Министрліктің және жергілікті әкімдіктің өкілдерінен құралған делегация тұрғындардың шағымы бойынша Ақмола облысындағы Степногор қаласының іргесіндегі Бестөбе және Ақсу кеніштерінде осы бағалы металды өндірумен айналысатын компаниялар тобын тексеріп шықты. Осының алдында кеніштер айналасындағы ауылдардың тұрғындары лас ауамен тыныстауға мәжбүр екенін, шаңның ортасында қалғанын айтып шағымданған. Тексеру барысында желді күндері Бестөбе, Ақсу және Заводское ауылдарын шынымен де улы шаң басатыны расталды. Сондай-ақ ешқандай мемлекеттік экологиялық қорытындысыз-ақ ауыл іргесінде кеніштердің зиянды қалдықтарын сақтау орны мен фабрика құрылысының басталғаны анықталды. Тұрғындардың мәліметінше, «Алтын алмас» компаниялар тобына қарасты Аqsu technology бұл екі нысанды тұрғындардың келісімінсіз салып алған. Заң бойынша инвестор жергілікті тұрғындар арасында тыңдау өткізуі тиіс-тін. Ал алтын өндіруші компания өкілдері мұндай қадамға қалдықтарды сақтайтын орын қалмағандықтан барғанын айтып ақталды. Министрлік бәрібір құрылыс жұмыстарын тоқтатып, кәсіпорынды жауапкершілікке тартты. Ведомствоның Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің өкілдері компания басшыларына шұғыл түрде қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алуды талап етті. «Егер жергілікті тұрғындар кеніштің жұмыс істеуіне келіспесе, онда мемлекеттік экологиялық оң қорытынды берілмейді. Компания қайтадан қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алып, тиісті құжаттарын заңдастырғанда ғана құрылысын жалғастыра алады», – деп мәлімдеді комитет төрағасы Зулфухар Жолдасов. Алтын өндіруші инвестор ондай келісімге қайткенде де қол жеткізуге бел буып отыр. Олар ауылдықтарға жергілікті мәселелерді шешуге, әлеуметтік жауапкершілік танытуға уәде етеді. Сондай-ақ ескі қалдықтарды сақтау орындарын рекультивациялауға және бірінші кезекте осы ауылдың тұрғындарын жұмысқа қабылдауға әзір екенін хабарлады. Демек, халық пікіріне құлақ асылады және көп нәрсе жергілікті тұрғындардың табандылығына байланысты болмақ.
Ерік ЕРДЕНОВ