Дегенмен еліміздегі, оның ішінде облыстағы санитарлық эпидемиологиялық жағдайдың күрделілігіне байланысты биылғы жаңа оқу жылы қашықтан оқыту түрінде басталатын болды. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлы арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Әкімнің айтуына қарағанда, облыста 760 жалпы орта білім беретін мектеп бар. Жаңа оқу жылында оқушы саны өткен жылмен салыстырғанда 16,6 мың балаға артып, 426 мыңнан асып отыр. Болжам бойынша солардың 45-50 мыңы биыл 1-сыныпқа барады. Қазіргі кезде алғаш рет білім ошағының есігін ашатын 44 мыңнан астам бала тіркелген. Алдағы апталарда олардың саны біршама артатыны сөзсіз. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты білім мекемелері оқушыларды төрт бағытта оқытатын болды. Бірінші бағыт бойынша 299 653 оқушы интернет желісі арқылы қашықтан оқумен қамтылады. Екінші бағытта 84 471 оқушы, яғни білім алушылардың 20 пайызы республикалық телеарналар «әл-Фараби», «Еларна» және облыстық «Жетісу» телеарнасы арқылы білімдерін жетілдіреді.Үшінші бағытпен шалғайдағы елді мекендердегі 138 шағын жинақталған мектептегілер барлық санитарлық талаптарға сәйкес, 7 721 оқушы екі ауысымда 15 баладан штаттық режимде оқитын болады. Төртінші бағыт бойынша бастауыш сынып оқушылары, ата-аналардың өтініші негізінде болжаммен 5 214 кезекші сыныпта 34 792 бала білім алатын болады. Өңір басшысы журналистермен әңгіме барысында облыс бойынша оқушылардың компьютерлік техникамен 61 пайыз қамтамасыз етілгеніне де тоқталды. Алдағы кезде білім ошақтарын компьютермен толық қамту бойынша нақты шаралар жүзге асырылады. Өңірде 91 743 оқушының компютерлік жабдыққа мұқтаждығы анықталған. Бұл мәселені шешу үшін қосымша 75,6 мың компьютер сатып алынды. Мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында тағы 20 мың компьютер жеткізіледі. Бұлардың барлығы бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасылардың жеткіншектері мен жетім балаларға беріледі. Ал әзірге мектептердегі 23 678 компьютерді балаларға уақытша пайдаланады. Мектеп жасындағылардың интернет желісіне қосылу көрсеткіші 88 пайызға жетіпті. «Меценаттар тарапынан көмектер көрсетілуде. Мәселен, «Жас архитекторлар мен құрылысшылар» қоғамдық қоры облыстағы аз қамтылған отбасылардың балалары үшін 150 компьютер тегін берілмек. «Қазақтелеком» АҚ арқылы 98 мектепте интернет жылдамдығын 4 Мбит-тен 8 Мбит-ке дейін арттыру жүзеге аспақ. Сондай-ақ интернет желісіне қосылу үшін оқушыларға 43 мың роутер сатып аламыз, – дейді Амандық Баталов. Мемлекеттің қолдауы арқасында облысты 32 білім нысаны салынуда. Оның ішінде 23 мектеп пен студенттерге арналған 4 жатақхана бар. Сонымен бірге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жалпы сомасы 27 млрд теңгеге алты мектептің құрылысы тағы жүргізілуде. Мектепке дейінгі мекемелер мәселесіне келетін болсақ, эпидахуал жақсарса, әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып, толық топтар ашылуы мүмкін. Әзірге қалыптасып отырған жағдайға сай облыстағы мектепке дейінгі ұйымдар қызметі уақытша тоқтатылған. Жаңа оқу жылы басталысымен олар жұмыстарын бастап, ата-аналар өтінішіне сай балдырғандарды кезекші топтарға қабылдау ұйымдастырылады. Облыстағы мектебі жоқ 69 шалғай елді мекеннен балаларды (15 719 оқушы) басқа ауылдардағы білім ошақтарына жеткізу үшін жергілікті бюджеттен 71 автобус алуға 940,6 млн теңге бөлініп, 61 автобус сатып алынып, тағы онына қатысты мәселе тамыздың соңына дейін шешілмек.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы