Марқакөлдің майқанын су құзғыны құртып барады
Марқакөлдің майқанын су құзғыны құртып барады
338
оқылды
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ШҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің айтуынша, осыдан 2-3 жыл бұрын қорық аумағында су құзғындарының саны 5-6 мыңға дейін жеткен екен. Мамандардың зерттеуінше, бір су құзғыны күніне 700-800 грамм майқан балығының шабақтарын жеп қояды. Осылайша, Марқакөл өңірінің мақтанышына айналған – майқан балығының өсіп, көбеюіне айтарлықтай залал келтіріп отыр. Қорық қызметкерлері ба­лық­тардың уылдырық шашу мау­сымында су құзғындарының санын азайту үшін тиісті про­филактикалық жұмыстар жүргізген. Мәселен, су құзғындарының санын азайту үшін оларды ұясына қондырмай, шулы дауыс шығаратын құралдармен үркіткен. Мұндай әдістер ұядағы жұмыртқалардың тез суып, ба­лапан болып шықпай қалуына әкеп соқтырады. Сондай-ақ орман инспекторлары су құз­ғынының жұмыртқаларын тесумен де ай­налысуда. «Марқакөл» табиғи қорығының директоры Тимур Айкеновтың айтуынша, ең бірінші кезекте табиғатқа, оның ішінде ерекше қорғалатын майқан балығының көбеюіне залалы тимеуі үшін су құзғындарын саны реттелетін жан-жануарлар санатына жатқызу керек. – Табиғи заңдылықтар бойынша су құзғыны ұядағы жұмыртқасынан балапан шықпаса, ол жерден ауып кетеді. Қазір атқарылған шаралардың нәтижесінде «Марқа­көл» табиғи қорығындағы су құз­ғындарының саны айтарлықтай азайды. Шамамен 500-600 су құзғыны бар. Мамандардың сө­зін­ше, су құзғындарының қап­тап кетуіне бірінші кезекте аңшы­ларға су құзғындарын атуға рұқ­саттың жоқтығы себеп болып отыр. Сондықтан бұл құстар саны реттелетін құстардың санатына жатқызылуы керек. Тек сонда ғана аңшылар олардың артық санын атып, популяциясын реттеп отыра­ды, – деді Тимур Айкенов.  

Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы