алаңын, субұрқақ жасауды тоқ­татып, 100 орындық пен тастө­семенің 70 пайызын қысқартты. Ірі нысаннан өсімдіктерді суаруға арналған 300 текшеметрлік резер­вуар ғана қалды. «Бұл саябаққа тұрғындар мен белсенділер баса назар аударып отыр. Біз жүргізіліп жатқан жұмыс­тарды күнделікті қадағалаймыз. Қанша дегенмен бұл құрылыс жұ­мысы, тіпті құрылыс алаңы деу­ге де болады. Біз барынша қор­шаған ортаға зиян келтірмеуге тырысып жатырмыз. Кейбір жерлерде заң бұзушылықтар орын алып жат­қанын жоққа шығар­май­мыз. Біз тәулік бойы қадағалап отыра ал­маймыз ғой. Дегенмен жедел тиісті шаралар қолданып отырмыз, – деді Сапар Нұрашев. Жайлы қалалық орта басқар­масы басшысы абаттандыру жұ­мыстарын жүргізгенде барынша сақтық шаралары жасалатынын айтып, жұмыс аяқталған кезде саябақ барлық қоқыстан тазар­тылып, жасыл желектің үсті­не төгілген бетондар алынатынын жет­кізді. Саябақты жаңарту жұ­мыстары қыркүйек айында аяқта­луы тиіс.  

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