Ол праймериз әділ өтетініне сенімді
Ол праймериз әділ өтетініне сенімді
5,105
оқылды
Праймериз – елімізде тұңғыш рет ұйым­­дастырылып жатқан шара. Осы шара арқылы елімізде, қоғамда болып жатқан қандай да болсын жағдайларға бей-жай қарай алмайтын белсенді, тың идеясы бар азаматтар өз бағын сынап көрмек. Праймеризге қатысуға ынта білдіргендердің қатары көп. Дегенмен олардың арасынан әлі «сен тұр мен атайын» дейтін нағыз мықтылары іріктеліп шығады. Еліміздің өркендеуі мен даму жолына өз үлесін қосқысы келетіндердің бірі – «Nur Otan» партиясының мүшесі, «DacoMotorsKZ» ЖШС компаниясының директоры Нұрымбек Тау.
«Осы уақытқа дейін жинаған білімім мен тәжірибемді пайдаланып, елге қажет өзгерістер үшін «Nur Otan» партиясының праймеризіне қатысуға бел будым. Мен өз бағдарламамда басты үш мәселені қарастырамын. Олар: денсаулық, білім саласы мен жұмыссыздық. Әлемді жайлаған пандемия медицинаға жедел түрде өзгерістер керектігін көрсетті. Осы салаға қатты көңіл аудару керек», –  дейді Нұрымбек Тау.
Ол праймериз әділ өтетініне сенімді. Сондай-ақ ол шет елдерде жүрген жастарды онлайн праймеризге қатыстырып, ойларын тыңдауымыз керектігін айтады.
«ТМД шеңберінен шығып, кеңірек ойланып, нақты қадамдар жасап, қабілетті жастардың әлеуетін елдің дамуына жұмсауымыз қажет. Еліміздегі отбасы саясаты дұрыс болсын десек, нәзік жандыларды праймеризге көптеп тарту орынды. Нақты ұсынатын жобам – өркениетті елдердің тәжірибесін қолдана отырып, елдегі жұмыссыздықты түбегейлі жою. Шет елде білім, тәжірибе алып жүрген жастарды елге тартып, қызмет етуге мүмкіндік жасауымыз қажет. Ал елдегі жастарымызды шет елдің үздік компанияларына жіберіп, практика арқылы біліктілігін арттыруымыз керек. Елдегі орташа жалақы деңгейін көтеруге тиіспіз. Біз әр отбасына көмектесетін жобалар әзірлеудеміз», – дейді ол.
Нұрымбек Тау әрдайым ел үшін атқарылып жатқан істерден шет қалған емес. Ол басқарып отырған компания төтенше жағдай кезінде елімізде 9 мыңнан астам отбасына жақсылық жәшігін таратуға мұрындық болды. Блокпостта қызметте болған жандарды түскі аспен қамтамасыз етті. «Біз біргеміз!» қорына 1 миллион теңге, оттегі концентраттарын сатып алуға «Шұғыла» қорына 8 миллион теңге аударды. Алматы қаласындағы №7 және жаңа модульді инфекциялық ауруханаларына оттегі концентраттары тапсырылды. Шілде айының соңынан бастап Алатау ауданының медицина қызметкерлеріне 21 күн қатарынан 15 келі жеміс-жидек, 25 литр қымыз таратуда. Құрбан айттан бастап, 50 отбасын 30 келілік жақсылық жәшігімен қамтамасыз етуде. Алдағы оқу жылында қашықтықтан оқытуда көмек үшін 40 отбасына планшет салынған рюкзактар беру жоспарда бар.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