Праймериздің ережесі мен ерекшелігі қандай?
Праймериздің ережесі мен ерекшелігі қандай?
159
оқылды
Кездесуде сөз сөйлеген Л.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық университеті саясаттану ка­федрасының доценті Индира Рыстина сая­саттану мамандығында білім алушылар Қа­зақстанда алғаш рет өткізілетін праймериз ту­ра­лы ғылыми жұмыстар әзірлеуге қызы­ғу­шылық танытып отырғанын айтты. – Праймериз – Қазақстанда тұңғыш рет ұйым­­дастырылып жатқан шара болғандықтан,  бізге, саясаттану кафедрасына бұл үрдіс қы­зық­ты. Сондықтан осы науқанның ма­териал­да­рымен бөлісіп отырсаңыздар деген өтіні­ші­міз бар. Жаңа оқу жылында оқуға түскен магистранттар, диплом жазатын бакалавр сту­денттері праймеризді кейс ретінде қарас­тырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізе­ді. Сол кезде бізге партияның қолдауы керек бо­лады, –деді ғалым. Ол сонымен қатар пар­тиямен бірігіп, «саяси технолог» атты ма­гистра­тура деңгейіндегі білім беру бағдар­лам­а­сын құруды ұсынды. Өз кезегінде «Nur Otan» партиясы орталық ап­параты саяси жұмыстар департаментінің директоры Ерлан Қарабалаев «Nur Otan» пар­тиясының орталық аппаратында қызмет ете­тін саясаттанушы, әлеуметтанушы ғалымдар жаңа білім беру бағдарламасына араласып, бірлесе жұмыс істеуге және магистранттар мен студеттердің ғылыми жұмыстары үшін ма­териалдар ұсынуға дайын екенін жеткізді. Конференцияда «Болашақ» қауым­дас­ты­ғының атқарушы директоры Лаура Деме­сі­нова «Болашақ» түлектері Қазақстанның түк­пір-түкпірінен праймеризге белсенді қа­ты­суға ниет танытып отырғанын хабарлады. – Келесі аптадан бастап 17 тамыз бен 3 қ­а­зан аралығында «Nur Otan» партиясының прай­меризі өтеді. Аталған науқан елімізде ал­ғаш рет өткелі отыр. Праймеризге Мәс­ли­хат­тың депутаттығына үміткер, Парламент Мәжілісіне үміткер болғысы келетіндер ішкі сай­лаудан өтеді. Сайлау онлайн форматта өте­ді. Бұл праймериздің ілеспе мақсаттарының бірі – қоғамдағы, жергілікті жерлердегі сол қа­ла­ның, ауылдың мәселесін жақсы білетін, өз аймағында беделі бар лидерлерді анықтау. Бұл жолы тек партия мен партиялар бәсекеге түседі. 17 тамыздан бастап 28 тамызға дейін праймеризге қатысушылар өздерін ұсынады не­месе партияның бастауыш ұйымдары ұсы­нады. 6-7 қыркүйекте үгіт-насихат жұмыстары жүр­гізіледі. Содан кейін онлайн форматта дауыс беру болады. Пандемияға байланысты қа­зіргі уақытта смартфондарға арналған қо­сымша әзіренуде.  Дауыс беруге мүмкіндігі жоқ шалғайдағы ауылдардағы тұрғындар үшін ар­найы учаскелер құрылады. Сол жерге барып дауыс беруге де болады, – деді Ерлан Қара­ба­лаев. Сұрақ-жауап кезінде Әбутәліп Мүтәлі мен Әйгерім Жүнісова квоталық тізім және оның қа­лай бөлінетіні жайында сауалдарын жол­да­са, Индира Рыстина праймеризді өткізу жұ­мыстарына байланысты, әсіресе сайлаудың қан­дай жиілікте, қай деңгейде өтетінін сұра­ды. – Жалпы, егер танысқан болсаңыздар, пар­тияның ресми сайтында партияның прай­меризі жарияланды. Ережеге сәйкес бірнеше кво­та бар. Әйелдерге арналған квота 35 жасқа дейін. Партияның мақсаты – болашақ сай­лауға қатысатын тізімде 30 пайыз әйелдерді қо­су және осы әлеуметтік топтардың мәсе­ле­лерін сол жерде жеткізу және ықпал ету. Қал­ған 70 пайыз сайлау арқылы анықталады. Жал­пы,  сайлау қала мен аудан деңгейінде өте­ді. Жамбыл облысы Жуалы ауданынан сай­лауға түсетін болсаңыз, сізге сол аймақтағы адамдар ғана дауыс бере алады. Ал үлкен қа­лаларда сол жақтағы бір аудан бойынша сай­лауға түсесіз. Онда да сізге сол ауданда тұра­тын партия мүшелері ғана дауыс береді, – деп жауап берді «Nur