Бір бөлмесі – Жамбыл, бір бөлмесі – Алматы облысында
Бір бөлмесі – Жамбыл,  бір бөлмесі – Алматы облысында
152
оқылды

– Иә, дәл солай. Қордай ау­да­ны Отар ауылдық округіне қа­расты Гвардейский әскери қа­лашығының тап іргесіндегі бұған дейін «Военсовхоз» ата­лып келген елдімекеннің жар­тысы Жамбыл облысына, қал­ған жартысы Алматы об­лы­сына қарап келді. Тіпті об­лысаралық әкім­шілік-ау­мақ­тық бөлініс сызығы осы ауыл­дағы Өтеген Абажанов де­ген азамат тұратын үйдің қақ ортасынан өткен. Яғни, бұл – отағасы сегіз ұл-қызымен Жам­был облысы жағындағы ас бөлмесінен шайын ішіп, екі-үш аттап барып көрші Ал­маты облысына қарайтын қо­нақ бөлмесінен теледидар та­ма­шалап отырады. «Осында кө­шіп келген он жылдан бері үйді өз атыма рәсімдей ал­май отырмын. Бұрынғы қо­жайынның атында тұрған үйім­нің жартысы онда, жар­­тысы мұнда дегендей. Тұр­ғы­лықты жеріміз бойынша құжаттар алғанда қиналамыз», – дейді үй иесі.

Жалғыз ол емес, ауылдық әкім­дік мамандарының ай­туын­ша, төрт жүздей адамы бар осы елдімекендегі жүз шақ­ты үйдің жиырмасы ше­к­ара сызығының ар жа­ғын­да болғандықтан, олар заң жү­зінде көрші облыстың тұр­ғыны болып есептеледі екен. Сондықтан барлық құ­жат­тық мәселелермен жүз елу ша­қы­рым қашықтықтағы Алматы об­лысы Жамбыл ауданының ор­талығы Ұзынағашқа ба­руы керек. Өздері Қордай ау­да­нына қарасты жергілікті мекемелерде жұмыс істей­ті­ніне қарамастан, салығын сырт­қа төлеп, тұрғылықты жері бойынша әлеуметтік же­ңіл­діктерден де қағылып кел­ген. Сондықтан бұл мә­се­ле облыс және Қордай ау­­даны әкімдерінің жұрт ал­дын­дағы есеп берулерінде күн тәр­ті­бі­нен түспей, осы ора­лым­сыз­дықты оңтайлы шешіп беру тұрғындар тара­пы­нан бір­неше жыл қатарынан сұ­ралып келген-ді. Ауданға ат ізін салған Парламент депу­­тат­тары мен Үкімет мү­ше­ле­рінің де қаперіне сан мәр­те салынды. Бірақ бұл – екі об­лыстың әкімдігі, жер қа­­ты­настары басқармалары ар­қылы әбден зерделеніп, ке­лі­сімі алынып барып, одан ары үкіметтік деңгейде кө­те­рі­летін күрделі мәселе.

Енді міне Үкімет басшысы А.Мамин 3 қыркүйекте «Ал­ма­ты және Жамбыл облыс­та­ры­ның шекараларын өзгерту туралы» №648 қаулыға қол қойды. Сөйтіп, Алматы облы­сы­­ның 1091,78 гектар жері Жам­был облысының Қордай ау­данына өтті. Осылайша, екі облыс арасындағы жер бө­­­лінісіндегі бұрын жібе­ріл­­­ген қателіктер түзетілді. Ал бұған дейін аудандық, об­­­лыстық тиісті мекемелер 2009 жылдан бері Алматы об­­лысына қарайтын Гвар­дей­ский әскери қалашығы ор­на­ласқан, қорғаныс сана­ты­на жататын 1081,46 гектар және «Военсовхоз» тұрғын үй­­лер алқабы орналасқан ел­дімекендер санатындағы 10,32 гектар жерді Жамбыл облысының аумағына ауыс­тыру бойынша жерге ор­на­лас­тыру жобасын дайындап, Жер кодексінің талаптарына сәйкес әзірленген құжаттарды Алматы облысының басшылық ор­гандарына екі мәрте жол­да­ған болатын. Алматы об­лы­сы мәслихатының заңды келісімінен кейін Үкімет қарауына ұсынылған мәселе енді ғана шешімін тауып, жылдар бойы бір ауылдың тұр­ғын­дарын сарсаңға салып кел­ген келеңсіздік жүйелі ше­шімін тапты. Жер аумағы ауыс­тырылған тұрғындар енді барлық құжаттық мәсе­ле­лерімен бұрынғыдай бір қиыр­дағы Ұзынағашқа емес, сек­сен шақырымдағы Қордай ауылына қатынайтын болады.

 

Жамбыл облысы