Абай – адастырмас темірқазық
Абай – адастырмас темірқазық
220
оқылды

Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің төрағалығымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Жиында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызды бағыты ұлттың «мәдени кодын» сақтау екенін айтты. Ол сонымен қатар Абайдың рухани мұрасын зерделеу, насихаттау мақсатында атқарылатын іс-шаралардың маңыздылығына тоқталды.

Отырыста Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райым­құлова, Білім және ғылым министрі Асхат Айма­ғамбетов, Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Дәурен Абаев, Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы сөз сөйлеп, мерейтойға орай жоспарланған іс-шаралар мен жобалар туралы айтты.

Абай шығармалары шетел­дердің іргелі тілдеріне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз, неміс, түрік, жапон және итальян) ауда­рылып, шығарылады. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы бұл жобаға әртүрлі елден үздік кәсіби аудармашылар және Қа­зақстанның жетекші абай­тану­шылары қатысатынын айтты. Абай еңбектерінің халық­аралық таныстырылымын Қазақстанның елшіліктерінде, шет елдердегі оқу орындарда, зерттеу және мәдени орта­лықтарда өткізу жоспарлануда.

Халықаралық Түркі ака­демиясы да Абай еңбектерін түркі халықтарының тілдеріне аударып, шығаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Жиында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдер түсірілетіні сөз болды. Мәдениет және спорт министрлігі «Тәуелсіздік толғауы» және «Елім менің» республикалық шығармашы­лық конкурстары шеңберінде мерейтойға арналған жаңа көркем, поэтикалық, музы­калық және түрлі жанрлардағы шығармаларды жазуға оннан астам номинация тағайын­дады.

ЮНЕСКО-ның штаб-пә­те­рінде Қазақстанның үздік шығармашылық ұжымдары­ның гала-концерті және та­нымал абайтанушы ғалым­дар­дың қатысуымен ха­лықаралық ғылыми-прак­ти­ка­лық кон­ференция ұйым­дас­тырылады. Мерейтойға ар­налған ха­лықаралық кон­ферен­ция елорда төрінде өткі­зіледі. Мәдениет және спорт ми­нистрлігі және әкімдіктер ұлы ойшылдың мұраларын наси­хаттау бойынша театр­лан­дырылған қойылымдар, музей экспонаттарын, кітап көрмелерін, шығармашылық конкурстар мен фестивальдер­ді, айтыстар, экспедициялар, челлендждер, флеш-мобтар және басқа да іс-шараларды жоспарлап отыр.

Абай атындағы мем­лекеттік академиялық опера және балет театрының «Абай» операсы қойылымының Түркия, Ресей және Қытайға гастрольдері жоспарланған.

Абай шығармаларын насихаттауда білім жүйесі белсенді түрде қатысады. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, еліміздің барлық мектебінде ашық сабақтар, шығарма жазудан, ақын өлеңдері мен қара сөздерін мәнерлеп оқудан конкурстар өтеді. Абай шығармашылығын үздік білуге арналған оқу­­шылар арасындағы жал­­пы­республикалық олим­пиаданың жеңім­паздары мен лауреаттарына Л.Гумилев атындағы ЕҰУ мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқу үшін 50 білім гранты тағайындалатын болды.

абай - шакарим.jpg


Мұғалімдер мен оқыту­шылар арасында Абай шы­ғармашылығын оқыту­дың үздік әдістемесі бо­йын­­ша да конкурстар ұйым­­­­дас­­тырылады. Сондай-ақ еліміз­­дің барлық жоғары оқу оры­нында ұлы ойшылдың мұра­ларын жастар арасында насихаттауға бағытталған конференциялар мен сим­позиумдар, поэтикалық және әдеби фестивальдар, поэзия кештері форматындағы «Абай оқулары», Абай шығар­маларын үздік білу мен оның шығармаларын орындау бойынша кон­курстар, флеш-мобтар, челлендждер және басқа да әртүрлі формат­тағы көптеген іс-шара жос­пар­ланды.

Мемлекеттік комиссияның отырысында Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов ғылыми-зерттеу жұ­мыстары жөніндегі ұсы­ныс­тары бойынша сөз сөй­леді. Ол өз кезегінде Абай мұрасын жүйелеу және жаңа­ша сапалы ғылыми зер­делеу мақ­сатында Гумилев атын­дағы ЕҰУ базасында «Абай академиясын» ашу, сондай-ақ абайтану бойынша ғылыми гранттар көлемін ұлғайту қарастырылғанын айтты.

Алдағы жылы Абайдың шы­ғармашылық мұрасы және мерейтойлық тақырып елі­міздің жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының медиа жобаларында, интернетте және әлеуметтік желілерде айрықша орын алуы керек. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың қолдауымен және бүгінде жа­һандық сипатқа ие болған #МенАбайдыоқимын челлен­джі әлеуметтік желілерде ойдағыдай жалғасын табу­да. Сондай-ақ ақынның мұ­раларын цифрлау және элек­тронды форматқа көшіру шеңберінде «Абайтану» бойынша бейне және аудио дәрістер топтамасы әзірленіп, «Абай әлемі» порталы (www.abaialemi.kz) жаңғыртылады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев атап өткендей, масс-медиада және интернет желісінде кең түрде тарату арқылы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы бірнеше телевизиялық және радиобағдарламалардың, арнайы хабарлардың және басқа да медиа өнімдердің шығарылымы жоспарланып отыр.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комис­сияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсын­­ды: Семей қаласындағы әуе­жайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер сала­сындағы мемлекеттік сый­лықты Абай атындағы мем­лекеттік сыйлық деп өз­герту; Қазақстанның елшіліктерінің базасында «Абай орталықтарын» құру. 

Комиссия отырысында Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне, об­лыс­тардың, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қала­ла­рының әкімдеріне Абайдың 175 жылдық тақырыбын мемлекеттік ақпараттық сая­саттың міндетті тақырыптық тізілімге енгізуді және бұл жұмысқа республиканың және өңірлердің ең танымал БАҚ-тарын тартуды тапсыр­ды. Сондай-ақ АҚДМ және әкімдерге 2020 жылға ар­нал­ған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар арқылы шығар­ма­шылық одақтар мен үкі­меттік емес ұйымдардың ақынның мұрасын насихаттау жөніндегі жобаларына кең түрде қолдау көрсетуді тап­сырды.

Мерейтой аясында «Абай-Шәкәрім» мавзолей ке­­шені мен Абайдың му­зей-үйін, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік та­рихи-мәдени және әдеби-мемориал­дық музей-қорығын реста­врациялау жоспарға енген.

Басқосу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов облыстың күшімен Ақшоқыдағы Құнанбай әулетінің қорымы абаттандырылатынын және Абай ауданындағы бірнеше жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетінін тілге тиек етті.

Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин Мемлекеттік комис­сияға Мемлекет басшысына үш бастамамен шығуды ұсын­­ды: Семей қаласындағы әуе­жайға Абай есімін беру; Әдебиет және өнер сала­сындағы мемлекеттік сый­лықты Абай атындағы мем­­лекеттік сыйлық деп өз­­герту; Қазақстанның ел­шілік­те­рі­нің базасында «Абай орта­лықтарын» құру.

Үкімет Абай Құнанбайұ­лының 175 жылдық ме­рей­­тойын дайындау және өт­кізу жөніндегі жал­пырес­пуб­ликалық жоспардың жоба­сын Мемлекеттік ко­мис­сияның қарауына 2019 жылдың 1 қазанына дейін енгізуі тиіс.

Мемлекеттік хатшы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жө­ніндегі Мемлекеттік комис­сияның да отырысын өткізді.

– Елбасының «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» мақа­ла­сын­­да аталған ұлы есімдер ішінде әл-Фарабидің аты бі­­­рінші тұр. Оның мұрасы әлем­­­дік өр­ке­ниеттің игілігі, – деді М.Тәжин отырыстың ашы­луында.

Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Сыртқы істер ми­нистрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мерейтой ая­сында жоспарланған жоба­лары туралы баяндады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов мерейтой шеңберінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің база­сында онлайн жур­нал шығару арқылы фараби­танушылардың халықаралық орталығын құру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ол сонымен қатар «әл-Фараби және әлемдік өркениет» атты халықаралық ірі ғылыми конференцияға дайындық жұмыстары басталғанын айтты.

Жиында Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерін аудару, оларды жарыққа шығару, деректі фильмдер мен теле­радио бағдарламалар түсіру, еліміздің барлық жо­ғары оқу орынында, ғылыми жә­не мәдени ұйымдарында хал­қы­мыздың даңқты тұл­ға­сы­ның мұраларын наси­хат­тауға бағытталған кон­ференциялар, симпозиум­дер және басқа да көптеген білім, мәдени акция өткізу тапсырылды.


Әбілмансұр ЖАСАН