Шарыннан шырай кете бастады
Шарыннан шырай кете бастады
166
оқылды
Тікұшақтан төменге көз са­лып, табиғатқа тамсану қанша тұратынын білу үшін тарифтерін іздедік. Шарынға апаратын тік­ұшақтың ең арзаны – 865 мың теңге. Ішіне үш жолаушы сыятын Bell 206 B3-мен барып-қайту жолына 2 сағат 35 минут кетеді екен. 2 сағат 20 минут паркке аялдап, серуендеуге рұқсат. Айт­пақшы,  Шарын аймағына кіру үшін төленетін 45 мың теңгелік эко­логиялық алым ұшу тарифіне кірмейді. Ал ең қымбат тариф 6 орындық EC 135 T2 тікұшағында екен – 1 млн 635 мың теңге. Қызметтің мұндай түрін ұстан­атын компанияларға тыйым салуға ұлттық парк басшылығының құ­қы­ғы жоқ екен. «Шарын мемле­кеттік ұлттық табиғи паркі» рес­публикалық мемлекеттік ме­ке­месінің директоры Елнұр Ахмет­ов­ке хабарласқанымызда осылай деді. «Елімізде «Ерекше қорғалатын аймақтар туралы» заң бар. Ша­рын мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің аумағы зоналарға бөлінген. Туристер қатынайтын зонасы ту­ристер аймағы саналады. Ал енді әуе көлігімен ұшып келіп қатынайтын туристер ұшақ не тік­ұшақтарын әуежайға қойып, парк территориясына жаяу кіреді. Біздің негізгі қорғайтынымыз – жан-жануарлар, өсімдіктер, табиғи ескерткіштер. Яғни, әуе кеңістігі арқылы қатынайтын техникаларға тыйым сала алмаймыз. Екіншіден, геологиялық құрылымдар мен тау жыныстарының тікұшақ ұш­қаны салдарынан бұзылып жа­тыр дегенге келсек, оған қа­тысты нақты факт жоқ. Ғылы­ми тұрғыдан қорытынды шығарылмаған. Бір айта кететін жайт, шетелде авиациялық туризм өте қарқынды дамып келеді. Күні кеше республикалық авиациялық прокуратураға хат жаздық. Ерек­ше қорғалатын табиғи ау­мақ­тың үстімен қатынайтын тік­ұшақтардың ұшуы заңды ма, жоқ па? Соған сұрау салдық. Кім­нен рұқсат алады, қай уақыт­та ұшып-қонуына болады, қан­дай мақсатпен ұшып жүр?  Анық­тағымыз келеді. Бүгінде со­ның жауабын күтіп отырмыз. Ту­рис­тік компаниялармен арада әуе­көліктерімен келушілерді қабылдау туралы келісімшарт жоқ».  

Шатқалға зиян келіп жатыр

Былтыр 19 мың турист Шарын шатқалын тамашалаған. Оның 60 пайызға жуығы – шетелдіктер. Соның ішінде Балтық жағалауы елдері, Еуропа мен Азиядан ке­лушілер көп. 2020 жылы туристер саны 30 мыңнан асып жығылады деген жоспар болған. Дегенмен пандемияға байланысты күрт төмендеп отыр. Ұлттық парктің карантиннен ашылғанына көп болмады. Директордың айтуынша, жұрт бұрынғыдай белсене келіп жатқан жоқ. Өткен жылдармен салыстырар болсақ, 2014 жылы 3 мың турист қабылдаса, араға бір жыл салып 7 мыңға көбейген. Осылайша, өсу динамикасы көңіл қуантып келе жатқан. Биыл көрсеткіш төмен болары анық. Ұлттық парк басшылығының сөзіне келіспейтін экологтар бар. «Қазақстанның экологиялы пат­рулі» қоғамдық бірлестігінің тө­рағасы Тимур Елеусізов тік­ұшақтардың ұшуына заң жүзінде тыйым салынуы тиіс деген пікірде. «Шатқалға зиян келіп жатыр. Ұлт­тық парк директорының бұл сөзімізді абсурд санауымен келіспеймін. Білуімше, шатқал қабырғалары құм мен саздан. Сол себепті дыбыс қысымы оларға кері әсер етеді. Қатты шудың салдарынан бұзылады. Қазіргі таңда «Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу ин­ститутына» сұраныс қалдырдық. Бірақ зерттеу жұмыстарын жасау үшін қаражат бөлетін демеуші іздеу керек. Өйткені нақты қан­дай залал тиетінін анықтайтын физиктер мен өзге де мамандарды тарту қажет. Егер дер кезінде қолға алмасақ, салдары ауыр болуы мүмкін. Мысалы,  шатқалдың осыдан он жыл бұрынғы суреті мен қа­зіргі кездегісін салыстырып кө­рер болсақ, айырмашылығы анық көрініп тұрады. Сол се­бепті табиғатын сақтап қалу үшін тікұшаққа түбегейлі тыйым салынуы тиіс. Одан қала берді мотоциклшілер де көп жүреді. Ол да зиян. Көпшілігі Шарын десе, Гранд каньонмен салыстырады. Оның құрамы басқа – тастан жасалған. Дыбыс қысымы оған азырақ әсер ететіні сол себептен. Мұнымен қоса, шатқалдар ара­сындағы қашықтық алыс. Бізде өте тар. Қысымға байланысты үгітіліп кетеді» , – дейді эколог. Шарынның америкалық «аға­сы» – Гранд  каньонды көруге жылына 6 миллионға жуық ту­рист барады екен. Ол жақтағы жағдайды бізбен салыстыру қиын. Өйткені табиғаттың тамаша  сыйы­нан бөлек, адамдардың да ат салысқаны «менмұндалап» тұрады. Туристерге кемпингтен бастап қо­нақ үйге дейін әзірленген. Бағасы әркімнің қалтасына қарай келетін дәмханалар мен мейрамханалар, дүкендер бар. Одан бөлек, пошта, банк, велосипед, амфитеатр, ем­хананы да табуға болады.  

Гранд каньонын көруге 6 миллион турист барады

Американың Аризона штатын­да тұратын қазақстандық Гаухар Жақыпбаева  Гранд каньонға сапары туралы айтып берді. «Біз жолға шыққанда өмірі қар жаумайтын Аризонаны қалың қар басып, қарлы боран соқты. Күн күрт суытып, бір мезетте аяз басталып кетті. Тусоннан бес-алты сағаттық жолды көлікпен он екі сағатта жүріп өттік. Тіпті, қарлы боранның астында қалып, тек gps көмегімен тасбақадай жылжып отырдық. Айналаны көру, сыртқа шығу мүмкін емес еді. Жолда қарға кіріп кеткен, бұзылып қалған көліктер көп болды. Біздің де солардың қатарында болуымыз әбден мүмкін еді, бірақ артқа қайтпадық. Сөйтіп, бір кезде қонақ үйге де жеткен сияқтымыз. Жеткеннен бұрын, қаладан бір жарық таппадық. Қар жауғаннан бір жерде апат болып, қалада жарық, ыстық су, телефон байланысы өшіп қалған екен. Қайта біз алдын ала қонақ үйден бөлме алып қойғанбыз. Сәйкесінше, бөлмеміз бар. Ал бізден басқа да жолға шыққан көптеген адам  бөлме жалдай алмай, көлікте, қонақ үйдің лоббиінде түнеуге мәжбүр болды. Сонымен, бөлме бар, енді кешкі ас ішетін жер іздей бастадық. Сенсеңіз, барлық мейрамхана, дүкендер жарық болмағасын жабылып қалған, бүкіл қаладан,  тіпті май құятын бекет таппадық. Жарықты таңертең сегізде қосады деген, бірақ түнгі бірде барлығы іске қосылды. Бір таң­ғалатыны, қарлы боранда 40-60 сантиметрдей қар түсті, бірақ жолдың бәрі ашық. Қаланың ортасы болса бір жөн, сонау таудың басындағы кішігірім қалашық әрі тым алшақта орналасқан. Қалай екенін білмеймін, бірақ қар түспей жатып тазалап үлгеріп жатты. Шынымен, таңғалдым. Жағдайды әбден жасап қойған екен. Тек келіп демалсаңыз болғаны». Мамандар тікұшақтың тар­сыл­даған дыбысы шатқалға зи­ян тигізетінін дәлелдесе, минис­трлік тыйым салуы тиіс. Өйт­кені Шарынның үгітіліп, жоқ болуына жол бермеу керек. Қайта туристерге тартымды етудің бар­лық амалын ойластырған жөн. Бұл бағытта алғашқы жұмыстар басталып та кетті. Дегенмен көңіл қуантатын деңгейде деуге әлі ерте. Туристер тарапынан айтылған сынның бәрін ескеріп, реттеп отырса, Қазақстан каньонын кө­­ру­ге құштарлар саны еселеп арта­тыны анық.  

Жадыра АҚҚАЙЫР