Елбасы Бауыржан Байбекті қабылдады
Елбасы Бауыржан Байбекті қабылдады
Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекті қабылдады. Кездесу барысында Елбасы партияішілік іріктеу – праймеризді сапалы өткізудің ерекше маңыздылығын атап өтті.
«Праймериздің сапалы өтуін қамтамасыз ету, оның мақсаты туралы халықты ақпараттандыру маңызды. Бұл Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына қатысатын партияның белсенді, сауатты, патриот мүшелерін анықтауға мүмкіндік береді», – деді партия төрағасы.
Бауыржан Байбек партия төрағасына праймеризді ұйымдастыруға дайындық жұмыстарының нәтижесі туралы баяндады.
«Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде праймериз басталды. Оған қатысу үшін еліміздің әр түкпірінен 700-ден астам қоғамдық пікір қалыптастыратын лидерлер партия қатарына қосылды», – деп хабарлады Бауыржан Байбек.
Сонымен қатар, Бауыржан Байбек «Nur Otan» партиясының төрағасына сайлауалды бағдарламаны әзірлеу және «Birgemiz» қорының елдің әлеуметтік осал азаматтары мен медициналық ұйым қызметкерлерін қолдау жөніндегі атқарған жұмысын баяндады. Сондай-ақ Елбасына су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы Достық ауылының тұрғындарының үйін қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі туралы ақпарат берілді.
«Nur Otan» партиясына онлайн режимде жүгінетіндердің қатары 5 есеге дейін өсті. Жеті ай ішінде 270 мың адам өтініш білдірді. Өтініштердің 60%-ы қаралып, шешімін тапты. Сіздің бастамаңызбен құрылған «Біргеміз» қоры 2,3 миллион қазақстандыққа қолдау көрсетті. Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен 20 отбасының үйінің құрылысы аяқталуға жақын», – деді «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек.