Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмыс істеу тәсілдері өзгереді
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмыс істеу тәсілдері өзгереді
фото: ашық дереккөз
170
оқылды
Агенттік өз қызметінің тиімділігін арттыру және азаматтармен коммуникацияларды кеңейту мақсатында «Цифрлық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет» жобасын әзірледі. Жоба туралы  AntikorNews бағдарламасында  Агенттік төрағасының цифрландыру мәселелері бойынша көмекшісі Аслан Құсайынов айтты. «Жоба шеңберінде деректердің үлкен көлемін талдауға, коммуникациялық рәсімдерді жеңілдетуге және, ең бастысы, сыбайлас жемқорлықты жою мәселесінде жүйелі және жедел шешімдер қабылдау үшін болжамды талдауды енгізуге мүмкіндік беретін жүйені енгізу басталды», - дейді ол. Жоба «I-Кримкарта» автоматтандырылған болжау-талдау жүйесін енгізуді, тиімді HR-технологияларды, азаматтардың өтініштерін қараудың автоматтандырылған жүйесін пайдалануды және басқаларды қамтиды. «Жобаның әр модулі өз міндеттері мен күрделі процестері бар дербес жүйе екенін атап өткен жөн. Мысалы, I-Кримкартаның болжамдық-талдамалық ақпараттық жүйесі модулі ведомстволық статистика, әлеуметтік зерттеулер, жасалған сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша деректердің кең ауқымын қамтитын, белгілі бір өңірде сыбайлас жемқорлық көрінісін көрнекі көрсететін цифрлық карта жасауға бағытталған», - дейді Аслан Құсайынов. Интерактивті деректер базасы әрбір елді мекен бойынша «бір рет басу» арқылы криминогендік жағдайды бағалауға мүмкіндік беретін болады.