Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев №17 қалалық емханада болып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің (АМСК) КВИ індетінің жаңа толқыны жағдайына қалай бейімделетінін тексерді. Бұл емханада таза және кір аумақтар арнайы бөлінген, фильтрлер мен бақылау постылары орнатылған. Науқастар ағыны дараланған, яғни емделуге жатқызылатын немесе тексеруден өтетін ЖРВИ белгілері бар сырқаттар, балалар, жүкті әйелдер өзара араласпайды. Бұрынғыдай дәлізде бірге тұрмайды. Олар үшін жеке процедуралық және зертханалық кабинеттер, кіретін, шығатын орындар ұйымдастырылған. Мақсат – вирустың аурухана ішінде таралуына және қызметкерлердің вирусты жұқтыруына жол бермеу. №17 емханаға Бостандық ауданының 82 мың тұрғыны тіркелген. Олардың 28 мыңға жуығы созылмалы аурулары болғандықтан диспансерлік есепте тұрғандар. Бұлардың арасында қан қысымына, қант диабетіне, жүректің ишемиялық ауруына шалдыққан науқастар бар. Алматы әкімі Б.Сағынтаев «қауіпті топтағыларға» баса назар аударуды тапсырды, өйткені олар КВИ жұқтыратын болса, жағдайлары нашарлап, сырқаттың асқынуы мүмкін. Қаланың барлық емханалары басшыларына ПИК-термен қоса қажетті ақпарат жазылған нұсқаулықтарды тарату тапсырылды. Мұнда ЖРВИ белгілері пайда болған кезде кімдерге жүгіну керектігі көрсетілген. Бүгінде құрамында емханалардың 40 маманы бар 16 мобильді топ амбулаториялық ем алып жатқан науқастардың жағдайларын бақылауда. Қазіргі кезде КВИ-ден сауығып шыққан 8 адам, сырқаты жеңіл 1 және 18 симптомсыз науқас есепте тұр. Жалпы, қалада АМСК-ның 74 ұйымы жұмыс істейді. Оның 39-ы мемлекеттік, бұларға шамамен 1,7 млн адам тіркелген. Ал 35 жеке ұйымдарға тіркелгені 340 мың адамға жуық. Індет шарықтаған 15 маусымнан 15 шілде аралығында 2450 вирус жұқтырушы үйде, дәрігерлердің бақылауында ем алды. Қазір бұлардың саны 825 науқас. Құрамында 925 дәрігер бар 300 мобильді топ құрылды. Індеттің жаңа толқынына дайындық барысында бұл ресурстар екі есеге артады. Міндет – КВИ бойынша эпидемиологиялық ахуал өршитін болса, шынайы науқастар мен вирус жұқтырушылардың басым бөлігін заманауи медициналық көмекпен кеңінен қамту. Алматының барлық денсаулық жүйесі осыған бағытталған.