Ұлтын сүйгеннен не зиян көрді?
Ұлтын сүйгеннен не зиян көрді?
© коллаж: Елдар Қаба
343
оқылды
Рас, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдар ішінде қа­зақ ұлты өкілдері билікке өздерінің заңды талап­та­рын қойып келе жатқаны өтірік емес. Мемлекеттік тіл­­­дің мәртебесін көтеру, жер-су, қала, елді мекен атау­­­ларын ауыстыру, деколонизация процестерін же­­делдету ісінде биліктен жәрдем күту тәрізді қазақ хал­­қының бірқатар талабының бар екенін ешкім жоққа шы­­ғара алмайды. Алайда радикал ұлтшылдыққа ба­сып, өзге этнос өкілдеріне қысым көрсету, қазақ хал­­қы­ның басқалардан артық екенін насихаттау ба­ғы­тын­да қандай да бір қадамға барды деу қиын. Скинхед, ульт­раоңшыл топтар да кездескен емес.  

Коммунистер не деді?

Қазақстан халықтық комму­нистік партиясы радикал ұлтшыл­дықтан қауіптенетіні туралы ашық­хатты әлеуметтік желілерде жария­лады. Коммунистер хатқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Этно­саралық қатынас, азаматтық теңдік мәселелері, тіл саясаты – мұның бәрі саяси ойындардың өрісі емес, бұлар – адам тағдыры. Оларды кейінге және ескерусіз қалдыруға болмайды. Кейбір саяси топтардың билігі үшін күресте пайдалануға мүлдем жол жоқ. Бұл – мемлекет үшін, халық үшін, әр адам үшін қауіпті. Сондықтан шовинизм немесе ұлтшылдық ашық неофа­шизмнен өте нәзік шекарамен бө­лек­­телген. Оны кесіп өту оңай» деген  тұжырымын  кіріспе етіп алып­ты. Одан соң әлеуметтік желіде қоғам үшін қауіпті жағдай қалып­тасып келе жатқанына тоқ­талған. «Радикал ұлтшылдар тобы құрылды. Онда шовинистік мәлімдемелер қа­был­данады және талқыланады, бір ұлттың екін­шісінен артық­шылығы анықталады. Сондай-ақ қазіргі  за­ман­ғы проблемаларға Қазақстанға келіп тұрып жатқан басқа этникалық топтардың өкілдері кінәлі деген теріс пікір айтылады. Басқа этни­калық топтардың, достық байла­ныстағы елдердің өкілдеріне дұш­пандық қарым-қатынас кең етек алуда. Сонымен қатар олар украин ұлтшылдарын, олардың ықпалын, Украинадағы оқиғалардың даму сценарийін қолдайды. Нацистік, фашистік белгілер мен атрибуттарды көрсетеді, насихаттайды» делінген ашықхатта. Әрі ұлтшылдардың шовинистік мәлімдемелер тарата­тынын да қосып қойыпты. Одан  соң радикал ұлтшылдардың ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіре­тінін де атап өткен. Сонымен қатар Украина, Грузия, Молдованы мысал ете отырып,  радикал ұлтшылдар рево­люцияның генераторы болатынына тоқталыпты.  Содан соң Бас проку­ратурадан радикал ұлтшылдар әре­ке­тін тергеуді сұрапты. Ашық­хатты Мәжіліс депутаттары Айқын Қоңы­ров, Жамбыл Ахметбеков, Ирина Смирновалар бөлісіп, әлеуметтік желілерде таратты. Сырт көзге ел қауіпсіздігін мұрат тұтқан­дай кө­ріне­тіні рас. Тек бірқатар мәселеде жауапсыз сұрақ қалып тұр. Біріншіден, коммунистер ради­кал ұлтшылдар ретінде айтқан топ­тардың әлеуметтік желілердегі па­рақ­шаларын,  ондай парақ­шалар­ға кір­ген адамдардың аты-жө­нін, түр-түсін сипаттамапты. Тіпті, қан­дай әлеуметтік желі екені де айтыл­маған. Сілтемелер де жоқ. Екіншіден, фашистік белгілер мен атрибуттардың  қандай түрі насихатталып жатқанына да тоқ­талмаған. Үшіншіден, қандай этникалық топтарға, достық байланыстағы ел­дерге қарсы әрекет жасалып жатқа­ны жайлы да дерек жоқ. Егер мәселе әлеуметтік желі қолдану­шыларының арасында айтылып жатқан  Ресей саясатын даттап, Беларусьтегі  шеру­шілерді ақтайтын пікірге қатысты болса, онда азаматтың еркін пікір айту құқығының шек­телгені. Төртіншіден, Украина, Грузия қатарлы мемлекеттердегі оқиғалар аталған елдер халқының өз таңдауы. Ал сол елдер белгілі бір аймақта­ры­нан айырылып қалған болса немесе онда сеператизм  белгілері байқалса, оған айыпты халық емес, сыртқы күштер. Дәлірек айтқанда,  төңіре­гіндегі халықтарды ықпалы­нан шығарғысы келмеген көрші мемле­кет. Коммунистер бұл жайын­да айт­папты. Ашықхаттың  мазмұны  да біржақты болып отырғаны содан.  

Қазақ ұлтшылдарының мақсаты не?

Негізі, Қазақстанда ұлтшыл­дыққа қатысты терминнің өзінде қайшылық бар. Бірінші кезекте қоғамда ұлтжанды және ұлтшыл деген ұғымдардың мәні анық емес. Бірқатар белсенділер «ұлтжанды» дейтін сөзді жасанды ұғым ретінде бағалайды. Іс жүзінде халықаралық «национализм» деген ұғымның қазақша баламасы «ұлтшылдық» дейтін уәж бар. Ал радикал ұлт­шылдықты  «нацизм» деп те атай­тын болса керек. Қоғам белсендісі Айнаш Керней  национализмді ұлттың өзін-өзі тану формасы ре­тін­де бағалайтынын айтты. Бұл өз кезегінде мәдени, экономикалық, тарихи  және басқа салаларда ұлт­тық құндылықтарды арттыруға бағытталады. Оның айтуынша, ұлт­шылдық  ұлтаралық қатынастар тірегі болады және мемлекеттіліктің ұлттық негіздерін  қорғайды. Сон­дықтан ұлтшылдық бағыт экспан­цияны көздемек емес. Керісінше, ұлттың жан-жақты дамуын қамта­масыз етуі тиіс. Қазақ ұлтшылда­рының ұстанымы да соған саяды. Нацизм – деструктивті бағыт. На­цистер өзгенің еңбегін қанап, оларды өзінен  қор санауды көз­дейді. Сондықтан  Қазақстанда радикал ұлтшылдық бар деудің өзі сауатсыздық. Ал енді Қазақстандағы ұлтшылдар осы күнге дейін нені талап етті, соған тоқталайық. patriot Егер еліміз тәуелсіздік алған жыл­­дардан бастасақ, алғашқы ұлт­шыл қозғалыс «Азаттың» төңіре­гіне топтасқан азаматтар ел аумағы­ның тұтас­тығын сақтап, сеператизм белгілерінің  дер кезінде жойылуын талап етті. Елді  іштен іріткісі келе­тіндермен күресуге талпынды. Тәуел­сіздіктің  бекем болуына мүдделі болды. Ұлтшыл бағыттағы қайраткерлердің барлығының дер­лік ұстанымы осы. Одан бөлек, қа­зақ тілінің қолданыс аясының кеңеюін, мемлекеттік тіл мәрте­бесіне шынымен лайықты болуын талап етті. Жер-су, қала, елді ме­кендердің тарихи атауларының қайтарылуын талап ету де ұлтшы­лдардың ұстанымы еді. Қазір де солай. Ал мұндай талаптардың өзге ұлт өкілдерін кемсітуге бағытталуы  неғайбіл. Содан да болса керек, 2017 жылы сол кезде Президент әкім­шілігін басқарған Ә.Жақсыбеков Елбасының атына  қызметтік хат жолдап,  еліміздегі 6 мыңнан астам елді мекен, көше атауларының қа­зір­гі саяси ұстанымға сәйкес кел­мейтінін алға тартқан. Қызметтік хатқа Елбасы бұрыштама да соққан. Егер ұлтшылдық бағыт коммунистер бағалағандай елді іштен ірітетін болса, мұндай шешім қабылданбас еді.  Ал  бірқатар аймақта  болған, ло­кал­ды деңгейде болса да ұл­та­раз­дық белгілері бар шие­леністердің астарында көп жағдайда әлеуметтік мәселе жатыр. Билік оны ашық айтады. Тек биылдың өзінде Қор­дайда,  Шонжыда болған оқиғаларға атқарушы билік өкілдері әлеуметтік сипат берген. Ресми органдар мұн­дай оқиғалардың ешқайсысын  ксе­но­фобияға теңеген емес. Ендеше коммунистер радикалдарды қайдан көріп жүр? Әзірге жауап жоқ.  

Ксенофобияға жол берген жоқпыз

Тағы бір қоғам белсендісі Жәні­бек Қожық ұлт мәселесіне келгенде коммунистік идеологияны жақтау­шылардың әу бастан тыжы­рына қалатынын айтады. Өйткені бұл саяси ұстанымның түп-төркінінде әу бастан интернаци­онализм жатыр. Әлемдік билікке қол жеткізуді көз­дейді. «Сон­дықтан коммунистер ұлт мәсе­лесінде әрқашан агрессиялы келеді. Ал Қазақ­станда ксенофобия жоқ», – дейді ол. Дегенмен ксено­фобия кө­ріністері кей­де кездесіп қалады. Бірақ ол жалпы сипат алған емес. Ол туралы саясат­танушы Талғат Қа­лиев­тің де жазғаны бар.  Тек қазақ халқының арасында ксе­но­фобтар мол дегенді ресми тілде ақпарат тарататын масс-медиа жиі жазады. Әйтпесе, өзге ұлт өкіл­дерін жаппай кемсіту, скин­хедтік қозғалыс құру біздің елде тіркелмеген. Тіпті,  ұлтшыл ретінде көзқарасын ашық айтатын тағы бір қоғам бел­сендісі Ма­рғұлан Боранбай да өз жақ­тас­тары үшін ксенофобия жат екенін айтты. Ендеше  радикалды ұлт­шыл­дарды коммунистер қайдан шығар­ғанын білмейміз. Бәлкім, алда бо­луы мүмкін сайлау үшін лоялды элек­торат жинап алуды көздеп отыр ма, кім білсін?! Айтпақшы,  Қазақстанда  ради­калды ұлтшылдардан гөрі «гибридтік соғыс» құралы болу ықтималдығы жоғары топтар бар. Украинаның шы­ғы­сындағы сеператистер құра­мында әскери қимылдарға қатысқан аза­маттар ел ішінде әлі де кездеседі. Әс­кери-патриоттық лагерьлерді сылтау етіп, милитаристік идеяны наси­хат қылатындар емін-еркін жүр. Рас, олардың арасында өзге елдердегі әскери қимылдарға қатыс­қаны үшін сотталғандар да кездес­кен. Алайда олар көп емес. Vkontakte  желісінде олардың «әрекетін» насихаттайтын пабликтер молынан кездеседі. Тек коммунистер олар жайлы айтқан жоқ. Шын мәнінде, қоғамның тұрақтылығы мен  елдегі ынтымаққа қауіп төндіретін солар. Ал радикал ұлтшылдар шығып, есіре бастаса, құқық қорғаушылардың на­зарынан тыс қала қоймас.   Dos K.Дос КӨШІМ, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы: – Менің  ойымша, Парламентте фракциясы бар,  саясатқа араласып жүрген партияның мұндай мәлім­деме жасауы  олардың құқықтық сауа­тының қаншалықты  төмен екеніне дәлел болады.  Әлеуметтік желілердегі пікірлерді жинау өсек терумен бірдей.  Тұтас ұлттық қозға­лысқа бұлай жала жабу – ком­мунистердің өздері  қоғамды аран­да­­тып отырғанының көрінісі. Өйткені  Қазақстанда қазір  ұлтшыл бағытты ұстанатын жалғыз ұйым бар. Ол – «Ұлт тағдыры» қозғалысы.  Ал  біздің қозғалыс ешқашан  өзгелерді өзек­тен тебуді, басқаларды кемсітуді көздеген емес әрі  ондай мазмұндағы ешбір мәлімдемеміз жоқ. Сондықтан Бас прокуратура ашықхат жазған­дарға қатаң жауап беруі тиіс.  Дерек қайда, радикалдық бағытты кім насихаттап жүр, қандай құжат көр­се­те аласыңдар дегендей талап қоюы керек. Егер ондай деректері  жоқ болса, коммунис­тердің халықты өздері  арандатып,  онсыз да сылтау іздеп отырған кейбір отандасы­мыздың байбалам салуына түрткі  болады. Жалпы, Қазақстандағы ұлтшыл қозғалыстардың басында 1991 жылы құ­рылған «Азат» қозғалысы тұр. Бірақ «Азат» қозғалысы да, одан кейін құрылып, тарап кеткен өзге ұйымдар да  ешқашан ұлт араздығын қоздырған емес. Тіпті, «Азат»  қозға­лы­сының  құрамында өзге ұлт өкіл­дері де көп болған. Сондықтан әлеуметтік желілердегі пікірлерді  тұтас ұлттық қозғалыстың пікірі деуге болмайды. Екіншіден, әлеу­меттік желіде кім отырмайды? Онда қазақ орыстың, орыс  татар­дың,  ұй­ғыр кәрістің атынан пікір жазуы мүмкін. Сонда солардың барлығын Қазақстан қоғамының ұстанымы деу керек пе?!  

Аманкелді ҚҰРМЕТ