Қазақтың ең жақсы қасиетінің бірі – бауырмалдығы. Қаншама ұлтты шетқақпай қылмай, бауырымызға тартып өмір сүріп жатқанымыз
– Қазақты сынап, халқымыздың жақсы-жаман қасиетін айырып айтып бергеннің бірі – Абай. Ол мұндай қадамға қазақты жек көргендігінен барған жоқ, қайта елін жақсы көріп, оның бойындағы жаман қасиеттерден арылту үшін айтты. Осы күні өзіңіз де адамзат баласына тән ұзақ өмір жолынан өтіп, қазақтың қасиетті сөзімен айтқанда ақсақалдық ауылға қарай бет бұрдыңыз. Көппен араласып, үлкен қызметтер атқарған сіз қазақтың қазіргі хал-ахуалы, болашағы жайлы не ойлайсыз? Халқымыздың қандай қасиетіне сүйсініп, қайсысына әттеген-ай дейсіз?
– Қазақтың ең жақсы қасиетінің бірі – бауырмалдығы. Қаншама ұлтты шетқақпай қылмай, бауырымызға тартып өмір сүріп жатқанымыз. Сондай кеңдігінің арқасында Кеңес заманында қудаланған қаншама ұлт Қазақстанға сыйды емес пе? Өздері қоржын тамда отырып, соның бір бөлмесін босатып беріп, нанын бөлісіп, кеңпейілділік танытты. Солардың бәрі бүгінде өсіп-өніп Қазақстан халқы ассамблеясының бір-бір уығына айналды. Олар Қазақстанды екінші Отанымыз деп таныды. Тарих халқымыздың пейілі кең, бауырмашыл екенін дәлелдеді. Қазір біздің елде Алғыс айту күні бар. Ол үлкен мерекеге айналып үлгерді. Сол күні елімізді мекен еткен барлық ұлт пен ұлыс қазақ халқына алғысын айтып, ақжарма тілегін білдіріп жатады. Мұндай дәстүр халықты бір-біріне жақындатады, ауызбіршілігімізді арттыра түседі.
Қазақтың жоғары бағалайтын тағы бір жақсы қасиеті – сабырлығы. Осы сабырлығымыздың арқасында қазіргі ТМД елдері арасында ең тыныш, шу шықпаған мемлекет атандық. Сол сабырлығымыз баянды болсын! Елдің ішінен шу шыққанда, іріткі салғанда бір ұшпаққа жетеміз деп ойламаймын. Қазіргі жастар «өзгеріс керек» дегенді жиі айтады. Өзгеріс жақсылыққа бастайтын болса керек, егер ол керісінше болса қайтеміз? Еліміздің тыныштығын көре алмаған біреулер әдейі істеп отыруы да мүмкін.
Қазақтың болашағы жарқын. Себебі – ең үлкен құндылық тәуелсіздік қолымызға тиді. Әлемде өз Отаны, жері жоқ қаншама ұлт бар. Олардың кейбірінің саны тіпті 50 миллионға дейін жетеді. Тарыдай шашырап төрт-бес мемлекетте өмір сүріп жатыр. Олар «Менің Отаным – осы!» деп айта алмайды. Ал біз қай жерде жүрсек те, арқамызда Қазақстан деген еліміз бар. Сондықтан біз үшін ең қымба-
ты – еліміздің тәуелсіздігі.
Қазақтың жеті атаға дейін қыз алып-қыз беріспейтін жақсы қасиеті бар. Бұл – қан тазалығының кепілі. Қаны таза болған соң, біздің халқымыз өте ақылды. Қазіргі жастардың бәрі шетінен интеллектуал, халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлде алып келіп жатыр. Димаш Құдайберген, Ержан Максимнің шыққаны тәуелсіздіктің арқасында, оларға жарқын жол ашылды. Егер жағдай жасалса, қазақтың талантты жастары әлемдік додаларда әлі талай биіктерді бағындырады деп сенемін. Соған қарағанда біздің болашағымыз жарқын. Бізге тек бірлік керек.
Қазақтың кемшілігі – еліктегіш ұлтпыз. Әсіресе дін мәселесіне келгенде біраз олқы тұстарымыз бар. Біздің ата-бабаларымыз дін мәселесіне де үлкен мән беріп, сабырлықпен қараған. Бет-аузын орап, тұмшаланып алатын жастар арасында «Дін жолына түссек болды, Құдай бізге бере береді» деген қате түсінік бар. Бұл болмайтын іс, еңбексіз ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес. Адам қай кезде де қарекет қылу керек. Елеңдеп, бәріне сергек қарап, білгісі келіп отыратыны да қан тазалығынан, бірақ не болса соған еліктемей, сабырлықпен, байыппен қарасақ, ұтарымыз сол болмақ. Жастар еліктеуден сақ болғаны дұрыс, одан гөрі білімдерін жетілдіріп, ізденісін арттырғаны жөн.
