Облыс орталығындағы LED экрандарда «Қазгидромет» РМК бақылау желісінен атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпарат таратыла бастады. «Қазірдің өзінде ауа сапасының жай-күйі туралы деректерді Павлодар, Екібастұз, Петропавл, Ақтау, Орал, Қостанай, Талдықорған, Көкшетау және Алматы қалаларының LED экрандарынан көруге болады. Ақпарат сағат сайын жаңартылып отырады және ауа жай-күйінің негізгі көрсеткіштері: Қазақстанның 45 елді мекені бойынша РМ 10, PM 2,5 қалқыма бөлшектері, күкірт диоксиді, азот диоксиді, азот оксиді, көміртегі оксиді, күкіртсутегі бойынша деректерді қамтиды. Сондай-ақ Нұр-Cұлтан, Шымкент, Қызылорда, Қарағанды, Тараз, Ақтөбе, Көкшетау және Өскемен қалаларының LED экрандарында атмосфералық ауаның жай-күйі туралы ақпаратты іске қосу жоспарлануда», – дейді Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз-қызметінің жетекшісі Назымгүл Қайсағалиева.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы