Жамбылда праймеризге қатысу үшін алғашқы құжат өткізгендер белгілі болды
Жамбылда праймеризге қатысу үшін алғашқы құжат өткізгендер белгілі болды
135
оқылды
«Nur Otan» партиясының  праймериз науқаны басталды. Таңғы сағат 09.00-ден үміткерлердің құжаттарын қабылдау жүріп жатыр. Қазіргі уақытта Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында екі үміткер құжаттарын өткізіп үлгерді. Оның алғашқысы Күшаман ауылының тұрғыны, аудандық жастар ресурстық орталығының инспекторы Алмазхан Оразбеков болса,  екіншісі Мыңарал ауылдық округінің тұрғыны, жұмыссыз Тлеш Аманжолов. Қос үміткер де «Nur Otan» партиясының мүшесі. Мұндағы мамандардың айтуынша, Мойынқұм ауданы облыс орталығынан 360 шақырым қашықтықта орналасқандықтан  ауылдық жерде интернет желісі  баяу жұмыс жасауда екен. Сондықтан үміткерлер аудан орталығына келіп, онлайн жүйемен тіркелген. Бұдан бөлек, Қордай ауданы бойынша да 2 үміткер праймеризге қатысуға өтінім берген. Жалпы өтінімдер 28 тамыз күнгі сағат  18:00-ге дейін қабылданатындықтан праймеризге қатысуға ниеттілердің құжат өткізуге  мүмкіндігі мол. Праймериздің мақсаты – Парламент мәжілісіндегі және мәслихаттағы тиімді депутаттық корпусты одан әрі қалыптастыру, партиялық желі бойынша ілгерілету, оларды мемлекеттік органдардағы лауазымдарға ұсыну үшін бәсекелестік күрес негізінде нақты және мықты көшбасшыларды анықтау. Праймериз кезінде партиялықтармен партия бағдарламаларында өз шешімін табатын өзекті, нақты жергілікті мәселелер анықталатын болады. Іріктеуге жасы 20-дан асқан, сотталмаған Қазақстан Республикасының азаматтары қатыса алады. Праймеризге қатысуға тек партия мүшелері ғана емес, сонымен қатар, партиялық емес, бірақ «Nur Otan» партиясына мүше болғысы келетіндер  жіберіледі.
Праймеризге қалай қатысуға болады? 1 қадам. Егер партия мүшесі болмасаңыз, «Nur Otan» партиясына кіру; 2 қадам. «Праймериз» ақпараттық жүйесіне тіркелу. Тіркеуді primaries.kz сілтемесі арқылы немесе Google Play және App Store-дан жүктеп алуға қолжетімді «Primaries» мобильді қосымшасы арқылы өтуге болады; 3 қадам. Өтініш беру және қажетті құжаттарды сайтқа немесе қосымша арқылы жүктеу; 4 қадам. Өзінің онлайн өтінімін растау үшін үміткер аумақтық ұйымдастыру комитетіне жеке өзі келуі тиіс.
Сондай-ақ, өтінімді аудандық, қалалық, облыстық партия филиалы (ұйымдастыру комитеті) мекенжайы бойынша жеке ұсынуға болады.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы