Қазақстанда 406 адамның жағдайы ауыр және 103 адамның денсаулығы өте нашар. 72 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
«Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығына түскен ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда осы жылдың 13 наурызынан бастап бүгінгі күнге дейін коронавирустық инфекциямен 103 033 адам ауырды. Жазылып шыққан науқастардың саны 87 777-ге жетті немесе жалпы көрсеткіш 80,3 пайызды құрады. Өкінішке қарай, 1 415 адам қайтыс болды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.Оның айтуынша, соңғы бір тәулікте 1 219 адам жазылып шықты. 18 841 адам ем қабылдауын жалғастырып жатыр. Оның ішінде 99 бала бар. 3 279 адам стационарлық, 15 562 адам амбуаторлық жағдайда емделуде.
«Емделіп жатқан науқастардың 3 пайызының немесе 509 адамының денсаулығы ауыр және өте ауыр деп бағаланып отыр. Атап айтқанда, 406 адамның жағдайы ауыр және 103 адамның денсаулығы өте нашар. 72 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған», - деді Бағдат Қожахметов.