«Шаңырақ» пилоттық жобасы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының жаңа бағытының бірі. Оны ҚТҚЖБ жүзеге асырады. Банк жаңа бағдарлама игілігін кім көре алатынын айтты. – Биыл «Шаңырақ» жобасы үшін бюджеттен 210 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Оның 90 млрд теңгесі біздің банкке түсті. Оған біз шамамен 7-8 мыңдай отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Жылдық мөлшерлемесі 5 пайызға тең жеңілдетілген заем алу үшін бағдарлама қатысушысы әкімдікте үй кезегінде тұруы қажет. Сондай-ақ кредит мөлшерінің кем дегенде 10 пайызындай соманы бастапқы жарна ретінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі шотында жинауы керек. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі, – деді ҚТҚЖБ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова. «Шаңырақ» жобасы аясында арзан несиені ең алдымен баспанаға мұқтаж жан ретінде 1986 жылдан 2010 жылға дейінгі мерзімді қоса алғанда әкімдік кезегіне тұрған Қазақстан азаматтары ала алады. Содан кейін «Шаңырақ» жобасын одан әрі несиелендіруге банктің қажетті қаражаты қалса, бағдарламаның екінші кезеңінде әкімдіктер кезегіне кейінгі жылдары тіркелген азаматтар шақырылуы мүмкін. Бағдарлама аз қамтылғандарға арналған: оған қатысу үшін соңғы 6 ай ішінде отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табысы 3,1 күнкөріс шегінен (2020 жылдың 1 сәуірінен бастап ол 32 668 тең-геге тең) аспауы керек. Яғни, 2020 жылы отбасының әр мүшесіне келетін табыс көлемі 101 271 теңгеден аспауы тиіс. Бағдарлама бойынша тек жаңадан тұрғызылған тұрғын үйді сатып алуға болады. Қайталама нарыққа бағдарланбаған. «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша пәтер салатын құрылыс компанияларының тізімін hcsbk.kz сайтынан жүктеп алуға болады. Ал әкімдіктер тұрғызған несиелік тұрғын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы Алматы қаласында – 240 мың теңгеге дейін, Нұр-Сұлтанда – 220 мың теңгеге дейін, Шымкентте және Алматының қала маңы аймақтарында – 200 мың теңгеге дейін, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан, Қарағанды қалалары мен Қарағанды облысында – 180 мың теңгеге дейін, басқа өңірлерде 160 мың теңгеге дейін тұрады.
Айхан ШӘРІП