Сенат төрағасы Дариға Назарбаева сенаторларға халыққа жақын болуды жүктеді. Жоғарғы палатаның осы сессиядағы алғашқы Бюро отырысында Дариға Нұрсұлтанқызы Мемлекет басшысы белгілеген билік формуласы – «Қуатты Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» толық көлемде жұмыс істеуі үшін депутаттар барлық шараны қабылдауы тиіс екенін нықтады. «Уақыт бізден жаңаша ойлауды, зор жауапкершілікті талап етеді», – деді Сенат басшысы.
Парламенттің жоғарғы палатасы қызметін одан ары автоматтандыру жайына тоқталған ол өз әріптестерін ақпараттық мүмкіндіктерді белсенді пайдалануға және электронды форматтағы жұмысқа көшуге шақырды.
Сенат төрағасының тапсырмасы бойынша палатаның ресми сайты жаңғыртылды. Ол азаматтармен, мәслихаттармен және аймақтармен өзара байланыс орнатуға бағытталған.
«Бұл депутаттарды ондағы парақшаларына ұдайы маңыз беруге, олардың атына келіп түскен өтініштер мен ұсыныстарға жедел назар аударуға міндеттейді», – деді Д.Назарбаева.
Бюро отырысында Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров сенаторлардың өңірлерге сапары туралы хабардар етті. Депутаттар еліміздің барлық облысының ірі елдімекендерін ғана емес, сондай-ақ шалғай ауылдарды да аралады. Олар Арыс қаласын қалпына келтіру, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету мәселелерін көтерді.
«Жергілікті тұрғындар көтерген түйткілді мәселелердің бірқатарын алдағы жұмысымызда заңнамаға түзетулер енгізу арқылы немесе тиісті мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдар жолдау тәртібімен олардың шешімін табуға мейлінше ықпал ететін боламыз» деп сендірді Б.Бекназаров.
Бұл ретте палата басшысы осы күздегі негізгі құжат – республикалық бюджет туралы заң жобасы болатынын нықтады.
«Республикалық бюджет бойынша жұмыстарды бүгіннен бастаған жөн. Сондай-ақ Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен Жолдауын биылғы жылдың және сессияның соңына дейін жүзеге асыру үшін қабылдануы қажет бірқатар заң жобасы бар», – деді Д.Назарбаева.
Бұдан бөлек, жиында 27 қыркүйекте Сенатта «Заң шығару үдерістерін одан ары жетілдіру» тақырыбы бойынша парламенттік тыңдау өтетіні айқындалды. Оған дайындық жұмыстарымен Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті айналыспақ.
Сенат төрағасы парламенттік тыңдаулардың сипатын өзгерту керегін қаперге салды. Бюро мүшелері шараның нәтижелі болуы үшін бірқатар ұсынысын ортаға салды. Атап айтқанда, көкейкесті мәселелерді көтеру, жұртшылық өкілдері мен сарапшыларды парламенттік тыңдауларға шақыру, құқық қолдану тәжірибесіне баса назар аудару ұсынылды.
– Заңдардың орындалуы бойынша мониторинг жасау құқығы бізде жоқ. Демек, талқылау және заңға тиісті түзетулер енгізуді ұсыну керек. Ауқымды жұмыстарды атқарып келеміз, заң жобаларын әрбір үтір-нүктесіне дейін қараймыз, түзетулерімізді енгіземіз. Бірақ ол заңның одан ары қалай жұмыс істейтінін көре алмаймыз. Сөйтіп бізге заңнан кейінгі құжаттар базасы заң ережесіне сәйкес келетін-келмейтіні белгісіз болып қалады. Мұндай тәжірибеден бас тарту керек, – деді Дариға Назарбаева.
Елдос СЕНБАЙ