Otan» партиясы орталық ап­параты саяси жұмыстар департаментінің ди­р­екторы. Конференцияда Ерлан Қарабалаев жиын­ға қатысушыларға праймериздің ережелерін, ерек­шеліктерін түсіндірді. Ол сондай-ақ кан­дидаттар ашық дебат сайысына шығатынын, әр­қ­айсысы өз бағдарламаларын қысқаша та­­­­ныстыратынын атап өтті. – Үгіт-насихат формалары бойынша нақ­ты шектеу жоқ. Онлайн, оффлайн кездесулер өткізуге немесе мессенджерлерде чат ашып жұмыс істей беруге болады. Ең бастысы – пан­демия кезіндегі санитарлық талаптар сақ­талса болды. Тек листовкалар таратып, бил­бордтар, баннерлер ілуге болмайды. На­сихатты кандидаттар өзі жүргізуі керек. Кан­дидатқа партияның филиалдарындағы ұйым­дастыру комитеті үгіт-насихат жұмыстары бойын­ша кеңес бере алады, – деді Ерлан Жағыпарұлы. Аталған жиыннан соң «Nur Otan» парти­я­сы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңес­шісі Нәзилә Раззақ та еліміздегі түрлі ком­панияның топ-менеджерлерімен, кәсіп­кер әйелдермен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен онлайн-конференция өткізіп, 17 тамыз күні басталатын праймериз туралы ой бөлісті. Ол конференция барысында әйелдер қауымын қызықтырған сұрақтарға жауап беріп, праймериз ережелеріне тоқталды. Алдағы праймеризде әйелдер мен жастарға басымдық берілгенін атап өткен Н.Раззақ Қазақстанның саяси элитасында гендерлік трансформация басталды деп мәлім етті. – Саяси элитада гендерлік трансфор­мация­ның жаңа кезеңі басталды. Алдағы прай­меризде еліміздегі әйелдер құқығы мен олар­дың заңдық қызығушылықтарын қорғау мақ­сатында баршаңыздың белсенділік та­нытуларыңызды сұраймын. Заманауи қоғамда әйелдер ана және әйел болып қана емес, өзі­нің кәсіби саласында белгілі бір қызметті ат­қарғысы келеді. Еліміздегі әйелдердің саяси бел­сенділіктері өсіп жатыр. Әйелдер ерлермен бірге басшылық қызметтерді қатар атқарып жүр. Бүгінгі таңда партияда 800 мыңдай адам тір­келген, олардың қатарындағы әйелдер саны аз емес. Олар бүгінгі таңда өздерінің мә­селелерін қоғамда ашық айтып, оны ше­шуге дайын екендерін көрсетіп жүр. Прай­меризде бақ сынайтын әйелдердің үлес сал­ма­ғы 30 пайыздан кем болмайды деп ой­лай­мын, – деді Нәзилә Раззақ. Соңғы үш жылда еліміздегі отбасы проб­ле­малары мен бала құқы, әйелдер құқы, мүм­кіндігі шектеулі жандардың мәселелерімен айналысып жүрген қоғам белсендісі Салтанат Тұр­сынбекова сайлаудағы дауыс беру проце­сін жеңілдетуге қатысты өз ұсынысын айтты. – Сайлауда көп жағдайда зей­неткерлер, өмірлік тәжірибесі бар ересек­тер белсенділік танытып жатады. Бірақ ауылдық жердегі адамдарда қарапайым ғана компьютер немесе ұялы телефон жоқ, көпшілігі электронды форматта қалай жұмыс істеуді білмейді. Яғни, тірк­елудің өзі олар үшін қиын процедура. Бұл дауыс берушілерге ыңғайсыздық тудырады. Сол себепті мүмкіндік болса, мен айтқан кате­гориядағы адамдар үшін дүкендер, аял­дамаларда дауыс беруді арнайы нұсқаулықтар тарату арқылы түсіндірсек. Сондай-ақ элек­трон­ды дауыс беру процедураларын барын-ша жеңілдетуді қарастырсаңыздар, – деді С.Тұрсынбекова. Конференцияға қатысқан Республикалық нотариаттар палатасының төрайымы Әсел Жа­нәбілова праймериздің интернет-ре­сурстар арқылы кеңінен насихатталып жат­қаны үшін партия өкілдеріне алғысын жет­кізді. Ол сондай-ақ қазіргі депутаттардың өз­дері де праймеризге қатысуға қызығушылық та­нытып, қамданып жатқанын мәлімдеді. Бір сағаттық жиын барысында Әйелдер қауым­дастығының мүшелері праймериздегі дауыс берудің шынайылығы, техникалық мүм­кіндіктер мен түсіндіру жұмыстарын тал­қылап, ұсыныстарын білдірді.

Әбілмансұр ЖАСАН