Ливан: «Таяу Шығыстың Парижіне» не болды?
Ливан: «Таяу Шығыстың Парижіне» не болды?
193
оқылды
 

«Ливан-Израиль қақтығысы ушыққан кезде жарылыс болды»...

Тамыз айының басында Бейрут пор­тында  2  750 тонна аммиак селитрасының жарылуы тек Ливан жұртшылығын ғана емес, жалпы әлем қауымдастығын дүр сілкін­дірді. Жарылыстан кейін жергілікті БАҚ Қорғаныс министрлігінің жоғарғы кеңесі қауіпті заттың иесі Ресейдің Хабаровск өңірінен шыққан кәсіпкер Игорь Гречушкин екенін мәлімдеді деп жар салды. Негізінен, ресейлік кәсіп­кердің кемесі Грузиядан Мозам­бикке қа­рай жол тартып бара жатқан. Бірақ техникалық ахауларға байла­нысты Бей­рут портында тоқтаған. 2014 жылы жер­гі­лікті инспекция қауіпті затты байқап, оны жою үшін тәркі­леген. Ал кеме қо­жайыны бәрін тастап кеткен. Қазір ол  – Кипр тұрғыны. Таны­мал саясатта­нушы Расул Жұмалы Ливан билігін сын тезіне алды: – Тексеруші органдардың ай­тып отырғаны – бұл жарылыс террорлық әрекеттің салдары емес, бұл теңіз айла­ғындағы қоймаға жауап беруші тиісті қадаға­лайтын орындардың үлкен қа­телі­гі. Шын­дап келгенде, бұл Ливан­ның би­­лік органдарының жауапсыздығы, ха­лыққа немқұрайды қарауы мен жем­қорлыққа белшеден батқаны­ның көрі­нісі. Өкінішке қарай, үкіметтің жұмысы селқос болғанда, мұндай оқиғалар болып тұрады. Ливанның ішкі бы­лықтары өте көп. Үкіметі әлсіз, – дейді. Ливанда бірнеше рет болған шы­ғыстанушы Расул Жұмалы жаңа үкімет жасақталғанымен,  ұзақ жылдар қорда­ланған мәселелердің оңтайлы шешіліп кететініне сен­бейді. Ол: – Бұл елде бәрі бұрынғы қал­пын­да қалады. Жоғарыда айтқа­нымдай, мем­лекеттің ішінде былық көп. Соңғы 40-50 жылда азаматтық соғысты да басынан өткізді. Сыртқы күштердің ықпалы зор. Кезінде Ливанның бірталай жерін Из­раиль басып алған. 1982 жылы Ливан еліне шабуыл жасағаны есімізде. Палес­тинадан Ливанға қашып кел­ген бос­қындар мәселесі тағы бар. Бос­қындар­дың шектен шығуы, жұ­мыс­сыздығы, радика­лизм, со­дыр­лардың жағына шығып кетуі – үлкен проблема. Мәселен, 20 жыл бұрын сыртқы күштер­дің қа­тарында Ливанға үлкен қысымды Сирия мемлекеті жасайтын. Иранның қы­сымы да зор. Әсіресе, Хез­болла ұйы­­мының ық­палын айта кетпеске бол­мас. Жалпы, Ливан күшті сырт­қы күштердің құр­сауын­да қалған әлсіз кіші­гірім мемле­кет, – дейді. Саясат­та­нушының ай­туын­ша, ке­зінде Бейрут – «Таяу Шы­ғыс­тың Па­рижі» саналған әдемі қала еді. Араб әлемінің мәдени, қаржы орталығы бол­ған.  – Өкінішке қарай, Ливан – жік-жікке бөлінген мемлекет. Сунниттер бір топ, шииттер бір топ. Дроздар мен мараниттер, христиандар бар. Консти­туция бойынша, мемлекет құрылымы да жік-жікке бөлінген. Айталық, президенті христиан бол­са, премьер-министрі мұ­сылман сүн­­нит, ал парламент басшы­сы мұ­сылман шиит болуы керек. Осын­­­дай күрделі құрылым қоғамға да әсер етеді, – дей­ді сарапшы.  

«Францияның боданы боламыз!»

