Алматы соты әйелдің мойнына 45 млрд теңге қарыз іле салған
Алматы соты әйелдің мойнына 45 млрд теңге қарыз іле салған
©Сурет интернеттен алынды
132
оқылды
"45 миллиард теңгеге қатысым жоқ" деп шырылдаған Алматы тұрғыны ақыры жеңіске жетті. Келісімшартта қолы болмаса да судьялар төлеуге міндеттісің деп шешім шығарғаннан кейін, өзін ақтау үшін бірталай есікті қағып, құжаттар жинап сегіз айға жуық әуремен жүрген. Тіпті, есеп-шоттарының барлығы бұғатталып, ипотекаға алған баспанасынан да сәл болмағанда айырылып қала жаздаған. Бұл жайында Еуразия бірінші арнасына жариялады.
Сол кезде оның  есеп-шоттарының барлығы бұғатталғандықтан, несиесін қалай төлейтінін білмей дал болыпты. Алайда, карантин кезіндегі жеңілдіктің арқасында банк төлеуден босатқан. Енді тек, бір ай ғана кешігіпті. Әділдік орнап, мойнына ілінген қаражатынан құтылған әйел бұл күнді асыға күткенін жеткізді. Сегіз айдан бері сандалтып, осынша әуреге салғаны үшін моральдік шығынды өтеуді әлі ойланған жоқпын деп отыр.
"Күні кеше апелляциялық сот отырысы өтті. Шыққан шешімді естігенде қуаныштан жылап жібердім, бұл жолы қазылар барлығын қаз-қалпында қабылдамай, саралап жіті тексерді" дейді Зебихон Қадырова. Айтуынша, соттың қаулысын енді бес күннен кейін бір-ақ қолдарына алады екен. Осыдан кейін есеп-шоттарды бұғаттаудан шешуге кірісемін деп отыр. Ал, апелляция кезінде өзге борышкерлерден қарызды өндіріп алу ісі сол күйі қалыпты сілтеме жасап.
Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің Фейсбуктегі жазбасынан: "Істі қайта қарау барысында жауапкер Зебихон Кадырованың несие желісін ашу туралы келісімге қол қоймағаны туралы дәлелдері расталды. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысымен Зебихон Қадыровадан 45 млрд теңге өндіріп алу туралы талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешім шығарылды. Қалған бөлігінде бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды".
Естеріңізге сала кетейік, дау өткен жылдың желтоқсан айында басталған. Компания 2010 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқандықтан, "Проблемалық кредиттер қоры" қағазда көрсетілген азаматтардан өтеп алу үшін 9 жылдан кейін сотқа жүгініген. Ешбір құжатқа қол қоймаса да борышкерлер қатарында тұрған Зебихонға қазылар қарызды өтеуге міндетті деп шешкен болатын.