– Сіз және сіздің қатарластарыңызға қылышынан қан тамған Кеңес заманында да қызмет атқарып, сонымен қатар тәуелсіздік таңы атқанын көзбен көру, тіпті сол үдерістің бел ортасында жүру маңдайларыңызға жазылған екен. Бұл жауапты міндетті абыроймен атқару айтуға ғана оңай. Сол кездерден жиі еске түсетін сәттер бар ма?
– Мен бақытты адаммын. Қоғамның бір кезеңнен екінші кезеңге ауысқан, өтпелі заманда өмір сүрдім. Қытайдың «Өтпелі кезеңде өмір сүр» деген қарғысы бар. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Өтпелі кезең – жаңа мүмкіндіктердің ашылатын шағы. Жаңа өмір, жаңа мемлекет, жаңа мүмкіндіктер алдыңда тұр. Біз сол үшін бар күшімізді салып еңбек еттік. Тәуелсіз мемлекетіміз үшін еңбек етуге құлшына кірістік. Жалғыз мен емес, менің қатарластарымның бәрі солай еңбек етті. Сол бір кез Отан үшін, ел үшін еңбек етсек деген шынайы ниетімізбен есте қалды. Біз өткен қоғамды көзбен көрген ұрпақпыз. Сондықтан тәуелсіздіктің құны қаншалықты қымбат екенін жан-жүрегімізбен түсінеміз. Бәрі көз алдымызда болып жатты, шекараны бекіту, қазақ армиясын, Ұлттық ұланды құру, осының бәрін заңмен бекіттік. Бір ғана мысал, шекараны бекіту деген айтуға ғана оңай, мұндай мәселеде әр мемлекет өз мүддесін көздейді. Шекара сызығын белгілеп келе жатасың, тап сол жерде үй тұр, ол шекараның қай бетінде қалуы керек? Міне, бұл – өте жауапты сәт. Ол жерде адам тағдырына байланысты үлкен мәселе бар. Бір метр болса да, бұл – біздің еліміздің жері. Қиын сәтте әрбір істің қиюын келтіріп, дұрыс шешім қабылдау оңай шаруа емес. Ешқандай шу, келіспеушілік болмауы, екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспеуі керек. Әсіресе, адам шығынына жол бермеуіміз тиіс. Осы сияқты мәселелер толып жатыр, оның бәрін ашық айта бермейсің. Сондықтан осындай жауапты сәтте ел үшін еңбек еткеніме бақыттымын.
– Академик Манаш Қозыбаев «Азалы кітап» деген еңбегінде «1937-1950 жылдардағы сталиндік репрессияға ұшыраған азаматтардың құжаттарын зерттеп, оларды ақтап алуда ҰҚК-нің архивін ғалымдарға бірінші рет ашып берген Сәт Тоқпақбаев» деп сізді атап өтеді. Осы жайтқа кеңірек тоқталсаңыз.
– Ол кезде бәрі жабық, құпия болды. ҰҚК төрағасы қызметін атқарып жүргенімде академик Манаш Қозыбаев алдыма келді. Ол кісіні сырттай танығаным болмаса, жақыннан араластығымыз жоқ болатын. «Әділет» қоғамын құрып жұмыс істеді. Бір жиынға мені шақырып, сөз сөйледім. ҰҚК төрағасы сөйлеген соң бұл қалай болғаны дегендей бәрі шулап кетті. «Тоқтаңыздар, бұл жерге өз еркіммен келіп отырмын. 1937 жылы тіпті өмірде болмағам» деп едім, олар кішкене кідіріп қалды да, араларынан бір кісі «Шынында да, бұл кісінің 1937 жылғы оқиғаларға не қатысы бар?» деп сабырға шақырды. Ол уақытта рұқсат етілмеген архивке ғалымдарды жіберу үлкен тәуекелге бел буумен бірдей болатын. Дегенмен тәуелсіз ел болған соң өз билігіміз өзімізде болды. Бұрынғыдай Мәскеуден рұқсат сұрамайтын болдық. Архивке кіруге он күнге рұқсат бердім. Құпия құжаттар сақталған архивке кіргізуге менің де құқым жоқ, мен оларды жалпы тарихқа қатысты бөліміне кіргіздім. Егер жоғары жақ қысатын болса осындай уәж айтам деп алдын ала дайындалдым. Абырой болғанда, менің бұл әрекетімді қатты тергеп, тексермеді. Рас, репрессия кезінде қазақтың қаншама сүттің бетіне шыққан қаймақтары атылып, асылып, айдалып қуғынға ұшырады. Көбі мерт болды. Олардың ақталуы артында қалған жан жарлары мен ұрпағына үлкен демеу болды. Себебі, «Халық жауының» жақындары да қоғамнан шеттетіліп, көп азап көрген еді. Оларға жаңа мүмкіндік ашылды.
– Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, полковник Ким Серікбаевпен сұхбаттасқанымызда «Әскери адам – офицердің ар-намысы таза болуы керек. Өйткені офицерге Үкімет барлығын – киімін, тамағын, баспанасын, жұмысын, айлығын беріп отыр. Әсіресе, генерал дәрежесіне жеткендерге көрсетілер құрмет зор. Генералда барлық жағдай бар. Тек жұмысыңды дұрыс істе, Президенттің иығыңа таққан пагонын ақта! Елдің жемқорлықпен «ауырғаны» біздің әскерге де салқынын тигізіп тұр. Қазірдің өзінде сабаудай-сабаудай үш генерал түрмеде отыр. Бұл не деген масқара!» деп күйінген болатын. Әскердегі қазіргі ахуалдан хабарыңыз бар ма?
– Мемлекет жеке адамдардан құралады. Мемлекет үшін ең бастысы – адамның өмірі, абыройы мен ары. Біздің қоғамда генералдарды адамның ар-ұятының, отансүйгіштіктің символы деп қарайды. Ал сол генералдар үмітті ақтамаса не болады? Қазақта «Ет сасыса тұз себеді, ал тұз сасыса не себеді?» деген сөз бар. Өкінішке қарай, осындай жағдайлар ел ішінде болып жатыр. Өмір болғаннан кейін ала да туады, құла да туады. Қолбасшылықтан кеткеніме жиырма жылдай уақыт болыпты. Өкініштісі, олардың ішкі жағдайын толық біле бермеймін. Құпия болғандықтан, зейнеттегі генералдар да бұл саланың қазіргі ахуалынан бейхабар. Дегенмен БАҚ-та, әлеуметтік желілерде осындай келеңсіздіктерді оқып қалғанда жаным ауырады. Бірер генаралдың тура жолдан таюы бүкіл әскери қызметкерлердің атына кір келтіреді.
Біз қызметте жүргенде жағдай басқа болды. Әскери салада ұлттық кадрларды дайындауға күш салдық. Қазір бәрі өз қолымызда. Елімізді өз қарагөздеріміз күзетіп тұр. Қазір басшы қызметтердің бәрінде өз мамандарымыз. Билікте де, қорғаныс саласында да өз адамдарымыздың болғанын ашық айтпасақ та, қайта қарадық. Сонда біраз өзгерістер болды. Бұл тәуелсіздікті қолға алғаннан кейін біртіндеп іске асырылған әрекеттер. Ұлттық ұланды құрдық. Оларды оқытып дайындадық. Әскери қызметкерлердің баспана мәселесін шешуге көп күш салдық. Олардың көбі жаңадан үйленген, бір-екі баласы бар жас жігіттер болды. Себебі, тәуелсіз мемлекетіміз жаңадан құрылып жатыр еді. Көбі лейтенант, ары кетсе аға лейтенант болды. Олар үшін басты мәселе – баспана. Осы мәселені шешу біздің басты ұстанымымыз болды. Оның бәрі бүгінде тарихқа айналды. Бірақ біз соның бел ортасында жүрдік.
– Бала күннен барлаушы болуды армандаған кішкентай Сәт алғырлықтың, ізденістің арқасында дегеніне жетті. Дегенмен сіз таңдаған өмір жолы – сүрлеуі, соқпағы мол қиын жол. Әскери қызметкер болу, оның үстіне, Ұлттық қауіпсіздік қызметінде жауапты қызмет атқару үшін өзіңді өзің үнемі қайрап, жігеріңді жанып отыруға тура келеді. Тәуелсіз еліміздің тыныштығын күзету, шекарамыздың мығым болуы үшін қаншама жас осы жолды таңдап, өмірін осы саламен байланыстырып отыр. Бүгінгі ізбасарларыңызға не айтасыз?
– Әскери қызметкер болу, оның үстіне, Ұлттық қауіпсіздік қызметінде жауапты қызмет атқару үшін өзіңді ылғи дайындық үстінде ұстау керек. Біліміңді үнемі жетілдіріп, жігеріңді жанып отыруға тиіссің. Тәуелсіз болған соң өз жүрегіңнен шыққан іс-шараны қолданасың, ешкімге жалтақтамайсың. Себебі, сенің арқаңда тәуелсіз елің, Отаның тұр. Жастарға айтарым: еліңді, Отаныңды сүй, соған қызмет ет. Елге жасаған еңбек еш кетпейді. Сексенге қараған шағымда еліме қажет болсам, әлі де қызмет етуге дайынмын. Өткен жылы «Жаным садаға» атты ғұмырбаяндық кітабым жарық көрді. Көбі «Кітаптың аты ерекше екен. Неге бұл атты таңдадыңыз?» деп сұрады. Бұл кітапта еліміздің қауіпсіздігін қорғау жолындағы өз басымнан өткен оқиғалар мен замандастармен бірге атқарған істер жайлы айтылады. Болашақ ұрпақ бойында патриоттық сезім мен азаматтықты қалыптастырудағы әскери-патриоттық тәрбиенің маңызын түсіндіруге тырыстым. Расында, біздің Отанымыз біреу ғана, ол – Қазақстан. Еліміздің көркеюі, өркендеуі үшін әрқайсымыз өз қолымыздан келгенше үлес қосуға тиіспіз. Ұрпағымыздың бойына жастайынан патриоттық сезімді қалыптастыра білсек, біздің ұтарымыз анық. Шынайы ниет болса, бәрін де жасауға болады.
– Биыл елімізде Жастар жылы деп белгіленді. Осы бағдарлама шеңберінде жастарға қатысты біраз түйткілді мәселелер шешімін табады деген үміт бар. Әйтсе де, ақиқатын айтар болсақ, қазіргі жастарымыз мектеп бітіргеннен шет елдерде білім алуға ұмтылып, сосын мүмкіндігінше сол жақта қалып қоюға бейімделіп тұратын болды. Қазақтың ақылды, білімді жастарын өзгелердің мойындағаны – бір жағынан мақтаныш болғанмен, екінші жағынан елімізді дамытуға да ондай жастар керек екені анық. Жастарымыздың шет елдерге кетуге ыңғайланып тұруы олардың бойына патриотизм дәнін еге алмағандығымыздан ба, әлде елде олардың жақсы жерде жұмыс істеуіне, өзін көрсетуіне мүмкіндік жоқ па?
– Жастардың шетке білім алу үшін шыққанына қарсы емеспін. Бұл олардың өсуіне, дамуына керек. Біз жоғарыда көп айтқан патриотизм дәнін себе алсақ, олар ешқайда қалып қоймайды. Білімін жетілдіріп келіп, еліне қызмет етеді. Істі білетін, жақсы кадрлар өзімізге де керек. Сондықтан шетелге жиі шығып, оқып, тоқып, елге қызмет етуі тиіс. Отанды сүю, барлық жерде болу керек. Біз де жас болдық, өзге мемлекетті көргіміз келді. Қызмет бабымен талай мемлекетте болдым. Ары кетсе бір аптадан кейін елге қайтқым келеді.
Ал Отанымызда оқуға мүмкіншілік жоқ дегені – қате пікір. Жақсының, қызықтың бәрі шетте деп, сол жақта қалып қоюына қарсымын. Қазіргі таңда бізде де көрші елдерден келіп жұмыс істеп жүргендер көп. Олардың жағдайы қандай екені белгілі. Бізден шет елдерге барып жұмыс істеп жатқандардың да жағдайы сондай. «Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» деген мәтел бар. Жақсы өмірді өз елімізден іздеу керек. Ондай өмірді қалыптастыру өз қолымызда. Егер жастарымыз отансүйгіш, патриот болса, «Мен еліме не беремін?» деп ойлар еді. Ата-бабаларымыз осы ұлан-байтақ жерімізді ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ қорғап, бізге аманаттап қалдырды емес пе? Біздің ең қасиетті байлығымыз – Отанымыздың тәуелсіздігі. Егер жер-дүниенің бір бұрышында тәуелсіз Отанымыз болмаса біз кімбіз? Әлемнің қай түкпірінде қандай қызметте болсаң да сен жетімсің, сондықтан біз ұрпағымызды тәуелсіз Отанымызды сүюге, қорғауға тәрбиелеп, жастарға білікті маман болуды үйретуіміз керек. Жастардың өзін-өзі көрсетуіне бізде мүмкіндік мол. Салынбай жатқан зауыт-фабриканы кім тұрғызады? Бітпей жатқан істің басы-қасында білікті жастарымыз жүруге тиіс. Бізде ондай жастар бар. Енді солардың қатарын көбейтуге тиіспіз.
Шетелдіктермен көп араластым. Олар біздің кеңпейілдігімізге тәнті болады. «Жері сияқты қазақтың жүрегі де, ішкі сарайы да кең, ешкімді жатырқамайды. Сіздердің алға қарай жарқырап шығып жатқандарыңыз да кең пейілдеріңізге байланысты» деп жатады. Осындай игі тілектерге қарағанда еліміздің болашағы бұдан да жақсы болатынына сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