Суға кеткен бала көп

Суға кеткен бала көп

 

Балаға кім қорған?

Судағы қауіпсіздікті қамта­масыз ету – Төтенше жағдайлар комитетінің негізгі міндеттерінің бірі. Осы мақсатта Полиция департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп түрлі іс-шара атқарып келеді. Алайда бақылау бола тұрса да, жаз шыға суға түсушілер саны­ның артуына байланысты өлім-жітім де көбейе түседі. Мәселен, тек 1 маусым мен 13 шілде ара­лығында елімізде 104 адам суға батып кеткен. Оның ішінде 29-ы – бала. Ал өткен жылы тура осы кезеңде 133 адам суға батқан болса, оның 48-і – кәмелет жа­сына толмағандар. Тіпті, шомы­лу маусымы былай тұрсын, сәуір айындағы жағдай бойынша елі­міздің өзен-көлдерінде бар­лы­­­­ғы 28 адам, оның ішінде 10 бала көз жұмған. Бүгінгі кү­ні елімізде суға шомылуға жә­не су маңында демалуға арнал­ған 592 ресми орын бар, оның 111-і – коммуналдық, ал 481 – жеке жағажай. Суға шо­мы­луға тыйым салынған 2 мыңнан астам орын анықталды, ол орын­­дарда 5 мыңнан астам ес­керту белгісі және 1 мыңға жуық көрнекі стенд орнатылған. Онда, тіпті адамдардың қаза болу себептері мен жағдай­ла­ры да ашық жазылған. Тө­тен­­ше жағдайлар комитеті адам­дардың су айдындарында қаза болуына жол бермеу бойын­­ша профилактикалық жұ­мысты күшейту үшін күн са­йын су айдындар жаппай де­ма­ла­тын орындарда рейдтік іс-ша­ра­лар өткізетінін айтады. Жүзу құралдарымен жиі-жиі патрульдеу жүргізіледі. Биыл 1 мамырдан бе­рі 16 мыңнан астам рейд және па­трульдеу жүргізіліп, «Қоғамдық орындарда болу қағидаларын бұзу» Әкімшілік құ­қықбұзушылық туралы кодекс­тің 440-бабы және «Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу» 364-бабы бойынша 3 мың­­нан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жалпы, Төтенше жағ­дайлар комитетінің тарапынан тиіс­ті шаралар атқарылмады деп айту қиын. Және де суға ба­тып бара жатқан жандарды бі­рінші құтқарып қалатын да осы төтенше жағдайлар қыз­метінің мамандары. Оның үс­тіне, еліміздегі барлық өзен-көл­ді қадағалау мүмкін бола қой­мас. Не де болса, еліміздің су айдындарында батып кетуші азаматтар саны азаймай отыр. Көз жұмғандардың дені рұқсат етілмеген жерде шо­мыл­ған. Ал олардың ішінде бала­лар көрсеткішінің төмендемеуі алаң­датарлық жайт.

 

Ата-ана неге жауапсыз?

Адамдардың суға кетіп қай­­­­тыс болуының басты се­бебі – рұқсат етілмеген жерге тү­су. Су айдындарындағы қауіп­­­сіздік ережеде «тек жаб­дық­­тал­ған орын­дарда суға шо­мы­луға болады» делінген. Онда құтқарушылар кезекшілік ете­тіндіктен, адамдардың қауіп­сіздігі сақталады. Соны­мен қатар мас күйінде суға шо­­мы­лу, өз күшін бағаламай су­ға ба­­тып бара жатқан адамды құт­­қарамын деп әрекет жа­сау – қайғылы жағдайға алып келетін факторлардың бірі. Ал балалардың суға ба­тып кету жағ­дайы көбіне ата-анасының, жалпы ересек адам­­­дардың қа­рауынсыз қал­­­­дыру салдарынан болады. Яғни, ата-ана­ның балаға деген жауапсыздығы мен салғырттығынан. Ереже бойынша балалар тек ересек адамдардың қарауымен суға шомылуы тиіс. Конституцияда кә­мелет жасына толмаған ба­ла­лар 18 жасқа толғанша ата-ананың қамқорлығында бо­латыны нақты жазылған. Заңгер Айсан Саман бірінші жауапкершілік ата-анада екенін айтады. Дей тұрғанмен заңгер бұл мәселеде арнайы норма жоқ дейді. «Заңнамада баласы суға кетіп қалған жағдайда ата-анасына мынандай жаза тағайындалады деген нақты норма жоқ. Егер ата-ананың кінәсі тікелей дәлелденсе, құ­­­­қықтық жауапкершілікке, оның ішінде міндетін орын­дамағандығы туралы әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл мәселеде кім жауапты де­­­­­­­ген сұраққа жауап беретін құқық қорғау органдары. Олар бұл оқиғаны материал ретінде тіркеп, куәлерден жауап алу ар­­қылы анықтайды. Нақты шешімді тергеуден кейін құ­қық қорғау органдары шыға­рады», – дейді Айсан Саман. Алайда заңгер көп материал қысқартылып, іс жылы жабы­латынын айтады. Отбасындағы баланың қауіпсіздігі әке-ше­шесінде екені рас. Осын­дай қайғылы жайттардың кө­бе­юі­не әлеуметтік жағдай да әсер ететін секілді. Күнкөріс қамымен жүр­ген ата-ана бала­ларына қа­­рауға мүмкіндігі болмай жататын жай­т­тарды да ескерген жөн болар.

Балалардың суға кетуі соң­ғы кезде оңтүстік өңірлерде ар­тып кеткен. Мамандар қанша ескертсек те, балалардың суға бату жағдайларының жиілеп кетуін елдегі қатаң карантимен де байланыстырады. Өйткені індетке орай карантин талаптары бірнеше рет өзгертілді. Соған сай балаларға арналған демалыс орындары мен жағажайлар бірде ашық, бірде жабық. Бала – біздің келешегіміз. Айдың күннің ама­­­нында судан келіп жатқан балалардың өлімі ойлантады. Тек ойлантып қана қоймай, нақты іс-әрекетке итермелеуі қажет шы­ғар. Сондықтан бұл мәселеде кінәні тиісті ведомстваға немесе ата-анаға ысыра салуға болмас. Дегенмен балалардың амандығы үшін Үкімет өз азаматы, ата-ана болашақ ұрпағы ретінде аса жауапкершілікпен қарағаны дұ­рыс.

 

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

Суға кеткен бала көп

 

 

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.