Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ШҚО бойынша орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерінің айтуынша, осыдан 2-3 жыл бұрын қорық аумағында су құзғындарының саны 5-6 мыңға дейін жеткен екен. Мамандардың зерттеуінше, бір су құзғыны күніне 700-800 грамм майқан балығының шабақтарын жеп қояды. Осылайша, Марқакөл өңірінің мақтанышына айналған – майқан балығының өсіп, көбеюіне айтарлықтай залал келтіріп отыр. Қорық қызметкерлері балықтардың уылдырық шашу маусымында су құзғындарының санын азайту үшін тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізген. Мәселен, су құзғындарының санын азайту үшін оларды ұясына қондырмай, шулы дауыс шығаратын құралдармен үркіткен. Мұндай әдістер ұядағы жұмыртқалардың тез суып, балапан болып шықпай қалуына әкеп соқтырады. Сондай-ақ орман инспекторлары су құзғынының жұмыртқаларын тесумен де айналысуда. «Марқакөл» табиғи қорығының директоры Тимур Айкеновтың айтуынша, ең бірінші кезекте табиғатқа, оның ішінде ерекше қорғалатын майқан балығының көбеюіне залалы тимеуі үшін су құзғындарын саны реттелетін жан-жануарлар санатына жатқызу керек. – Табиғи заңдылықтар бойынша су құзғыны ұядағы жұмыртқасынан балапан шықпаса, ол жерден ауып кетеді. Қазір атқарылған шаралардың нәтижесінде «Марқакөл» табиғи қорығындағы су құзғындарының саны айтарлықтай азайды. Шамамен 500-600 су құзғыны бар. Мамандардың сөзінше, су құзғындарының қаптап кетуіне бірінші кезекте аңшыларға су құзғындарын атуға рұқсаттың жоқтығы себеп болып отыр. Сондықтан бұл құстар саны реттелетін құстардың санатына жатқызылуы керек. Тек сонда ғана аңшылар олардың артық санын атып, популяциясын реттеп отырады, – деді Тимур Айкенов.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕНҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысы