ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында ғарыштық мониторингілеу арқылы анықталған қоқыс үйінділеріне қатысты мәліметті ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ведомстводан мәлім еткендей, аталған кезеңде 1114 стихиялық қоқыс үйіндісі анықталды. «Жыл басынан 12 геосервис жұмысы өзектендірілді. 3,5 мың бірлік немесе тұнықтығы жоғары 1,5 млн шаршы км болатын ғарыш түсірілімдері ұсынылды. Сондай-ақ, тұнықтығы орташа суреттер бар, олардың саны 75 бірлік немесе 440 мың шаршы км асады. Ғарыш мониторингінің нәтижелері мемлекеттік органдардың жұмысында қолдану үшін мамандандырылған геосервистерге жүктеледі. Бұдан басқа, деректерді интеграциялауды орындау үшін жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жүйелерімен салыстыру тұрақты жүргізіледі. Мысалы, ғарыштық мониторингілеу арқылы бүгінде жалпы ауданы 350 мың шаршы км-ден астам ауылшаруашылық алқаптарының пішіні өзектендірілді, шамамен 19 млн гектар дәнді дақылға арналған егістік алаңы анықталды. Сондай-ақ, орман ағашын кесудің 1104 полигоны қаншалықты заңға сай жұмыс істеп жатқаны талданды. Ғарыш суреттері төтенше жағдайларды анықтауға да көмектеседі: 87 мыңнан астам термальді нүкте белгілі болды және 1073 өрт оқиғасы тіркелді, өртенген аумақтың ауданы 650 мың гектардан асады», - делінген ақпаратта.