Ливандағы жарылыстан кейін халық жергілікті биліктің қауіпсіз­дікті сақтай алмағанына наразылық білдіріп, арнайы петицияға қол жинай бастады. Онда Ливанның қайтадан Франция боданы болуын сұраған. Оған жалпы саны 60 мың­нан астам адам қол қойған. Ел аза­маттары Франция президенті Эм­ма­нуэль Макронға өтініш біл­діріп, Ливан­ды ұзақмерзімді фран­цуз билігінің қара­­мағында билеуді талап еткен. Тарих­қа келсек, Фран­ция бұл араб мем­ле­кетін 1923 жыл­дан 1944 жылға дейін басқарған еді. Тіпті, жарылыстан кейін Франция президенті Э.Макрон бірден Ливан елі­не ұшып барып, қомақты гума­нитарлық көмек көр­сетуге уәде бер­ді. Расул Жұмалы Ливан мен Си­рияға Францияның ықпалы зор еке­нін айтады: – Әрине, бұл елге гуманитарлық кө­мек көрсетіп жатқандардың қата­рында Францияның жөні бөлек. Себебі тарихи тұрғыдан ХІХ ғасырда Ливан мен Си­рияға еуропа­лық мемлекеттердің ішінде әмірі жүрген бірден-бір ел – Франция еді. Бұл елде Францияның саяси-экономи­калық ықпалы өте зор. Ел аумағында араб тілінен кейін екінші тіл – фран­цуз тілі. Сондықтан шетелдік бас­шы­лардың ішінен Франция прези­денті Эммануэль Макронның келгені кез­дейсоқ емес. Бұл екі елдің тығыз, жақын байланыста­ры­ның көрі­нісі, – дейді. Еуроньюстің хабарлауынша, Фран­ция президенті Ливанға күзде қайта оралып, гуманитарлық кө­мек­­тің қа­лай жұмсалып жатқа­нын қадағалайтынын жеткізген еді. Бұл өз кезегінде жем­қор­лық­қа бат­қан билікке деген сенімсіздік пе? Расул Жұмалы бұл мәселеге байла­нысты: «Меніңше, халықаралық ұйым­дар бар, тиісті мемлекеттер бар, бәрі де гуманитарлық көмектің дұрыс жұм­салуын қадағалауы тиіс. Елдің тиісті ми­нистрліктері, босқындарға кө­мек­тесу комитеттері де гумани­тар­лық көмектің дұрыс бөлінуін қада­ға­лауы керек, – дейді. Макрон болса, гуманитарлық көмек­ті ең алдымен француз-ливан мектептері мен оқу орындарына, одан кейін жалпы білім беру ошақ­тарына бөлетінін жет­кізді. Себебі оның айтуынша, ең маңыз­ды мәсе­ле – балалардың білім алуы. Екін­ші жағынан, Франция әлем­дегі соғыс ошақтарынан қашатын босқын­дардың тұрағына айналғалы қай заман?! Бұл жарылыс та француз еліне әсер етуі мүмкін. – Францияға миграцияның күшеюі әбден мүмкін. Бұрын Си­рия­дағы соғыс жағдайында со­лай болды. Бәлкім, бұл мәселені шешу үшін арнайы квоталарды кеңейтуі ықтимал, – дейді отандық сая­сат­танушы. Түптеп келгенде, соңғы 20 жыл­да Ли­­ванға француз билігі ықпал етіп ке­леді. Елдегі ең үлкен христиан қауы­мы – марониттер мәдени тұр­ғы­дан Парижге қа­рап, бой тү­зейді. Еуроодақ гумани­тарлық дағдарыс­тың соңы 1970 жылдар­дағыдай кезек­ті азаматтық соғысқа әкеліп соға ма деп қорқады. Дәл сол жыл­­дары Па­лестинадан ағылған бос­қындар онсыз да әлсіз ел эконо­мика­сына үлкен зардап тигізген еді.  Азамат­тық соғыс 1975-1990 жылдар ара­­лығында болып, жалпы Таяу Шығыстағы тұрақ­тылықтың бұ­зылуына әкеліп соқ­қан еді. Фран­ция бастамашы болып гумани­тарлық көмекті көрсетуге асығуы да сондықтан. Ливан билігінің тәуелсіз сара­птама өткізуден бас тартуының басты себебі – сүнниттер мен шиит­тер арасындағы он­сыз да қиын жағ­дайды ушықтырмау амалы. Себебі 2005 жылы премьер-министр Рафик Харириге шабуыл жаса­лып, қайтыс болған еді. Арнайы трибу­нал Хезболла ұйымына қатысы бар 4 адам­ды соттамақ. Ең қызығы, сот үкімі 15 жылдан кейін 7 тамызда жариялануы керек-тін. Күдіктілер әлі де трибунал алдында жауап бермеген, тіпті  Ливанда емін-еркін жүр­генге ұқсайды. Бірақ жа­ры­­лыстан соң сот үкімі 18 тамызға қалды. Ал Хариридің ба­ласы  Саад Ха­рири 2016-2020 жылдар аралы­ғында үкімет басқарған. Наразы топ елдегі қиын жағдайға Харири әу­летін кінәлап жатыр. Бұл орайда олардың артында күшті сүнниттік қауым тұр. Сарапшылар ел ішінде сүнниттер мен шииттердің ара­сында қақтығыс болу мүмкіндігін жоқ­қа шығармайды. Ұзақ жыл­дар қорда­ланған мәселелерді  енді жасыру мүмкін емес.  

Кәмшат ТАСБОЛАТ